Жетіген – Қорғас: тасымалдау ісіне тың серпін
Осыдан екі жыл бұрын Алматы облысына жасаған сапары кезінде Жетіген-Қорғас теміржол желісінің халықаралық қатынастағы маңызына тоқталған Елбасы Н. Назарбаев шойын жол құрылысына сәттілік тілеген болатын. Содан бергі уақытта атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аталмыш жобаның алғашқы кезеңі Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы қарсаңында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
«Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жауаптылық жүгін арқалап, «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы жүзеге асырып отырған маңызды жоба Қытай Халық Республикасымен, одан әрі басқа да шетмемлекеттермен транзиттік байланысымызды дамытып, алыс-беріс пен барыс-келісті жақсарта түседі.
Жетіген-Қорғас жобасының еліміз үшін, оның ішінде Алматы облысы үшін де маңызы зор. Іле ауданының Жетіген стансысынан басталып, Панфилов өңіріндегі Қорғасқа жалғасатын шойын жол 293 шақырымға созылады. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобаның жалпы құны – 153,2 млрд теңге болса, соның 143,6 млрд теңгесін бірінші кезекте игеру жоспарланған. Ал үстіміздегі жылдың 1 қазанында игерілген қаржы көлемі 87,3 млрд теңге, яғни жалпы құнының 61 пайызын құрап отыр. Теміржол желісінің бойындағы құрылыс жұмыстарында бүгінде бес мыңдай адам тер төгіп жүр.
Ал шойын жол желісі іске қосылған кезде теміржол әкімшілігі екі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етсе, бір ғана Алтынкөл бекетіндегі жұмысшылар саны 430-ға жететін болады.
Бүгінде құрылыс жұмыстары барысында сұранысқа ие мамандықтар анықталып, жергілікті тұрғындарды тиісті мамандыққа қайта оқыту, іргелі компанияларда тәжірибеден өткізу ісі қолға алынуда. Шойын жолдың шарапатын әлден көре бастаған жергілікті халық оның іске қосылған кезде де өңірдің әл-ауқатын көтеруге ықпалы зор болатынына сенім білдіріп отыр.
Тәуелсіздіктің толайым табысы саналатын жемісті жоба пайдалануға берілген кезде елімізден Қытайға жүк жеткізуде 500 шақырым жол қысқарып, оған қоса тасымалдау ісіне тың серпін бермек.
Болат жол басып өтетін Іле өзенінің үстінен салынған алып көпір заманауи талаптарға сай тұрғызылған, пойыздардың сағатына 100 шақырымдық қозғалысы кезінде 7 мың тоннадан астам жүкті көтеруге қауқарлы. Көпірдің ұзындығы мың метрге жуық, салмағы – 400 тонна.
Желі бойында барлығы 14 жеке пункт болса, соның бірі – ең шеткі «Алтынкөл» бекеті.
Теміржолда еңбек етушілерге қызмет көрсетуге арнап салынып жатқан бұл бекетте құрылысының құны 16,7 млрд теңге болатын 113 нысан тұрғызу көзделген. Оның ішінде жолаушыларға қызмет көрсету үшін жергілікті және транзиттік жолаушыларға арналған теміржол вокзалдары, мәдени-спорттық сауықтыру қызмет түрлері бар қонақүй үлгісіндегі нысан, асхана, жүк тасымалдауға арналған, жүк тиейтін кешендер де қазір салынып жатыр. Келер жылдың соңына дейін стансы маңында жалпы саны 90-ға жуық басқа да маңызды құрылыс объекті нысандары салынып, жолаушылар пойызы халыққа қызмет көрсетпек. Олардың қатарында балабақша, мектеп, медициналық мекеме т.б. әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғын жайлар да бар.
Пенжім ауылының іргесінде теміржолшылар мен кеденшілерге, шекарашыларға және әлеуметтік қызметшілерге арналып салынып жатқан жаңа Нұркент қалашығының құрылысы жүруде. Үстіміздегі жылдың наурыз айында жаңа қалашық құрылысының алғашқы қазығы қағылып, құрылысшылар іске кіріскен болатын. Өткен сегіз ай ішінде екі пәтерлі 40 коттедждің, әрқайсысы 18 пәтерлі көп қабатты 21 үйдің құрылысын аяқтап, қазір ең соңғы әрлеу жұмыстарын қолға алған. Сонымен қатар бұл қалашықта 600 орынды жаңа мектеп, 240 орынды балабақша, 70 орынды жатақхана, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты мен емхана, сауда орталығы, өрт сөндіру депосы ғимараттары салынуда. Алдағы Тәуелсіздік тойының қарсаңында 11 көпқабатты тұрғын үй мен 24 екі пәтерлі коттедждерге теміржол қызметшілері қоныстанып, олардың әлеуметтік сұранысына қызмет ететін нысандар да пайдалануға берілмек.
Сыртқы сауда айналымының салмағын арттырып қана қоймай, еліміз үшін транзиттік дәлізге айналып, халықтың тұрмысын жақсартуға үлес қосатын Жетіген-Қорғас теміржол желісінің жобасы толығымен 2012 жылы аяқталатын болады.