Қазақстанның құрылыс саласы қарқынды дамып келеді
Елімізде құрылыс бәсеңдеген жоқ. Оған дәлел жетіп-артылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде ел экономикасының дамуына ықпал ететін құрылыс саласындағы маңызды бағдарламалар кезең-кезеңмен орындалып келеді. Мәселен, Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы, «Жол картасы», «Ғасыр жобасы» атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы да қарқын алып келеді. Біз бүгінгі тақырыпта Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына байланысты Қазақстанда қарқын алған маңызды жобаларға аз-кем тоқталғанды жөн көрдік.
2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы Елбасының идеясымен жүзеге асып отыр
Тәуелсіздік алғаннан кейін біз нарықтық жолды таңдадық. Нарық заңына орай, тұрғын үйдің бағасы қымбаттады. Оның үстіне, халықтың ауылдан қалаға үдере көшуі тұрғын үйге деген сұранысты жоғарылатты. «Үйі жоқтың күйі жоқтығын» ескерген Елбасы «Жаңа тұрғын үй саясаты туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша 2005-2007, 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Бір қуанарлығы, бұл бағдарламалар бұдан кейін де тоқтап қалмайды. Осы бағдарламамен қатар 2011-2014 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылданды. Яғни бұл бағдарламада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, үйдің бағасының 50 пайызын жинасаңыз, қалған 50 пайызын аталмыш банк жылдық 5 пайыз несиемен кредит береді. Одан кейінгі екінші бағыт, 40-40-20. Демек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 40 пайыз несие береді, екінші деңгейлі банктер – 40 пайыз, оны қай банктен алатыныңызды өзіңіз таңдайсыз, ал 20 пайызын өзіңіз жинайсыз. Елбасы бұл жөнінде: «Тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа, 2011 жылғы бағдарламасын жүзеге асыру үшін республика бойынша мемлекеттен 670 млрд теңге бөлінді. Егер ешқандай шара қолданбағанда, тұрғын үй құрылысының тең жартысы тоқтаған болар еді. Дағдарысқа дейінгі кезеңде Қазақстан жыл сайын 6 миллион шаршы метрді пайдалануға беріп отырды. Былтырғы жылы ол 3 млн шаршы метрге дейін төмендеді. Сондықтан мен жаңа идея ойлап, тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын ұсындым. Мұны іс жүзінде жүзеге асыруға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді. Егер біздің экономикамыз мұны алып кете алмаса, бастамас едік. Қазынамызда қаржы болмаса не істер едік? Сондықтан осындай бағдарлама жасап шығардық. Жаңа бағдарламаның үш бағыты бойынша елімізде 6 млн шаршы метр пәтер салынады. Осылайша жобамен 350 мың отбасын немесе 1 миллиондай адамды баспанамен қамтамасыз ете алатындай әлеует бар. Көптеген жұмыс орындары ашылды. Міне, бұл мемлекет жасап жатқан үлкен мүмкіншілік деп есептеу керек. Осы қарқынмен дамитын болсақ, келешекте тұрғын үй мәселесін шешетін боламыз», – деген еді.
Асқақтаған Астана
Елімізде құрылыс саласының қарқын алғандығының айқын айғағы – Астана қаласының бой көтергендігі. 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекеттің астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы батыл шешім қабылдады. Одан кейін шетелдік мықты-мықты сәулетшілерді шақырып, Астананы қысқа мерзімде адам танымастай етіп өзгертті. Қаланың ортасынан ағып өтетін Есіл өзенінің екі жағындағы қалың өскен қамыстың орны бүгінде қала халқы демалатын жағажайға айналды. Қазақстан Республикасы Президентінің ғимараты, Үкімет пен елдің Парламент ғимараттары, халықаралық корпорациялар мен дипломатиялық миссиялардың кеңселерінің орналасқандығы ғана емес, қала қазақстандықтардың Отанына деген мақтаныш сезімін оятатын, шетел қонақтарының көңілін толтыратын қайталанбас сәулет бейнесімен ерекшеленді. Аз ғана уақыттың ішінде біздің елордамыз әлем жұртшылығына танылып қана қоймай, өзіндік бастамаларымен дүние жұртшылығын елең еткізер саясат сахнасына, мәдениет ордасына айналды. Елордамыз – талайлардың күмәнмен қараған көзқарастарына тойтарыс берген Елбасының ерен еңбегінің айдай жаршысы. Әлемнің дамыған елдерінің өзінде құрылыс индустриясын тұралатып, қуатты экономикаларды репрессияға ұшыратқан жаһандық қаржы дағдарысы кезінде де Астана құрылысының тоқырауға төтеп бергендігі белгілі. Қаржы тапшылығы қыспаққа алған дағдарыс кезінде Елбасы бас қаланың маңызды құрылыстарының тоқтамауына, әсіресе, алданып қалған үлескерлердің мүддесін қорғайтын тұрғын үй кешендерінің құрылысын жандандыруға батыл қадам жасады. Міне, осындай көрегендік, жанашырлықтың нәтижесінде, өткен жылы ондаған тұрғын үй кешендері пайдалануға беріліп, мыңдаған астаналықтардың қоныс тойын тойлауына мүмкіндік берді.
«Жол картасы» – көңілден шыққан бағдарлама
Дүниежүзілік қаржы дағдарысы алқымнан алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қызметкерлерді жаппай қысқартудан сақтап қалу үшін «Жол картасы» бағдарламасының пайда болуына ықпал етті. Қазіргі таңда «Жол картасының» дағдарыс кезінде елімізге айтарлықтай көмегі тигенін байқап отырмыз. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2009-2010 жылдары, яғни бір жылдың ішінде ел өңірінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реконструкциялау жөнінде 862 жоба іске асырылып, 737 шақырым электр желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау желілері, 284 шақырым жылу трассасы, 4793 шақырым автожолдар, 3657 мектептер мен ауруханалар, сондай-ақ 368 мәдениет пен спорт нысандары жөнделді. Жол картасын және экономиканың болашақ сұранысын іске асыру үшін 100 мыңнан аса қазақстандық тегін, мемлекет есебінен екінші мамандық алды, неше түрлі қайта даярлау курстарынан өтті. Осының нәтижесінде 320 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. «Біз бұл бағдарламаны тоқтатпаймыз, әлі де жалғасын табатын болады. Бірақ енді бағдар өзгеріп, аудан-ауылдарда шағын, кішігірім өндірістер ашылуы тиіс. Ендігі негізгі басымдық шағын өндірістерді ашуға жұмсалады», – деді Елбасы. Осы ретте «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қолға алынып, табысты жүргізілуде. Бұл қарқынмен жүре берсек, әлі талай жетістіктердің куәсі боларымыз анық.
«Ғасыр жобасы»
«Ғасыр жобасы» атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы – еліміздегі және әлемдік ауқымдағы ірі жобалардың бірі. Оның құны 825 миллиард теңге деп бағаланып отыр. Керуен жолының Қазақстан бойынша жалпы ұзындығы 5126 шақырымды алып жатыр. Көпшілік жаңа жұмыс орындарының ашылғанына, сырттан тартылатын инвестицияның көбейгендігіне қуанып отыр. Бұл жоба экономикамызға тың серпіліс береді. Біріншіден, жолымыз жақсарады. Шетелді айтпағанның өзінде, өз ішіміздегі жүк тасымалы дамиды. Жолды қайта салу барысында жергілікті халық жұмыспен қамтылады. Екіншіден, қызмет көрсету сервисі жоғарылайды. Жол бойында мейрамхана, қонақүй, машина жөндеу орталықтары ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Сол арқылы салықтан бюджетке қаражат түседі. Үшіншіден, жол ақылы болып, ол жол сапасының бұзылмауына себепші болады. Жалпы, бұл жоба 2019 жылы аяқталады деп күтілуде. ҚР көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының жүзеге асырылу мерзімдерін атады: Қызылорда және Ақтөбе облыстарында – 2012 жылы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында 2013 жылы аяқталады.
Қазақстанның құрылыс саласы одан әрі дами бермек. Елдің бірлігі, татулығы нығайған сайын оның экономикасы көтеріліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара беретіні сөзсіз. Ахуалымыз жақсарса, дамыған 50 елдің қатарына қосылу қиындық туғызбайды.
Жанат ҚАНАТҚЫЗЫ, Алматы қаласының тұрғыны:
Алматыдай үлкен мегаполисте баспана мәселесі, әсіресе жас жанұялар үшін өте қиын. Жас жанұяның аяғынан тік тұрып кетуі, жанұядағы балалар саны басыңда баспанаңның болу-болмауымен өлшенетіні рас. Сондықтан 2005 жылы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына жас жанұя ретінде жеңілдетілген пәтер алу үшін құжаттар тапсырдық. 2009 жылы тамыз айында аяқ астынан Тұрғын үй басқармасынан хабарласып, үйіміздің кілтін алып кетуімізді сұрады. Қуанышымызда шек болмады. Бүгінде Алматы қаласының шетінен жаңадан бой көтерген «Көкжиек» ықшамауданында екі бөлмелі үйде тұрып жатырмыз. Бірнеше жылға бөлініп тасталған, жеңілдетілген үйдің бағасы әрі арзан, әрі жас жанұялар үшін төлеуге өте ыңғайлы. Жаңадан бой көтерген жас ауданда тұрғын үйлермен қатар, екі балабақша, бір емхана бой көтерген. Жақында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, мектеп пен мектепке дейінгі шағын орталық ашылады деп күтілуде. Мұның бәрі Елбасының жас жанұяларға жасап отырған көреген саясатының арқасы деп білемін.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы
Есімхан ӘБІШЕВ, краншы:
– Қ.А.Ясауи колледжінде тауар сертификаттаушы мамандығын алған болатынмын. Алайда ол мамандық бойынша жұмыс таба алмадым. Біршама уақыт жұмыссыз жүрдім. Одан кейін «Жол картасы» бағдарламасы бойынша краншы мамандығын алу үшін үш айлық қайта даярлау курсынан өтіп, арнайы сертификат алдым. Қазір Алматыдағы ірі компаниялардың бірінде мұнара краншысы мамандығымен жұмыс істеп жатырмын. Айлық жалақым да жаман емес. Жалпы, «Жол картасы» бағдарламасы аясында екінші мамандық алуым маған үлкен көмек болды. Осы жоба бойынша тегін маманданып, слесарь, монтаждаушы, сылақшы, сырлаушы, тас қалаушы, ағаш шебері, тракторшы-машинист секілді кәсіптерді игерген көптеген жастар жемісті еңбек етіп жүр. Сондықтан көпшіліктің көңілінен шыққан мұндай бағдарламалар елімізде көптеп жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Шынар ДОСАНОВА, Астана қаласының тұрғыны:
– 2006 жылы Түркістан қаласында университет бітіріп диплом алған соң, болашағымды жас астанамен байланыстыру мақсатында Астана қаласына жол тарттым. Осы қалада отбасын құрып, балалы-шағалы болдым. Бүгінде болашағымызды жас қаламен байланыстырып, өсіп-өніп жатқанымыз үшін отбасымызбен қуаныштымыз. Жолдасым да, өзім де жас қаланың одан әрі гүлденуі үшін қызмет етіп келе жатқанымызға қуанамыз. Күн өткен сайын Астанада сан түрлі ғимараттар бой көтеріп келеді. Оны көріп, еріксіз жігерленесің, еліміздің ертеңінің жарқын екеніне көз жеткізесің. Астана – жастықтың, жігердің қаласы. Мен Астананың тұрғыны болғаныма мақтана аламын. Астананың тұрғыны бола жүріп, көзтартар ғимараттардың аз ғана уақыт ішінде қалайша тез бой көтеріп қалғанын байқамай қаламыз. Айналып келгенде мұның барлығы – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Сондықтан Тәуелсіздік қадірін ұғына білсек екен.