Тарих тереңінен – болашақ биігіне
Өзінің жүріп өткен жолында қандай із қалды, сондай-ақ алда не күтіп тұрғанын білу үшін адам артына бір қайырыла қарайды. Сол секілді Тәуелсіздік алғалы көтерілген жаңа белестерімізді таразылау үшін бізге тарихқа шолу жасау аса маңызды. Бар мен жоғымызды түгендеу мақсатында Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдағанын білеміз. Аталған бағдарламаның барысында қол жеткізген жетістіктеріміз, жалпы, Тәуелсіздік таңындағы тарихи жетістіктеріміз жайын өзіміз үшін бір түгендеп қойғанымыз артық етпес.
Кезінде Қадыр ағамыз қазақ тарихының бай тарих, бірақ оқулығы жіңішке екенін күйіне жырлап еді. Ал енді сол өткенде кеткен «кегіміз» қайтып, ел тарихы том-том болып жазылып жатқаны – қалпағымызды аспанға атып айтар қуаныш. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының бүгінде бірінші және екінші кезеңін еңсеріп үлгеріппіз. Алғашқы кезеңінде 3 миллиардқа жуық, екінші кезеңінде 4 миллиард қаржы бөлінді. Бұл аз сома емес! Соның арқасында талай археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи ескерткіштер өңдеуден өтті. Қазақ тарихына қатысты ағылшын, неміс, француз тілдерінде жазылған батыс ғалымдарының еңбектері қазақ тілінде басылды. Ең негізгісі, Қазақстан тарихшылары көрші Ресейді айтпағанда, Қытай, Ватикан, Франция, Германия және басқа елдердің мұрағаттарында көз майын тауыса жұмыс жасап, нәтижесінде бұрын-соңды біздің қолымызға тимеген материалдар көптомдық кітап болып жарыққа шығуда. «Өнер» баспасы қазақ тарихына қатысты қытай тіліндегі деректік материалдарды қазақ тілінде екі том етіп шығарды. Қытайдағы қандастарымыздың арасындағы ғалымдардың арқасында «Ежелгі үйсіндер тарихы», «Ұлы Түрік қағанаты» атты еңбектер шықты. Осының бәрі – мемлекеттік Тәуелсіздік жағдайында «Мәдени мұраның» аясында қол жеткізген жетістік. Бұл – Тәуелсіздіктің нәтижесі!
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Біздің өз арамызда «қазақ тарихы дағдарыста» деп айқай салып жүрген ғылым докторы, профессор атағы барлар кездеседі. Міне, солардың өзінен мен: «Айналайын-ау, ғылым дағдарыста болса, онда өзің не бітіріп жүрсің, жаңа сапаға шығаруға өзің қандай үлес қостың?» деп сұрар едім. Шүкір, Тәуелсіздік алғалы бері тарих ғылымында біраз жағымды өзгерістер бар. Атап айтар болсақ, тарихшы Зардыхан Қинаятұлы бастаған ғалымдар тобы «Қазақ мемлекеттігінің тарихы» атты зерттеу еңбегін жариялады. Жақсы еңбек. Сосын Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына байланысты, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс, Алаш қозғалысына арналған іргелі еңбектер жарық көруде. 20 жыл ішінде, әрине, бұдан да көп іс атқаруға болар еді, бірақ ол үшін тарихшылардың көзқарасы, ұстанымы өзгеруі керек. Ал ол баскиім ауыстыра салғандай оп-оңай шаруа емес, уақыт керек. Енді бізге осыншама мұраны жоғары дәрежеде қорыта алатын тарихшы мамандардың жаңа буыны керек. Себебі көне кезеңдегі қазақ жеріндегі мемлекеттік құрылымдар мен орта ғасырдағы, жаңа замандағы мемлекеттік құрылымдар арасындағы сабақтастық әлі де болса толық шешімін таппаған, ал оны зерттеу – жас буынның еншісінде.
Түйін
Әлем ойшылдарының бірінде: «Тарихшының отбасы болмауы керек, ол жеке бастың тірлігін ұмытуы керек» деген сөз бар екен. Шүкір, жағдайымыз біршама дұрысталды, демек, таяу болашақта тарихшыға «міне, саған қаржы, отыр да, тек тарихты жазумен айналыс» деп қомақты қаржы бөлетін күн де туар. Және сол кезде өмірдің басқа қызықтарын тәрк етіп, тек тарих жазуға отыратын ғалымдар да өмірге келер.