Тәуелсіз елдің парламентаризмі
Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі келбетінің қалыптасуына 1995 жылғы саяси оқиғалар шешуші рөл атқарды десек те болады. Сол жылдың тамыз айында қабылданған ел Конституциясы Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі өзгертті. Қазақ елінің заң шығарушы органы кеңес кезіндегідей Жоғарғы Кеңес аталып келген еді. Нағыз демократиялы мемлекеттердегі сияқты қоспалаталы Парламенттің түзілуіне осы Негізгі заң себепкер болды.
Парламентаризм тарихы
Бірінші сайланған Парламент – 1996-1999 жылдар
Парламентте Сенат пен Мәжіліс деп аталатын қос палата құрылды. 1995 жылдың желтоқсан айында жаңа Конституцияға сәйкес Сенат пен Мәжіліске жалпыхалықтық сайлау өткізілді. Ал тікелей халықтың таңдауына ие болған депутаттар өз мандаттарын 1996 жылдан бастап пайдалана бастады. Осы жылдың 30 қаңтарында қос палатадағы халық қалаулылары өздерінің алғашқы отырыстарын өткізді. Парламент алғаш құрылған уақытта Сенатта (1999 жылға дейін) 44 депутат, ал тарихта Оспановтың құрамы деген атпен қалған Мәжілісте 67 халық қалаулысы жұмыс істеген екен.
Екінші сайланған Парламент – 1999-2004 жылдар
1999 жылдың күзінде енгізілген конституциялық өзгерістерге сәйкес алғаш рет Орталық Азия өңірінде аралас жүйе бойынша Мәжіліске сайлау өтті, бұл саяси партияларға тең өкілдік негізінде партиялық тізім бойынша Парламентке сайлану мүмкіндігін берді. Сайлау қорытындылары бойынша бір мандатты округтер бойынша 67 депутат және біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Ал 2003 жылы Сенатта 39 депутат болды.
Үшінші сайланған Парламент – 2004-2007 жылдар
1999 жылғы қыркүйекте алты жыл мерзімге сайланған 16 сенатордың сайлауы 2005 жылғы тамызда өтті. Жаңадан сайланған сенаторларды қосқанда 2005 жылғы желтоқсанда Парламент Сенатында 39 депутат өз қызметін атқарды. Ал Мәжіліс сайлауы 2004 жылдың қыркүйек айында өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысты. Сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 77 депутат сайланды.
Төртінші сайланған Парламент – 2007 жылдан бері
Ата Заңымызға 2007 жылдың мамыр айында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес төртінші сайланған Парламент палаталарының жаңа құрамы 2007 жылғы тамызда қалыптастырылды. Жоғарғы палатаға Президент тағайындайтын депутаттар санының 15 адамға дейін ұлғаюын көздейтін өзгерістерге сәйкес, Президент 2007 жылғы 28 тамызда қосымша сегіз сенаторды тағайындады. Жаңартылған Конституцияға сәйкес Мәжіліс 107 депутаттан тұрады. Олардың 98 депутаты 2007 жылғы 18 тамызда жеті саяси партиядан біртұтас жалпы ұлттық округ бойынша жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланса, тоғыз депутат 2007 жылғы 20 тамызда Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан мандат иеленді. Тәуелсіз елімізде қалай болғанда да «заң шығарушы органға халықтың өкілдері өту керек» деген ұстаным сақталып отырды. Сайлау кезінде белгілі бір мөлшерде дауыс жинай алмаған саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдар да тыс қалған жоқ. Парламент Мәжілісінің жанынан 2007 жылы Қоғамдық кеңес құрылып, саланың дамуына үлес қосу үстінде.
Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің 15 жылдағы жұмысы
Қазір Парламент палаталарының әрқайсысында жеті комитеттен жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде әрбір сала бойынша қабылданатын құжаттардың өміршең болып халыққа жұмыс істеуін қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз. Кәсіби қоспалаталы Парламент осы уақыт аралығында 1800-ден астам заң қабылдап, қоғамдық мәселелерді реттеуге күш салып келеді. Заңгерлер қауымының айтуынша, Парламент тәжірибе жинақтап, кемелдену үстінде. Өткен 15 жыл ішінде еліміз дипломатиялық қатынастар орнатып, әріптес мемлекеттердің заң шығарушы органдарымен тығыз байланысып, халықаралық парламенттермен де тәжірибе алмасты. Атап айтар болсақ, ТМД Парламенттік Ассамблеясына, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясына, түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясына, тағы басқа ұйымдарға мүше. Еуропа мен АҚШ-тың конгресмен, депутаттарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Демократиясы кемелденген мемлекеттердің заң шығарушы органының депутаттарымен арадағы қатынас тәуелсіз жас мемлекеттің заң шығару саласының өркендеуіне үлес қосуда. Қоғамда бірпалаталы Парламент болу керек дейтіндер де бар. Алайда еліміздің дамуына, қоғамдық қатынастарды реттеуге септігі тиген әрбір заңда Сенаттың да өзіндік қолтаңбасы қалды. Жоғарғы палатаның 15 жыл ішіндегі жұмысы Сенаттың қоғамға, мемлекетке керектігін дәлелдеді.
Парламентаризм деректері:
• Әзірге төрт Парламенттің ішінде екінші сайланған депутаттық корпус қана бес жыл қызмет істеді.
• Төртінші сайланған Мәжіліс тарихта құрамы бір ғана партия мүшелері болуымен қалады.
• 15 жыл ішінде Сенатты да, Мәжілісті де төрт төраға басқарды.
• Екі бірдей шақырылымда төраға болған Орал Мұхамеджанов қана.
• Роман Мәдинов, Тито Сыздықов, Ерлан Нығматулин, Иван Чиркалин сынды халық қалаулылары 1999 жылдан бері депутат. Олар үш сайланым қорытындысы бойынша Мәжілісте жұмыс істеп келеді.
• 1996-1999 жылдар аралығында 13 нәзікжанды депутат болды. 1999-2004 жылдар ішінде олардың саны кеміп, қос палатада жалпы саны 11 әйел депутат қалды. Үшінші сайланған Парламентте 10 нәзікжанды саясаткер болса, 2007 жылы олардың саны күрт артып, депутаттық мандатқа иелік еткен әйелдердің саны 17-ге дейін жетті.
• Посткеңестік елдердің ішінде сегіз мемлекет өзінің заң шығарушы органын Парламент деп атаса, қалған жетеуі өз тілінде ресми ат қойған.