Астана – ең-ең...
Астанадағы ең ұзын даңғыл – Қабанбай батыр даңғылы. Оның ұзындығы 16090 метр. Бұл даңғылда Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургиялық клиникасы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, Қазақстан-Ресей университеті, «Астана циркі», «Салтанат сарайы», «Астана-арена» орталық стадионы, «Сарыарқа» велотрегі, «Алау» коньки тебу стадионы орналасқан.
Ал ең қысқа даңғыл – Тәуелсіздік даңғылы. Тәуелсіздік даңғылының ұзындығы – 1095,8 метр. Даңғыл атауы Қазақстанның Тәуелсіздігі құрметіне қойылған. Тәуелсіздік алаңы, Тәуелсіздік сарайы және Тәуелсіздік монументі де осы даңғылдың бойында жатыр. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі, «Толқын» спорт кешені, «Отан Ана» монументі, жаңадан салынған Әзірет Сұлтан мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы, Өнер университеті де осы даңғылда орналасқан.
Елорданың көшелеріне келер болсақ, Астанадағы ең ұзын көше – Өндіріс көшесі. Бұл көшенің ұзындығы 11 892,4 метр. Көше қаланың сырт жағында болғандықтан, бұл көшені көп адам біле бермейді.
Ал ең қысқа көше – Георгий Жуков көшесі. Орыстың белгілі қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған Г.Жуков мырзаға ұзындығы 31 метр ғана болатын көше тиіпті.
Қазақ «жеті» санын қасиеттіге балап жатады ғой. Қызық болғанда, Астанада 777 метр болатын да көше бар екен. Ол көшенің атауы – Тарбағатай.
Бір өкініштісі, Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермековтердің көшелері орыстың ақыны Александр Пушкин мен 1933-37 жылдары Қазақ өлкелік партия комитеті ОК-нің бірінші секретары Левон Мирзоян көшелерінің тасасында қалып қойған. Әлихан Бөкейхан көшесінің ұзындығы 899,5 метр болса, Әлімхан Ермековке ұзындығы 846,3 метр болатын көше ғана бұйырыпты. Ал А.Пушкин көшесінің ұзындығы 4 917,2 метр, Л.Мирзояндікі – 1 157,7 метр. Және бұл екі көше де қаланың көрнекті жерлерінде орналасқан. Ал Алаштың ардақтылары қаланың қуыстарында қалған....