Тәуелсіздіктің бүгінгі тірегі де, ертеңгі тілегі де – тұрақтылық
Тәуелсіздіктің 20 жылдығында жаңа мемлекеттің іргесі сапалы қаланды, экономика қарқындап, қауіпсіздік берік қолға өтті. Бұндай нәтиженің өзегі – елдің бірлігі мен ұлттардың ынтымағы. Айрандай ұйыған бірліктің арқасында ғана Қазақстан толайым табыспен 20 жылдық межені еңсеріп отыр. Ал ондай бірлікті өзіміз ғана емес, әлем елдері де мойындауда. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Людмила Хочиевамен сұхбат барысында да осы мәселеге баса назар аударған едік.
– Людмила ханым, Тәуелсіздіктің 20 жылдығындағы басты жетістік ретінде қай мәселені атар едіңіз?
– Расында да, аз мерзім ішінде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері толайым. 20 жыл ішінде жас мемлекет ғасырға бергісіз жұмыстарды атқарды. Оны бір саладан ғана емес, әрбір саладан көруге де болады. Мәселен, әлемдік өркениетті жұртпен ықпалдасуға негізделген сыртқы саясатымызды алып қарайық. Тәуелсіздік жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қауымдастық алдына ұсынған бастамасын көптеген беделді ұйымдар пайдаланды. Жаңа ғана Тәуелсіздігін жариялаған мемлекет өзінің елдік өнегелігін арттырып, көптеген істерде басқаларға бас бола алатындығын дәлелдеп берді. Біздің беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауымыз да соның жарқын айғағы. Қазіргі әлем біздің мемлекетімізді Батыс пен Шығыс арасындағы буфер, яки аралық мемлекет ретінде қабылдай бастады. Ал олай болуға негіз қане? Бұндағы негіздің түп төркіні – тыныштықта, тұрақтылықта. Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпіріндегі көптеген ел осындай тұрақтылық пен тыныштыққа аса зәру. Ендеше осы жылдардың ішіндегі біздің ең басты жетістігіміз – тұрақтылық. Өйткені тұрақтылық болмаған жерде, тыныштық бұзылған жерде экономикалық өрлеу де, елдік өсу де болмайды. Ондай ел әлемдік қауымдастық алдында бастама көтермек түгіл, өзінің ішкі дүниесіндегі арпалыстан қолы босамайды. Ал қазақстандық тұрақтылықтың негізін қалаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы екені даусыз. Тұңғыш Президент жас мемлекетті қалыптастырғанда осы мәселеге баса назар аударып, соның арқасында гүлденген елге айналдық. Қазақтың жақсы мақалы бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?» деген. Осы тұрғыдан алғанда елдің бағына туған Елбасы жұртымыздың нағыз Көшбасшысына айналып отыр.
– Ел бірлігі мен ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгісін жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орнына тоқталып өтсеңіз? Ассамблеяның тәуелсіздікті тұғырлы етуге қосқан үлесі нешік?
– Жоғарыда айтқанымыздай, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Мемлекет басшысы ұлтаралық татулық, конфессияаралық келісімге баса назар аударды. 1992 жылдары Халықтар ассамблеясы туралы мәселе көтеріліп, 1995 жылы бұл ұйым құрылды. Соның арқасында көпұлтты Қазақстанның ұлтаралық сауатты саясаты бекіді. Жалпы, өз басым ұлттарды ұйытуда қазақ халқының өзіндік менталитетін татулықтың өзегі деп айта алар едім. Осындай ұлы халықтың қарапайымдылық қасиеті, үлкен адамгершілік жүрегінің арқасында көптеген ұлыстар Қазақстанды «Отаным» деп қабылдап отыр. Онда да қазаққа деген ықыластың орны ерен. Қазақ халқының өзі де «Ынтымақты елдің — ырысы мол», «Ырыс түбі – ынтымақ» деген дана сөздің бекер айтылмағанын біледі ғой. Осындай даналықтың арқасында біз бүгінде — тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтастай халыққа айналдық. Яғни, ортақ Отанымыз Қазақстанның қарыштап дамуы елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігінің арқасы дер едім. Сондықтан да бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше. Ұйымның басты қызметі – ел тұрақтылығы. Жоғарыда айтылғандай тұрақтылық болса ғана даму болады. Ассамблеяның бүгінгі жұмысы да осы тұрғыдан алғанда зор жауапты. Сонымен қатар Ассамблея Қазақстан халқының бірлігі мен патриотизмін нығайту бағытында да көптеген іс-шаралар атқарып жатыр. Мәселен, Ассамблея тіл саясатын жүзеге асыруға белсенді қатысуда. Бұған көптеген дәлелдерді де келтіре аламын. Ең бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы біздің еліміз бейбітшілік пен келісімнің диалогтық алаңы ретінде танылып келеді. Бүкіл жер-жаһанның қауымдастығы алдына этникаралық толеранттықтың қазақстандық үлгісін паш еттік. Бұндай өнегелі тәжірибеге көптеген елдер назар аудара бастады. Осының өзі Қазақстанның Тәуелсіздігінің арқасында болған зор ілгерілеушілік деп білемін.
– Расында, мемлекеттік тіл – Қазақстан халықтарын біріктіретін фактор. Осы мәселеге қатысты пікіріңізді кеңірек жеткізе түссеңіз?
– Мен қазақша сөйлеймін, мемлекеттің патриоты ретінде оның тілін құрметтеймін. Өйткені бұл мемлекет – менің Отаным. Қазақстанның тіл саясаты да әуелбастан сауатты қалыптасты деп ойлаймын. Бұрынғы Кеңес одағынан шыққан басқа мемлекеттердегі секілді бірден тілдік төңкеріске кіріскен емеспіз. Түсіністікпен қарадық. 20 жыл бойы тілдік қысастық көрмеген басқа ұлттардың өз тілін білулеріне жағдай жасалып келді. Мемлекеттік тілді білемін деп талаптанушыға да қаржы бөліп келеді. Сондықтан да, қазақты сыйлаған басқа ұлт қазақтың тілін де сыйлауы керек, білуге тиіс деп ойлаймын. Ал ондай тіл үйрету мәселесін еліміздің барлық балабақшаларынан бастаған дұрыс. Сонда ғана біз патриот ұрпақты тәрбиелей аламыз. Бұдан бөлек, балабақшада тек тілді ғана емес, қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі де сіңірілсе жақсы болар еді. Өйткені жаһандану заманы кез келген мемлекеттен ұлттық өнегелілікті талап етеді.
– Тәуелсіздігімізді тағылымды ете түсу үшін қандай мәселеге баса назар аудару керек деп ойлайсыз?
– Қазақстан – жасампаз ел. Мемлекет Тәуелсіздігінің алғашқы жылында-ақ өзінің бейбіт таңдауын жасап, ядролық қарудан бас тарту арқылы әлем үшін үлкен өнеге көрсетті. Біздің әлемдік үлкен сенімге ие болғанымыз да сондықтан. Жалпы «тәуелсіздік» ұғымы көп мәселені білдіреді. Бұнда мемлекеттің тілі де, оның территориясы да, экономикасы да, азаматтарының әлеуеті де, керек десеңіз, ұлттың жетілуі де үлкен рөл атқарады. Мәселен, біз көптүрлі ұлттармен қарым-қатынас жасаймыз, көпұлтты санаймыз өзімізді. Солай бола тұрса да, біз Тәуелсіздік мәселесінде жұмылған жұдырықтай бола алмасақ, онда тағылым да болмайды. Ендігі уақытта біздің егемендігіміз де, біздің Тәуелсіздігіміз де бізден тек осыны ғана талап етеді. Яғни, Тәуелсіз елдің бұған дейін қалыптасқан ауызбіршілігі жоғалмауы шарт.
– Тәуелсіз елдің жастарына айтар тілегіңіз?
– Соңғы жылдары әлем картасында тәуелсіздік мәселесі тым күрделеніп кеткені айқын. Мәселен, бүкіл дүние елі қаншалықты өркениеттеніп, адамзаттық сана жаңғырғанымен көптеген өңірде қантөгістер толастар емес. Ондай қантөгістердің бір парасы тілдік тәуелсіздікке тікелей қатысты екені де жасырын емес. Бұл өз алдына ел болып, мемлекет ретінде жеке шаңырақ құрудың күн сайын қиындай түсетінін көрсетсе керек. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан халқын нағыз бақытты елдің қатарына қосуға болады. Бізде мемлекеттіліктің барлық нышандары жүзеге асып қана қойған жоқ, іргетасымызды сапалы қаладық, әлемдік қауымдастық арасында өзіміздің ұлт ретіндегі брендімізді жасай алдық. Бұл – халықтың жетістігі. Осындай жетістікті келешек жастар да шыңына шығара түссе деген тілегім бар. Тәуелсіздіктің Туы мәңгілік желбірей берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!