Ұлу жылында ұлы державалар сайлауы...
Келер жыл саясат сахнасы үшін ауыз толтырып айтарлықтай ірі-ірі даталарымен есте қалатын сыңайлы. Әсіресе сайлау науқанымен. 2012 жылға «Сайлау жылы» деп ат берсек те жарасатын сияқты. Әлем үшін де, еліміз үшін де. Әуелі әлемдік деңгейге шолу жасап өтсек.
Дүниежүзіндегі ең ірі держава саналатын АҚШ пен Ресейде президент сайлауы өтпек. Наурыздың 4-інде – Ресейде, ал 6-қарашада АҚШ-та тарих парағында ірі әріптермен жазылатын Ақ үй басшыларының есімдері белгілі болмақ. Екі ірі державаның тағдыры таразы басына тартылатын айтулы оқиғаға әлем екі құлағын тігіп, дегбірсіздене күтуде. Сайлау науқанында қандай оқиғалардың орын алатыны, тізгінді кім ұстайтыны, әрине, басқа елдерді қызықтыратыны белгілі. Ұлу жылында ұлы державалардың президенттік сайлау өткізуі сәйкестік пе, әлде... Сонымен қатар сәуір айында – Франция президентінің, 30-маусымда – Египет президентінің, 2-шілдеде – Мексика президентінің, қыркүйекте Венесуэла президентінің сайлауы.
Сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағының қол астында болған елдердің ішінде Түрікменстан үшін де биыл айтулы жыл болмақ. Түрікмендер биыл үшінші президентін сайлауға білек сыбана кіріскелі отыр. Сайлау ақпан айының 12-сіне белгіленіп те қойды. Белоруссия да, Грузия да парламент сайлауына сақадай сайланып жатыр. Ал біздің елімізде Парламент Мәжілісінің сайлауы 15-қаңтарда өтетіні белгілі. Бұдан бөлек салмақты саяси оқиғаларымен де есте қалмақ. Жыл басында Ирландия ОБСЕ-нің тізгінін ұстайтын болады. Қазақстан, Ресей және Белоруссия бірыңғай экономикалық одақ аясында бас біріктіре жұмысын бастайды. Сондай-ақ келер жылы еркін экономикалық аймақтың барлық ТМД құрамындағы елдерге келісім жүргізілуі мүмкін деген болжам да жоқ емес. Қалай болғанда да, әлемнің қай түкпірінде болса да бейбіт өмір мен тұрақтылық салтанат құруын тілейміз. Сайлау тыныш өтсін деп...