Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген білім гранттарын аграрлық оқу орындары ғана иеленуі керек пе?

Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген білім гранттарын аграрлық оқу орындары ғана иеленуі керек пе?

Қазақ елінің ауыл шаруашылығы үлкен даму белесіне аяқ басты. Бұл – осы салаға қажет маман иелеріне сұраныс артады деген сөз. Сұраныс болса, оған керек мамандықты игеру үшін білім алуға ұмтылатын шәкірттердің қарасы көбейері де даусыз. Бірақ аграрлық саладағы оқу орны басшыларының пікірінше, осы бағыттағы мамандықты бытыратпай, негізгі оқу орындарына топтастырған дұрыс дейді және оның тиімді тұстарын атап көрсетеді. Ал екінші жақ жеке меншік оқу орындарын қолдау үшін мемлекеттік білім грантын бәріне бірдей бөлгенді жөн санайды.

 

Айтбай БҰЛАШЕВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің ректоры:

Иә
– Біз қазір мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін білім алуға бөлінген қаржының тиімсіз қолданылуына жол берудеміз. Кеңес үкіметі кезінде ауыл шаруашылығын тиісті мамандармен тоғыз бейінді институт қамтамасыз ететін. Ал қазіргі кезде аталмыш салаға жоғары білімді кадрларды ұзын саны 23  университет даярлап жатыр. «Агрономия», «зоотехния», «орман шаруашылығы», тіпті «ветеринарлық медицина» және «ветеринариялық санитария» мамандықтарын жаңадан ашылған жекеменшік жоғары оқу орындары (ЖОО) да ашып алған. Сөз орайы келген соң айта кетейін, Ұлыбританияда мал дәрігерлерін төрт-ақ университет даярлайды, ал бізде мұндай ЖОО-ның саны 8-ге жетті. Жер көлемінің 4 пайыздан сәл астамын орман алып жатқан біздің елге осы саланың мамандарын даярлауға 10 университетке лицензия берудің қандай қажеттілігі болды екен? Білім гранттарының осындай талан-таражға салынуы және өз қаржысына жоғары білім алып, ауыл шаруашылығы саласының маманы болып шығуға талпынушылардың аздығы толыққанды оқу топтарын қалыптастыруға кедергісін тигізіп-ақ отыр.

Аудиториялық қорды, оқу құрал-жабдықтарын тиімді қолдану үшін және профессор-оқытушылар құрамының еңбегіне төленетін қаржыны ұтымды жұмсау үшін академиялық топтардағы студенттердің саны 20 адамнан кем болмауы керек. Ал қазіргі жағдай бұл ұстанымнан әлдеқайда алшақтау тұр. Айталық, биылғы оқу жылына «агрономия» мамандығы бойынша төрт университет оқу топтарына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бір студенттен ғана қабылдай алды, ал үш ЖОО-да грант иегерлерінің жалпы саны небәрі тоғыз адамды құрады. Жалпы алғанда, білім гранттарын ұтып алған талапкерлерден қазақ және орыстілді толымды оқу топтарын екі университет қана қалыптастыра алған. «Зоотехния» мамандығының білім гранттарын алған 22 талапкер сегіз университеттің 10 оқу тобына бытырап кеткен. Айта кететін мәселе – екі-ақ ЖОО аталмыш мамандықтың грант иегерлерінен толыққанды топтарды тек қазақ тілінде оқитын студенттердің есебінен ғана құрастыра алды. Болашақ мал дәрігерлеріне арналған 37 грант 6 университеттің 10 оқу тобының үлесіне тиген. «Орман шаруашылығы» мамандығына бөлінген 100 гранттың 55-і Астана және Алматы қалаларындағы аграрлық университеттердің үлесіне тиді, ал қалғандары алты ЖОО-ның еншісіне кетті, ал екі оқу орны бірде-бір студент ала алмаған.

Әрине, білім саласында да бәсекелестіктің болуы керектігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ оның міндетті түрде шынайы болғаны абзал, яғни бәсекеге түсетін оқу орындарының белгілі бір мамандарды сапалы түрде даярлай алатын ғылыми мектебі болуы тиіс. Өкінішке қарай, аграрлық кешен мен ЖОО-лар арасындағы мамандарға деген сұраныс пен ұсынысты ескерместен және қалыптасқан ғылыми әлеуетінің жоқтығына қарамастан, жекелеген оқу орындарының ауыл шаруашылығы мамандықтарының лицензиясына қол жеткізуі, жұмсартып айтқанда, түсінбеушілігімізді тудырып отыр. Мемлекеттік грант иегерлерінің тарыдай шашырап кетуі ЖОО-лардың қаржы жағынан, ал студенттердің білім сапасы жағынан ұтылысына әкелетіні айтпаса да түсінікті. Міне, сондықтан да материалдық базасы мен ғылыми әлеуеті әлсіз, жылдан-жылға белгілі бір мамандық бойынша оқу топтарын қалыптастыра алмай жүрген ЖОО-лар Білім және ғылым министрлігінің аттестациясын күтпей-ақ, өз еркімен лицензияларынан бас тартып, саусақпен санарлық студенттерін танымал ғылыми мектебі бар университеттерге аударса дұрыс болар еді.

Манарбек ҚЫЛЫШҚАНОВ, Шығыс Қазақстан аймақтық университетінің ректоры:

Жоқ
– Өз басым университеттерді деңгейге бөліп, анау мемлекеттік, мынау жекеменшік деп алалауға қарсымын. Қазіргі нарық заманында білім берудің де бәсеке алаңына айналғаны әбден орынды. Әрине, бұл жердегі мәселе мемлекеттік білім гранттарының тиімсіз игерілуінде болып тұр. Жалпы, Қазақстан бойынша қалыптасқан мынадай тенденция бар. Мемлекеттік оқу орындары бөлінген қаржыны мемлекеттікі деп қарайды. Яғни ол қаражат тегін келіп жатқан секілді сезіледі. Ал жекеменшік оқу орындары әрбір тиынды үнемді пайдалануға тырысады. Сондықтан оларға мемлекет тарапынан бөлінетін білім гранттарының да маңызы өте зор. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін гранттарды мемлекеттік және ірі қалада орналасқан оқу ордасы деген атағына емес, әлеуетіне, қалыптасқан мықты базасына қарай берген жөн болар еді. Айталық, оқу орындарының қайсысы тәжірибе алаңдарына жақын, кім солармен келісімшарт жасап, қазіргі студент, болашақ мамандармен тығыз жұмыс істей алады, негізгі басымдықтарды соларға аударған әлдеқайда тиімді болары даусыз.

Ауылшаруашылық мамандықтары сондай тәжірибелік алаңдарға жақын, қою байланыста болғаны жақсы. Мысалы, «агрономия» мамандығына қажет дәнді дақыл, егістік алқабы болуы қежет. Беретін білімді құр қағаз жүзінде оқытқаннан түк пайда болмасы белгілі. «Орман шаруашылығы» мамандығын алайық. Негізі, Қазақстанның орманды алқабының басым бөлігі шығыста орналасқан. Сондықтан Астана мен Алматыдағы оқу орындарынан тыс, біздің аймақтағы білім ордаларына да осы мамандық ауадай қажет. Егер орман шаруашылығы саласын шынайы зерттеп, оның алуан сырына үңілемін деген шәкірт білім алу кезіндегі іс-тәжірибеден өту үшін негізгі орман алқабында болуы керек. Бірақ, менің ойымша, Астанада білім алып жүрген студент өндірістік, дипломдық тәжірибеден өту үшін Семейге болмаса Риддерге келеді деп ойламаймын. Болса, он адамның бірі ғана келер. Ал былайша қағаз жүзінде бәрін «қатырады». Әсілі, әр аймақтың өз бейімділігін ескеріп, мақсатты түрде бір оқу орнына мамандық топтастырған дұрыс. Әйтпесе оқу орындарында бір топта грантта оқитын 20 бала қалыптастыру мүмкін емес. Грант иегерлерінің таңдауы бойынша бюджеттік органдар 3-тен, 5-тен бірнеше оқу орнына таралып кетеді. Бір айта кетерлігі – жекеменшік оқу орындарына жетім балаға қарағандай көзқарас танытпағанымыз дұрыс. Өйтсек, бұл сала дамымайды. Қайта мемлекеттік білім гранттарын қай мамандыққа болса да әлеуеті жағынан лайықты оқу орнына бөлген оңтайлы болмақ.

Бейтарап пікір

Әбдімәлік ӘШІРОВ, «Сырдария» университетінің атқарушы ректоры:
 – Бізде бұдан бұрын «биология», «химия» мамандықтары болды. Енді «агроинженерия», «агрономия» секілді мамандықтарды ашсақ деген ой бар. Біз қалалардан алыс ауыл шаруашылығының қайнаған ортасында тұрмыз. Ондай мамандықтарды біз ашпасақ болмайтын шығар. Мәселен, Шымкенттен 250 шақырым шалғайдамыз. Өзбекстанмен шекарада болғандықтан, ол жердегі қандастарымыз және Шардара, Келес, Сарыағаштағы балалардың дені бізге келіп оқиды. Сондықтан ол мамандықтар бізге өте қажет. Ал университеттерді сапасына қарай сұрыптап отырған орынды. Қазір білім алушылар оқу орнының әлеуетіне қарайды. Оларды оқу ақысы болмаса грант деген нәрселер онша көп қызықтырмайды. Сондықтан білім гранттарын жекеменшік, мемлекеттік деп емес, қай жерге қажет, сол жерге бағыттаған жөн секілді.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста