Әлеуметтік желіде "өкшесі қисайғанға өре тұрғыш топ" қалыптасты

Әлеуметтік желіде "стаялық психология", қалай десем екен... "Алақанатты топ" дейміз ба, қысқаса айтқанда;"өкшесі қисайғанға өре тұрғыш топ" қалыптасты. Өкінішті. Кейде, әңгіменің анығына жетпей жатып өре тұрғанда, өрт тұтанған екен деп қаласың?! Ойланып, таразылағымыз келмейді. Тезірек тілдеп үлгеру керек...
Өре тұрып кінәламас бұрын, мүмкін болса сәл ойланайықшы?!
Ел аузына іліккеннің өкшесін аңдушылыққа жетелеуші не? Меніңше, қоғамның әлсізденуі. Құлдырауы. Ақшасыздықтың алға шығуы. Үкімет пен Халық арасында пайда болған құздың кеңейе, тереңдей түсуі. "Шөкім топ" қана ел байлығын көсіп жеп, қара халық түгілі - зиялы топтың күнкөрісі төмендеуі. Рухтың жұқарып, жоққа айнала бастауы. Қоғамның тек - бай мен кедей боп, екі ғана топқа бөлінуі. Шетелдегідей "орта қуатты топтың" болмауы. Коорупцияны жоюдың мүмкін еместігі, керісінше, акуладай әлдене түсуі. Зиялы топтың - қалталы топтың алдында бүгежектеуге мәжбүрлігі. "Жалғыз айдаһарлық" күшке дәрменсіздік. Қарапайым ғана "қалағаныңды ішіп-жеуге" мүмкіндігіңнің шектеулігі. Ертеңгі күннің үрейі. Дәрменсіздіктен бармақты күнде шайнау. Өнеге боларлық тұлғаның көмескеленуі. Тұлғаны - тобырдың таптауы. "Тұлға" ұғымын саналы түрде жойып жатқаны. "Масса".
Әзірге жетер. Осыдан кеп ызақор көпшіліктің, жақсының өкшесі қисайса, құлаш-құлаш нәлеті сөзді аямастан лақ еткізе салатыны. Оларға ренжімеңіз. Оларды "өре түрегелуші топқа" айналдырған, жоғарыдағы "тізімге" ренжіңіз. Біздер бүгінде, жәй ғана илеуге оңай - "массамыз". Шындығы сол...
Сая Қасымбек
Фейсбуктегі парақшасынан





