Тәуелсіздіктің тұңғыш Президенті һәм тұғырлы президенттік институт
Шүкір ШАХАЙ (фото)
Бүгін осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республика Президенттігіне бүкілхалықтық сайлау өтіп, оның барысында Н.Ә. Назарбаев сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алды. Жасырын дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінде ҚазКСР президенттігінен кандидат – Н.Ә.Назарбаев, ал вице-президенттіктен үміткер – Е.Асанбаев тұрды. Сол бүкілхалықтық президенттік сайлауға электораттың – 88,23 пайызы қатысып, президенттік басқару жүйесі заңдастырылды.
Президенттік институттың «тар жол, тайғақ кешуі»
КСРО Конституциясындағы кеңестік жүйенің ядросы болып табылатын КПСС-тің басшылық және бағдарлаушы рөлі көрсетілген 6-бап алынып тасталды. 1990 жылы КСРО конституциясына көппартиялық жүйе енгізу туралы өзгерістер жасалғанына қарамастан, КПСС өзінің доминантты өкілеттігін сақтап қалды. Әлбетте, коммунистік партия мен оның орталық комитеті басшылары жаңадан енгізілген президенттік басқару институтына барынша кедергі жасап бақты. Биліктің ауысу трансформациясы күрделі кезеңді бастан кешірді. Әлбетте сол кездегі жариялылық пен демократияның айшықты рәмізіндей болған президенттік институт кеңес халқына жат ұғым емес еді. 1990 жылы КСРО-да Президент лауазымы енгізіліп, 15 наурыз айында халық депутаттарының кезектен тыс өткен 3-съезінде М.Горбачев КСРО Президенті болып сайланған болатын. Осыдан кейін-ақ одақтас республикаларда президенттік институт жоғары билік жүйесі ретінде дендеп ене бастады. Ең алғашқылардың бірі болып Қазақстанда, Қырғызстанда, Молдовада, Түрікменстанда, Өзбекстанда президенттік институт енгізілді. Ал Грузия мен Украинада президенттік институт – 1991 жылы, Белоруссияда 1994 жылы қабылданды.
Сөйтіп, 1990 жылы наурызда КСРО-да президенттік басқару институтының енгізуіне орай, 12-інші сайланған республика Жоғарғы Кеңесі ұзақ пікірталастан кейін «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заң қабылдап, осының негізінде сол жылы 24 сәуірде Н.Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды. Бұл заң бойынша Президент, Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кеңесі арасындағы биліктік өкілеттіктер белгіленді. Саяси ғылымдар докторы Г.Нұрымбетова өз мақаласында жазғандай, Президент лауазымының енгізілуі Жоғарғы Кеңес төрағасын ел ішінде және халықаралық қатынастарда ҚазССР-ін өкілдендіруші жоғарғы лауазымды тұлға мәртебесінен айырды. Осыған байланысты Жоғарғы Кеңес төрағасы заңдарға қол қоюы және елдегі жағдай туралы баяндама жасау құқынан ажыратылды. Президенттің өкілеттіктері нақтыланып, күшейтіле түсті. 1990 жылы 20 қарашада қабылданған «ҚазССР мемлекеттік билік пен басқару құрылымдарын жетілдіру мен ҚазССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Президент мәртебесі мен өкілеттігіне бірталай өзгерістер енгізді. Осы заңға сәйкес, ҚазССР Президентінің ұсынысымен Жоғарғы Кеңеспен сайланатын Вице-Президент лауазымы енгізілді. Сонымен бірге Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинеті болып қайта құрылды. ҚазССР Президентінің аппараты мен ҚазССР Министрлер Кеңесінің аппараты біріктіріліп, Президент аппараты құрылды.
Осы заң бойынша Президент жойылып, Президент жанынан консультативті-кеңесшіл орган – Республика Кеңесі құрылды. Президент аппаратының құрылуы Президенттің атқарушы билік басшысы ретіндегі мәртебесін айқындады. Президенттік институт қазіргі кезге дейін «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерді десек, артық айтқандық емес. Президент аппаратының басшылығына Н.Әбіқаев, оның бірінші орынбасарлығына В.Ни тағайындалған, бөлімдер меңгерушілері Қ.Сүлейменов, Ғ.Шалахметов, М.Бабушкин, Т.Сауранбеков, Г.Бердюгин және басқалар болған Мемлекет басшысының Кеңсесі (кейіннен Президент пен Министрлер Кабинетінің Аппараты, бүгінде Президент Әкімшілігі) жұмысын нөлден бастап еді. Сол кезде аппарат құрамында қазіргі кезде, мәселен, хаттама және Президенттің баспасөз қызметі сияқты функцияларды орындайтын құрылымдар болған жоқ-ты. Оның үстіне, 1990 жылдың сәуірі мен 1991 жылдың тамызы аралығында республиканың билік олимпінде екі аппарат: Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппараты мен Қазақ КСР Президентінің аппараты қатар жұмыс істеп, олардың арасында ымырасыз күрес жүрді. Бұл идеялық текетірес, отарлық сана мен Тәуелсіздікке ұмтылған сана тайталасы болатын. Бірі коммунистік кадр болса, екіншісі жаңашыл, демократияшыл кадрлар буыны еді. Әрине, билік пен қоғамдағы ескі мен жаңа дәстүрлер мен сананың өзгеруі оңай жүзеге асқан жоқ. Тәуелсіздіктің қарсаңындағы ескі мен жаңа құндылықтардың тартыстары туралы сол кездері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Жалпы бөлімінің меңгерушісі болған Владимир Шепель былай деп еске алады: «1990-1991 жылдары, Қазақ КСР Президенті сайланғаннан кейін, сырт қарағанда ОК және Президент аппараттары арасында қандай да бір келіспеушіліктер болмаған сияқты көрінеді. Бірақ мәселеге тереңірек қарасаң, көптеген партия функционерлері «бір үзім нандарын», яғни билік өкілеттіктерінің бір бөлігін алып қойғанымен келісе алмады. Мысалы, ОК Аппаратының бөлім меңгерушісі немесе сектор меңгерушісі өздерін мәртебелері бойынша Президент Аппаратындағы сондай қызметкерлерден жоғары санады. Осыдан келіп менмендік пен тәкаппарлық оқиғалары орын алды. Сондықтан олар біздерге де басшылық жасауға ұмтылып, оларын Президент Аппаратында да коммунистер жұмыс істейді, демек, барлығы партиялық тәртіпке бағынуы тиіс деген ұстаныммен түсіндіргілері келді». Дегенмен президенттік институттың маңызды буыны саналатын Президент аппараты «тар жол, тайғақ кешуден» сүрінбей өтіп, мемлекеттілігіміздің нығаюына үлес қосып келеді.
ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков өзінің «Таңдау» деген мақаласында: ...1990 жыл бойы КОКП ОК-ның жекелеген хатшылары бүкіл Одақтан іріктеліп шақырылған партияның облыстық комитеттері хатшылары, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілері және өзге де шешуші бөлім қызметкерлері деңгейінде ондаған семинарлар, кеңестер мен кездесулер ұйымдастырды. Олардың үндеуінің басты арқауы: «Окоптарда отырғанымыз жетеді! Біздің де күніміз туады. Президенттік құрылымдарға тойтарыс беруге дайындалыңдар…» болды. Басқосуға қатысушылардың ең өткірлері осы ұстанымды мақұлдап, қолдау көрсетудің белгісі ретінде пікірталастарда өздерінің оппоненттеріне улы тілдерін безеп: «Президенттік ойындарын ойнап болсын. Содан кейін біз оларға көкесін танытамыз!» деп қайталаудан жалыққан жоқ», – деп жазғанындай, Ануфриев бейнесіндегі Тәуелсіздікке жаны қас коммунистік топ өкілдері барынша кедергі жасап бақты. Ол ғана емес, Тәуелсіздіктің жаршысы іспетті президенттік институтқа Жоғарғы Кеңес те идеологиялық жағынан қарсылық көрсетті. Бір мезет елде қос өкімет орнағандай көрініс берді. Дегенмен заманға лайық көш түзеп, еңсе тіктей білген президенттік институт талай сында тегеурінділік танытты. Ақыр соңында бағымызға орай, күні біткен коммунистік отаршылдық жүйе Алаш баласына Алла нәсіп еткен Тәуелсіздіктің ақ таңына қара түнек бола алмады...
Пәрменді президенттік институт һәм Назарбаев феномені
Президент лауазымын енгізу тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуына шешуші ықпал жасап, КСРО ыдыраған соң мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз еткен аса маңызды оқиға болғанын бағалаған ләзім. Сол кезде Президенттің Жарлығымен бұрын Одаққа бағынған кәсіпорындар мен ұйымдарды республика Үкіметінің қарамағына беру, мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету, елімізде алтын қорын жасау туралы және т.б. заңдар шығарылды.
Иә, Тәуелсіздіктің бастаушысы, ұстыны президенттік институт болғанын бүгін біз біліп отырмыз. Президент лауазымына кіріскен алғашқы күндерден бастап Н.Назарбаев КСРО-ны реформалау ауқымында Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған белсенді қадамдарды қолға алды және сонымен бірге халықтар арасындағы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және тарихи байланыстардың күйреуіне жол бермеуде өзінің ерік-жігері мен табандылығын көрсетті.
Қазақстанда президенттік институттың қалыптасуына обьективті факторлар ықпал еткенін айта кеткен жөн. Кеңестік экономиканың құрылымын құраған одақтас республикалар арасындағы дәстүрлі экономикалық сабақтастықтың үзілуі, жоспарлы экономиканың күйреуі, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлап кетуі, ұлттық қайшылықтардың өршуі, коммунистік жүйенің ел басқаруға икемсіздігі Қазақстан билігінің алдына жаңадан түбегейлі міндеттер қойды. Кезінде Жоғарғы Кеңес күшті өкілеттікке ие болғанымен, жедел шешім қабылдауда, икемді жұмыс атқаруда, тиімді басқаруда ебедейсіздік танытып жатты. Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін пайдалана отырып, парламенттік басқару формасына таңдау жасауға болатын еді. Алайда сол кездегі шынайы ахуал парламенттік басқаруға бет бұруға дайын еместігімізді көрсетті. Сондықтан саяси сахнадан жоғалып жатқан коммунистік диктатураның орнына тәуелсіз мемлекеттің атрибуттарын бекемдейтін тиімді басқару формасы қажет болды. Бұл арада елді анархиялық ахуалға душар етпеу үшін өкілеттігі күшті президенттік институт енгізу керектігін сол кездегі көзі ашық азаматтар түйсінді. Ал президенттік басқаруға түбегейлі көшу – Қазақстанның демократиялық дамуға бет алғанын, өркениетті саяси жүйеге қадам басқанын айқындады.
Қолданыстағы Конституцияда белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық мәртебесі үш маңызды құрамдас бөліктен тұрады: біріншіден, Президент – мемлекет басшысы; екіншіден, президент Конституция кепілі бола отырып, мемлекеттік органдардың келісілген жұмысы мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді; үшіншіден, Президент өкіметтің атқарушы тармағында айқындаушы орын алады. Қазақстандағы президенттік институт қазақстандық халықтың мемлекеттік бірлігін қамтамасыз етуі тиіс.
Пәрменді президенттік институт туралы айтқанда, саяси сөздікке әлдеқашан енген Тәуелсіз Қазақстанның көшбасшысы болып отырған, әлемге Алаш атын танытқан Назарбаев феномені туралы айтпау мүмкін емес. Назарбаев болмысынан, өн бойы жұмысынан ғаламдық деңгейдегі көшбасшылық қасиеттерге ие, жаһандық ауқымдағы парасат-пайым мен мүлде жаңа ойлауға бейім екенін, прагматизм, ұлтжандылық, тынымсыз ізденіс, қауырт жұмысты серік еткен сарабдал қайраткер екендігін замандастары тамсана айтады.
Қазақстандағы президенттік институт эволюциясы
Әлемдік тәжірибеге салыстырмалы (компаративистикалық) талдау жасайтын болсақ, қазіргі кезде әр елдегі президенттік институт ұлттық ерекшеліктерімен өзінше рең алғанын аңдар едік. Саясаттанушылар еліміздегі президенттік басқару формасының өзіндік ерекшеліктері мен эволюциясы туралы төмендегідей тұжырым жасайды. 1990 жылғы сәуір-қарашада партиялық-кеңестік билік жағдайында Жоғарғы Кеңестің бірқатар өкілеттіктері Президент құзырына өтті. 1990жылдың қараша айынан 1993 жылдың қаңтары аралығында бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде сайланған Президент үкіметтік басшылықты қоса атқарды. 1995 жылғы конституция бойынша президенттік институт нығайды. Президенттік институт 20 жылдық тарихында 1990 жылдың сәуір айынан 1995 жылға дейін «кеңестік» квазипарламентаризмнен президенттік биліктің американдық моделіне көшті. 1995 жылдың тамыз айынан бүгінге дейін жартылай француздық, жартылай президенттік басқаруға көшуге бет алдық деуге болады.
Әлемдегі президенттік институт: қашан, қайда, қалай?
Дүниежүзінде тұңғыш рет президенттік институт 1776 жылы АҚШ-та пайда болып, оны көптеген елдердің өздерінің басқару формасына үлгі етіп отыр. Еуропада тұңғыш президенттік республика болып 1848 жылы Швейцария мен Франция атанды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Австрияда, Веймар Республикасында, Чехословакияда, Польшада, Балтық бойы елдерінде президенттік республика орнады. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Италияда, Грецияда, Португалияда, Мальтада мемлекет басшысы Президент саналды. Ал ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Азия құрлығында алғаш рет президенттік билік Филиппинде, Сирияда, Ливанда пайда болды. Кейін бұл президенттік лауазым Оңтүстік Кореяға, Оңтүстік Вьетнамға, Тайвань, Үндістанға, Пәкістанға, Бангладешке, Иракқа тән болды. Африка елдерінде президенттік институттың француздық моделі кеңінен тарады. Әскери режим жағдайында Латын Америкасы мемлекеттерінде «уақытша президенттік» билік болды. Қытайда тек Мао-Цзедунь кезінде аралас президентура үстемдік етіпті. Кезінде Сталин де президенттік өкілеттіктерді Жоғарғы Кеңестің Президиумына берген екен. Ал 1964 жылы Н.Хрущев президенттік туралы мәселе көтеріп, КСРО-ның жаңа конституциясының жобасын жасаған екен, алайда бұл аяқсыз қалған.