Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінің жартылай финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Майами WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 24-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін бір-бірімен кездеспеген еді.
Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек жарақатына байланысты Майами мастерс турниріне қатысудан бас тартқаннан кейін италиялық теннисшінің жарыс барысында жолы болғандай еді. Бірақ оның төртінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің чемпионы, латвиялық Елена Остапенконы жеңіп кетуі М.Тревизанның оңай шағылатын жаңғақ еместігін танытты.
Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Е.Рыбакина қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік бермей, өзі сондай сәтті құр жібермеді – 3:1. Дегенмен М.Тревизан да қарап қалмай, брейкпен есепті қысқартқанымен, Елена сол бойда қарымта қайырды – 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.
Қазақстандық теннисші екінші сетті брейкпен бастап, бет қаратпады – 6:0.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін өз пайдасына жазды. Қарсыласы 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) ғана көзге түсті.
Осылайша, қазақстандық спортшы биыл қатарынан 12-інші жеңісіне қол жеткізді.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула немесе рейтингте 26-сатыдағы ресейлік Анастасия Потапованың біреуімен таласады.