Теңгенің алғашқы дизайнын қайтару керек пе?
Хайролла Ғабжәлелов, алғашқы ұлттық валютаның авторы:
– Теңгенің өзі ұлттық идеология құралы болып саналады. Мен алғашқы теңгенің дизайны өзгеріп, жаңа теңге қолданысқа түсерде соншалықты шыр-пыр болып қарсы шыққандардың бірімін. Ол, әрине, алғашқы ұлттық валютаның авторы болғандықтан емес, ұлттық теңгеміздің дәрежесін дәріптеуге, көтеруге қатысты ойым еді. Жалпы, теңгеміздің 10 жыл сайын дизайнын өзгертіп, оған миллиардтаған қаржы шығындай беретін біз соншалықты бай мемлекет емеспіз. 10 жылда ұлттық валютасының дизайнын қайтара ауыстыру үрдісі – тарихта бірінші кездесіп отырған дүние. Алғашқы теңгенің дизайны сапалы, құнды еді. Меніңше, ұлттық валютамызда әл-Фараби, Абай, Сүйінбай, Шоқан, Абылай хан, Әбілхайыр хан тәрізді бабаларымыздың болуы тақиямызға тар келмейді. Сондықтан теңгеміздің алғашқы дизайнын қайтару қажет. Мен мұны құптаймын. Егер мемлекетіміздің тарихи кезеңдерін төл теңгемізге қайта енгізу туралы бастама көтерілсе, ол дизайнды алғашқы теңгенің авторы ретінде тегін жасап беруге дайынмын. Сонау тарихи кезеңдерден бастап кезең-кезеңге бөліп, күні бүгінгі тәуелсіз еліміздің бейнесін де теңгенің бедеріне түсіріп, Астананы сипаттау арқылы да жақсы, құнды дүние жасап шығаруға болады. Теңге ұлттық валютамыз болғандықтан, теңгеде ұлтымыздың бет-бейнесін айқындайтын тарихи құндылықтар болуы керек. Осыны мықтап ескерген абзал.
Ғалым БАЙНАЗАРОВ, қаржыгер:
– Әрине, алғашқы төл теңгеміздің дизайны айрықша еді. Бірақ ол теңгеміз мемлекетіміздің рәміздері жасалмай тұрып қолданысқа енді де, сол кезеңдері теңгемізге Елтаңба, Ту, басқа да бейбітшілікті бейнелейтін символдар енбей қалды. Негізінен, алғашқы ескі дизайн сапасыз, жарамсыз болғандықтан, қолданыстан алынып тасталған жоқ. Жалпы, теңгеге жаңа дизайн енгізудің өзінде үлкен мән жатыр. Қазірде теңгеміздің бетінде айшықталған символдар бұл еліміздің өсіп-өніп, өркендеп келе жатқан ел екенін білдіретіндей... Ал болашақта осы теңгемізге тарихи құнды дүниелер енгізілу бастамасы көтерілсе, оны да қолдауға болады. Қандай кезеңде де теңге өз құндылығын жоймасы анық. Мысалы, АҚШ-тың көк қағазы қаншама жылдар бойына құндылығын жоғалтпай келеді. Сол доллардың бетіндегі портреттен оның беделі еш кеміп жатқан жоқ. Егер менің еркімдегі дүние болса, теңгемізге қазақтың кілең беткеұстар батырларын, хандарын, билерін, тіпті бүгінгі күнгі батырларына дейін айшықтап қояр едім. Бірақ өз басым теңгенің бет-бедеріне емес, оның нарықтағы құндылығына барынша назар аударған абзал деген ойдамын.
Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономист ғалым:
– Меніңше, нақ қазір теңгеміздің бұрынғы дизайнын қайтарудың қажеттілігі жоқ. Қарапайым тілмен түсіндірсем, мәселе теңгенің қандай болғанында емес, оның даму үдерісіне мән беруіміз керек. Теңгенің дизайнын өзгерте беру теңгенің сапасын көтермейді. Қазақстан теңгесі — Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы. Қазақстан Республикасының Президенттің 1993 жылғы 15 қарашадағы Жарлығы бойынша алғашқы теңгеміз айналысқа енгізілді. Ал бұдан кейін араға 10 жылдай салып теңгеміздің жаңа дизайны қолданысқа енді. Сол кездері бірқатар қауым «жаңа банкнотта ұлттық нақыш жоқ. Қорғаныш элементтерімен қорғалған ақшада қазақтың иісі аңқып тұру керек» дескен-ді. Бұл ретте айтарым – теңге тек төлем құралы. Сондықтан теңгенің бетіндегі суретіне емес, оның құндылығына мән берсек, жөн болар еді. Егер теңге құнсызданса, біраз бұқараның ахуалы қиындай түседі. Демек, бұл жерде ұлттық валютамыздың күшін нығайтуды жан-жақты ойластыруға тиіспіз...