«Жол картасы» – ел игілігі үшін жасалынған ілкімді жоба
Тәуелсіздік алғанымызға биыл – 20 жыл. Әрине, бұл көп уақыт емес. Алайда осы қысқа мерзімде еліміз саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-әдеби жағынан т.б. салалар бойынша қарқынды дамыды. Көптеген ірі бағдарламалар қолға алынып, өз тиімділігін көрсетті. Сондай бір қарапайым халықтың көңілінен шыққан жобалардың бірі – «Жол картасы» бағдарламасы.
Дүниежүзілік қаржы дағдарысы алқымнан алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қызметкерлерді жаппай жұмыстан қысқартудан аман сақтап қалу үшін «Жол картасы» бағдарламасын қолға алып, оның тиімді орындалуын Үкіметке айрықша тапсырды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 2009 жылы 191 миллиард теңгеден астам, ал 2010 жылы 151 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Екі жылда барлығы 8871 жоба іске асып (2009 жылы – 5271, 2010 жылы – 3600), жаңадан 392 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Сол кездегі статистикалық деректерге көз жүгіртетін болсақ, 2009 жылдың басында жұмыссыздар саны 557,8 мың адамды құраса, 2010 жылдың ІІІ тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызға төмендеп, жұмыссыздардың саны 481,7 мыңды құрады, яғни абсолютті түрде 76,1 мың адамға азайды.
Еңбек рыногының тұрақтануына «Жол картасы» бағдарламасының аясында салынған әрбір құрылыстың да, кез келген жолдың да жауапкершілігі айтарлықтай жоғары. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру нысандары бойынша да осыны айтуға болады. Бұл ретте ерекше айта кететін жайт, Елбасы бастамасымен қаншама жылдар бойы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген әлеуметтік нысандар жаңартылып, дағдарыс салдарынан жұмыссыз қалғандар жаңа мамандықтарды игеріп, отбасын асырады. Бұл бағыттағы жұмыстар әрбір облыс, аудан орталықтарында, тіпті ауылдық елді мекендерде де жүзеге асты. Нақты сандарды сөйлететін болсақ, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2009-2010 жылдары, яғни бір жылдың ішінде ел өңірінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реконструкциялау жөнінде 862 жоба іске асырылып, 737 шақырым электр желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау желісі, 284 шақырым жылу трассасы, 4793 шақырым автожол, 3657 мектеп пен аурухана, сондай-ақ 368 мәдениет пен спорт нысаны жөнделді. Онымен қоса, 67 әлеуметтік нысанға (қарттар мен мүгедектерге, психикалық аурулармен ауыратын адамдарға арналған интернат үйлері) түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жол картасын» және экономиканың болашақ сұранысын іске асыру үшін 100 мыңнан аса қазақстандық тегін, мемлекет есебінен екінші мамандық алды, неше түрлі қайта даярлау курстарынан өтті. Олар слесарь, электромонтер, сырлаушы, сылақшы, тас қалаушы, монтаждаушы, құрылыс машиналарын жүргізуші, ағаш шебері, сонымен қатар шаштараз, аспазшы, массаж жасаушы, тігінші кәсіптерін игерді. Осының нәтижесінде, 75 мыңнан аса жұмыссыз адам жұмысқа орналасып, 400 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.
Ауылдық елді мекендер де бұл бағдарламаның игілігін көрді. 246 мәдениет үйі жөнделді. Шыны керек, көпшілік ауыл- аймақта мұндай нысандар қаншама жылдардан бері жөндеу көрмеген еді. «Жол картасының» арқасында ауылдағы тозығы жеткен ғимараттарға қайта қан жүгірді. Сонымен қатар 420 ауылдық елді мекен абаттандырылып (газон егу, гүлзарлар өсіру, аймақтарды санитарлық тазалау, шағын түрлі әлеуметтік нысандарды жөндеу), қайта жандана түсті.
Бұл бағдарлама тоқтап қалған жоқ. Елбасымыз бір сөзінде: «Біз бұл бағдарламаны тоқтатпаймыз, әлі де жалғасын табатын болады. Бірақ енді бағдар өзгеріп, аудан-ауылдарда шағын, кішігірім өндірістер ашылуы тиіс. Ендігі негізгі басымдық шағын өндірістерді ашуға жұмсалады», – деген еді. Осы ретте «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қолға алынып, табысты жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша 2,5 мың адам кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, олар енді шағын несиелер алуға үміттеніп отыр. Дәл қазіргі жағдайда аталмыш бағдарламаға қатысушы 422 адам шағын несиелер алуға құжаттарын рәсімдеген. Онымен қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, «Нұр Отан» ХДП бекіткен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын да айта кеткеніміз жөн. Өйткені бұл қос ірі жоба («Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020») «Жол картасы» бағдарламасының жалғасы болып табылады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында тегін кәсіптік білім беріп, жұмыссыз жүргендер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелерінен мамандар даярлау, оларды жұмысқа орналастыру көзделген. Бір сөзбен айтқанда, мұнда жұмыссыздықпен күресіп, еңбек нарығын отандық мамандармен қамтамасыз етудің жолдары айқындалған. Бұл бағдарлама «екі қолға – бір күрек» іздеген азаматтарға қоғамнан өз орнын табуға зор мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде ел бойынша 3000-нан аса кәсіпорынға 14 мың адам жұмысқа алынды. Онымен қоса, еңбек мобильділігін арттыру бойынша Қазақстанның он аймағында 865 жеке тұрғын үй мен 64 көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Бұған мемлекет қазынасынан 11 млрд теңге бөлінген. Бұған адамдар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасады. 2010 жылдың ІІІ тоқсанында жұмыссыздардың саны 481,7 мың адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құраса, 2011 жылдың осыған сәйкес кезеңінде жұмыссыздардың саны 9,4 мыңға азайып, 472,3 мың адамды құрады, яғни жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға төмендеген.
Қалай десек те, «Жол картасы» бағдарламасы өңірдегі елді мекендердің дәулеті мен сәулетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырумен қатар халықтың күнкөрісін жақсартып, көп көмек берді деуге толық негіз бар. Еліміз экономикасының қарқыны бәсеңдеген кезде де «Жол картасы» өзіне тиесілі жүкті, жауапкершілікті өз деңгейінде атқарып келді. Жұмыссыздарды жұмыспен қамту, оларға еңбекақы төлеу, әлеуметтік инфрақұрылым әлеуетін арттыру сынды көкейтесті мәселелер болашақта да түрлі бағдарламалар аясында кең ауқымды түрде атқарылатыны күмәнсіз.
Амантай БАЙҒАЗЫ, «Жол картасы» бағдарламасының аясында қайта маманданған Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының тұрғыны:
– Негізгі мамандығым бойынша құрылысшымын. Алайда ауылдық жерде құрылыс қарқынды жүріп жатпағандықтан, дағдарыс кезінде мамандығым бойынша жұмыс табу мүмкін болмады. Өзге кәсіптерді де нәсіп етіп көрдім, бірақ арнайы маманданбаған адамға басқа саладан жұмыс табу қиын тиеді екен. Қай мекемеге барсам да, тиісті куәлікті сұрайды. «Жол картасы» аясында әкімдік қайта даярлау курстарына адам жинап жатыр дегенді естіген соң, арнайы бардым. Қызылжар қаласындағы білім беру орындарының біріне жіберді. Үшжақты келісім жасастық. Кәсіптік лицей білім береді, әкімдік шығындарды жабады, ал мен тек оқып, мамандансам болғаны. Жолақымды да қалтама салып берді. Екі айдың ішінде тұрмыстық техникаларды жөндейтін маман болып шыға келдім. Бұл куәлікпен жеке кәсіп те ашуға болады екен. Себебі үй болған соң теледидар мен тоңазытқыш сынбай тұрмайды. Осы орайда заманға сай бейімдеп, азаматтарды екінші қайтара мамандандыруды ойластырған Үкіметімізге алғысым шексіз.
Еркін ӘБДІЛМАНОВ, Семей қаласының тұрғыны:
– Мамандығым құрылысшы болғанымен, соңғы кездері мамандығым бойынша жұмыс табыла бермейтін. «Жол картасы» бағдарламасының аясында Семей қаласындағы перзентханалар күрделі жөндеуден өтеді дегенді естіп, құрылысшы ретінде тіркелдім. Нәтижесінде дағдарыс кезеңінде біршама уақыт жұмыспен қамтамасыз етілуіме мүмкіндік туды. Қиын кезеңде халықты қыспақтан құтқаратын «Жол картасы» секілді бағдарламалар қабылданып, халықтың игілігіне жұмыс істей берсе екен. Өйткені бағдарлама арқылы көптен жөндеу көрмеген перзентхана секілді нысандар жөнделіп, халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туды.