Қазақстанның жел-энергетикалық әлеуеті
Біздің еліміз жағрафиялық жағынан ғаламшардың солтүстік жел белдеуінде орналасқан. Сондықтан өңіріміздің солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс бағыттарында қатты екпіндегі ауа ағындары жүріп тұрады. Қазақстанның кейбір аймақтарында желдің жылдық орташа жылдамдығы 6 м/с құрайды, сондықтан осы өңірлерде энергияның балама көзін дамыту ыңғайлы деп саналады. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы желден туындайтын энергия потенциалы жылына 929 млрд кВт/сағ. құрайды.
Аймақтар бойынша БҰҰ-ның Дамыту бағдарламасының жел энергетикасы жөніндегі жоба аясында жүргізілген зерттеу мына өңірлерде жел электр стансысын салуға қолайлы деп қорытындыланған: Оңтүстік – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Батыс – Маңғыстау және Атырау облыстары, Солтүстік – Ақмола облысы және Орталық – Қарағанды облысы.
Таяуда «Алғашқы Жел Электр стансысы» ЖШС қуаттылығы 45 МВт-ты құрайтын Ерейментау алаңқайында Жел электр стансысы құрылысы жобасының басталып кеткенін хабарлады. Бұл стансының техникалық-экономикалық негіздемесін «Энергия институты» Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименттік институты әзірлеген.