Енді, кейінгі ұрпақ депутаттың қарғысын аңыз қылып айта жүретін болды

Қарғысшылар заманы қайта туған екен. Тарихта Шыңғысханға баласы өлген әйел қарғыс айтқаны бар. Қарғыс айтып, ақысын алатын қара кемпір болған. Бізге ел аузынан жеткен Абылайдың қалмақтың қарғысшылынан қарғыстың жаманын сұрайтыны бар еді. Абылай қалмақтың қарғысшылынан қарғыстың жаманы қандай деп сұрағанда, қарғысшыл, бірінші: "Шөбің жапырылмасын!" - депті. "Мені кедей бол-дегенің ғой, бұл қарғыс емес. Халқым бай болса бір менің кедейлігім кемшілік емес",-депті Абылай. Екінші, "Күлің шашылмасын", - депті. "Бұ да қарғыс емес, балаң болмасын" дегенің ғой, өзім жақсы болсам, халықтың бәрі де менің балам",-депті. Үшінші: "Өзің білме, білгеннің тілін алма" - депті. "Міне жаман қарғыс!" - депті Абылай хан. Желіде жария болған депутаттың қарғысы осы әңгімені есіме түсірді. Бұлар нағыз қарғыс айтатын адамға алғысын жаудырып, мақтауын асырады да, желіде жүйкесіне тиген адамды қарғыстың астында қалдырады екен. Енді, кейінгі ұрпақ депутаттың қарғысын аңыз қылып айта жүретін болды. Дұшпанына жамандық тілеп қарғыс айтпаған ел едік қой. Алла, қазақты жамандардың қарғысынан сақтасын!
Нұрдос Кәрім
Фейсбуктегі парақшасынан





