Ұлыс күнін ұлықтау – әр қазақтың парызы
Әз-Наурызда Жер-әлем жаңарады, тіршілік жанданады, мал төлдейді, жануарлар қайта түлейді, ғаламшарымыздағы биопроцестер жаңа фазаға өтеді. Осындай ерекше күні Жердің бүкіл фаунасы мен флорасы инстинкт арқылы жаңару, түлеу процесін бастан өткереді.
Ал табиғатпен етене жақын адам баласы сана арқылы ғана жаңарады, өткен мен бүгінді таразылайды, келешекке үміт артады. Иісі қазақ жұрты Наурыз мейрамының мән-мазмұнын, түпкі рухани ырзығын саналы түрде сезіне бермейміз. Сондықтан сана арқылы Наурыз мейрамында жаңару үшін әр қазақ баласында ата-бабадан мирас боп жеткен дәстүрлер мен жора-жоралғыларды парыз, яғни сүйекке сіңген кредо ретінде орындауы керек сияқты. Сонда Наурыз өткінші жаңбырдай өте кететін құрғақ іс-шара болып қана қоймай, әр адамның жүрегін шуаққа бөлеп, бойына қуат дарытады. Өйткені Наурыз – қазақтың ілкі мәдениеті мен бай пәлсапасының жиынтық кодексі іспетті. Қазақтың ақжүрек болмысы, дегдар келбеті көрініс тапқан сан ғасырлық Наурыздың далалық пәлсапалық кодексі санамызда өзіндік кредосын-парызын қалыптастырғаны анық. Ендігі міндет – Табиғат-Ана алдындағы парызымызды қайта жаңғырту арқылы Наурыздың жұмбаққа толы сырын ұғыну, жаратылыс пен пенденің арасындағы кіндігінен байланған құпия кодын өз жүрегімізден табу болса керек. Қазақтың төл дүниетанымы мен наным-сенімдерінің өзегі Әз-Наурыздың өн бойында тұнып тұр. Мәселен, ертең Наурыз деген түні әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қызыр баба түнін күзетіп, тілек тілеген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұрған үйге Қызыр бабаның мейірі түседі, сол үйге құт-береке қонады деп сенім білдірген. Қашықтықтың алыс-жақындығына қарамай, жасы кішілер үлкенге сәлем бере барып, «уыз» батасын алатын болған. Өмірде бітіспестей болып кетіскен ағайынның Наурызда өзара татуласып, қауышпауына қақы жоқ-ты. Даланың жазылмаған моральдік-адамгершілік, бауырмалдық, дархандық, ақжүректік, кеңпейілдік мінезімізді пайымдатқан күнделікті салт-дәстүрлер кодексі осы Наурызда айшықтала түсетін. Жапондар мен корейлерде салт-дәстүрлер кодекс секілді санаға әбден сіңген. Біз де Наурызға төл кодексіміздің бөлінбес бөлшегі деп қарауымыз керек. Отаршылдық салдарынан Наурызымызды жоғалтып алып қараңғы түндей болдық, қайта қауышқанда күндей жарқырап сала бердік. Басқаны қайдам, қазақ пен наурыз егіз ұғым, бір-бірінен ажырағысыз. Наурызды таныған адам қазақты таниды, қала берді, түркі жұртын, шығыс халықтарын, жалпы, адамзаттың текті болмысын таниды десек артық айтпаспыз. Наурыз – әлем үшін адамзаттық, қазақ үшін ұлттық құндылық, ұлттық болмыстың кодексі. Наурыздың өзі ұлттық коммуникацияның маңызды көрінісі. Дегенмен қазіргі кезде Наурыз мейрамын түпкі пәлсапасын әлі зерделей алмай келеміз. Наурызды нәшіне келтірмей, қазақи болмысымызды, қазақтық кодымызды таба алмаймыз. Белгілі ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы ағамыздың пікірінше, көшпелі өмірде тойлап келіп, үзіліп қалған Наурыз мейрамымен отырықшы ел ретінде қайта қауышқан кезде оны өз деңгейінде, нәшінде атап өтуді дұрыс жолға қойып, мазмұнын ашатындай бірыңғай тұжырымдасын жасау керек.
Дүкен Мәсімханұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алғанымызға 22 жылға аяқ басып бара жатса да, бұл дәстүрлі жаңа жылымыз, қасиетті мерекеміз Гигориян күнтізбесіндегі «жаңа жылдың» тасасында қалып келеді. Оған кім кінәлі?! Әрине, Сталинді, Мәскеуді кінәлай алмаймыз. Басы ашық, тек өзіміз кінәліміз. Наурызда мерекелегеннің орнына шаршатып, қажытып бітіреді. Киіз үй тігу, оны безендіру. Сорғалатып сорпа, көлкілдетіп көже тасу. Құдайдың зорлығымен дірдек қағып киіз үйдің маңайында күн батыру... «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» дегендей, керемет мерекемізді, қасиетті күнімізді өзіміз әспеттей алмадық. Қор қылдық. Сүйкімін кетірдік. Оның себебі неде? Оның ең басты себебі, Наурыз мерекесін жаңа заман, жаңа ел, жаңа өмірге лайықтап өткізудің тұжырымдамасы, бағдарламасы жасалмады. Себебі бағзы дәуірлерден ХХ ғасырдың басына дейін көшпелі өмірде тойланып келіп, көп ұзамай үзіліп қалған Наурыз мерекесі ХХ ғасырдың соңында қайта оралған кезде, қазақ әлдеқашан көшпелі өмірмен қош айтысқан, отырықшы ел болатын. Ал «Наурызды» отырықшы елдің мерекесі, Тәуелсіз елдің ұлттық жаңа жылы ретінде қалай тойлауымыз керек?» деген мәселеге ешкім бас қатырған жоқ. Алғашқы үрдісте әркім ойына келгенін (әрине, жақсы ниетпен) жасап, өзінше формат, өзінше форма табуға талпынды. Ал түптеп келгенде киіз үйдің Наурыз мерекесімен түк те қатысы жоқ дүние. Ол негізі біздің ата-бабаларымыздың жаз жайлаудағы баспанасы ғана. Сондықтан тұтас ел болып, дүйім жұрт болып, Наурыз мерекесінің отырықшы өмірге лайықталған, заман талабына жауап беретіндей, жалпы, халыққа мерекелік демалыс пен қуанышты көңіл-күй сыйлайтындай кешенді тұжырымдамасы мен бірыңғай бағдарламасын жасауымыз керек. Бұл – бір.
Екіншіден, біз Наурыз мерекесін тура наурыз (март) айының 22-сі күніне шегелеп тастадық. Онымыз да дұрыс емес. Дәстүр бойынша өзіміздің ұлттық ай (бұл арада луна мағынасында) күнтізбеміздегі ескі айдың (ақпан) бітіп, жаңа айдың (наурыз) туған күнінде мерекелеуіміз керек. Бұл күн мүмкін, бір жылы наурыз (март) айының басына таман, бір жылы орта шенінде, бір жылы соңына таман келуі мүмкін. Қазір 22 наурызда (март) күннің бір жылы қыс, бір жылы көктем болып тұратын себебі де сол. Сонда ғана оның мәні мен сәні арта түседі.
Сайып келгенде, Наурызды тойлау әр қазақтың өзінен, азаматтық парызынан басталады. Наурыз мейрамы кезінде әр алаш азаматы не істеуі тиіс? Бұл үшін өзгелерге ұқсамайтын, әрқайсымыз орындай алатын қарапайым «Наурызнама кредомыз» болуы керек деп ойлаймын.
Наурызнама кредосы
• Біріншіден, тазалық сақтау, ескі дүниеден арылу, табиғатты аялау;
• Екіншіден, әр шаңырақ наурызкөже пісіріп, туған-туыс, көрші-қолаң бір-бірін дәмге шақыруы керек;
• Үшіншіден, дос-жаран, туысқанға көмектесу, ғаріп-қасірлерге қол ұшын созу;
• Төртіншіден, әр қазақ кемінде бес тал ағаш отырғызу керек.
• Бесіншіден, мейрамды сылтау етіп ішкілікке және өзге де жағымсыз істерден аулақ болуы тиіс;
• Алтыншыдан, хан мен қара, бай мен кедей, бастық пен қызметкер деп бөлінбей, ұлттық дәстүрді ұстанып, үлкенге сәлем, кішіге ізет қылуы керек;
• Жетіншіден, Наурыздағы салт-жораларды, ырым-тыйымдарды білгеннен үйреніп, білмегенге үйрету, ұрпаққа мирас ету парыз болуы қажет.