«Бәйтеректің» баламаларын бірізділікке түсірсек...
Эйфель мұнарасын көрсек, басқа емес, бірден француз елордасы Париж еске түседі. Сол секілді, Италияның символы – етік. Болмаса, қолын көкке көтерген «Бостандық cтатуясы» сөзсіз АҚШ-қа жол сілтейді. Ал Қазақстанды еске салатын не десек, әрине, бірден Астана және оның символы Бәйтерек ойға оралады. Елордамыздың төріндегі осы бір сәулет өнерінің ғажайып туындысы кісі сүйсінерліктей. Төбесіндегі шарымен бірге алғанда биіктігі 105 метрді құрайтын туындының авторы атақты ағылшын сәулетшісі Норман Фостер.
Бүгінде көбіміз қит етсе, «бізде ұлттық идеология жоқ» дегенді алға тартып шыға келеміз. Бірақ сол ұлттық идеологияның қандай болуы керек, қалай жүргізілуі керек дегенге, шынын айту керек, сол көбіміздің өреміз жете бермейді. Алайда осы тұста айта кетерлігі, елордамыздың төріндегі ғимараттарға қарасақ, олардың пішіні мен идеясына терең мән берсек, біз «әлгіндей сөз айтқанымыз асығыстық болған жоқ па өзі?» деп қалатындаймыз. Себебі Астананың айшықты ғимараттарының дені қазақтың аңыз-әпсана, яғни ұлттық дүниетанымын темірқазық ете отырып салынған. Олардың барлығына бірдей тоқталуға, сірә, бір мақала жете қоймас, біз бүгін «Астана-Бәйтерек» символының төңірегіндегі түйткілдерге үңілсек.
«Бәйтеректің» өзінде мін жоқ, оның сәулеті мен идеясы естіген жанды көруге ынтықтырып, көрген жанды өзіне қайтып оралуға мәжбүрлейтіндей. Себебі ол ойдан шығарылған символ емес, өзіміздің ғасырлар бойы санамызға сіңіп, ешбір тылсым күш ығыстырып шығара алмастай бекініп алған аңыз-әпсанадан алынған. Негізі, бәйтерек – шын өмірде жоқ, таза қазақы аңыздағы Өмір ағашы. Аңызға құлақ ассақ, алып ағашқа жыл сайын қасиетті құс – Самұрық жұмыртқа (Күн) салады. Бірақ жыл сайын ол жұмыртқаны бәйтеректің түбінде аңдып жатқан Айдаһар жұтып қояды. Айдаһар – жаз бен қыстың, күн мен түннің, жақсылық пен жамандықтың алмасып келуін бейнелейтін символ. Ал енді ағаштың өзіне келсек, бәйтеректің тамыры – жерасты, діңгегі – жерүсті, ұшар басы – аспан әлемін бейнелейді. Ал енді түйткіл неде?
Егер сіз Алматы мен Астанадан жырақ облыстарға, ондағы елді мекендерге шыққан болсаңыз, онда «Астана-Бәйтеректің» көшірмелерін көрген боларсыз. Олар тура түпнұсқадай болмаса да, жасалған материалы сапалы, пішіні де симметриялы, бас-аяғы жинақы, көрер көзге сүйсініс туғызса игі ғой. Өкінішке қарай, біз осы айтылған сипаттарға кереғар, қиқы-жиқы, бояуы келіспеген, сүйегі, яғни жасалған материалының сапасы да сын көтермейтін «Бәйтеректерді» көргенде, амал жоқ, «мынау «Бәйтерекке» пародия ғой?!.» демеске лаж жоқ. Пародияны білесіздер, күлкі шақырып, көрерменін күлдіруді мақсат ететінін. Еш айна-қатесі жоқ, елді мекендердегі «Бәйтерек» атаулыны көрген адамның оның түпнұсқасын көруге ынтызарлығы аумайды, керісінше, көңілі кілт суитындай. Кей ауылдарда ойлы-қырлы жерлерде картон секілді қауқылдақ қағаздан немесе пенопласттан жасай салған «Бәйтеректер» де бар. Енді бір елді мекендерде ол тіпті мал өрістен қайтатын жолда тұр. Яғни еліміздің символы «Астана-Бәйтеректің» «пародиялары» іспетті ескерткішсымақтардың сапасыздығы өз алдына, санитарлық жағдайы сын көтермейтіндей халде деуге негіз бар. Осы орайда Эйфель мұнарасын мысалға келтірсек. Ол салынғалы бері қанша ғасыр алға озса да, әлем жұртшылығы әлі күнге сол бір ғажайып сәулет өнерінің туындысын көзбен бір рет көруді армандап, Парижге жол тартып жатады. Мұның бір құпиясы Эйфель мұнарасының көшірме нұсқасын жасауға анау-мынауға рұқсат етіле бермейтіндігінде де жатса керек. Бұл жерде айтпағымыз, біз де «Астана-Бәйтеректің» көшірме нұсқасын жасауға шектеу қояйық деген сөз емес. Алайда ойланбасқа болмайды. Себебі символ – ойыншық емес, ол рәміздерден кейінгі, тіпті соларға жетеқабыл орынға лайық, соншалық құрметке лайық қой. Жарайды, Ту, Елтаңба немесе ақшаны көшіріп басу секілді «Астана-Бәйтеректің» көшірмелерін орнату заңмен қудаланбаса, яғни тыйым салынбаса да, бізге оның нақты стандарттарын белгілеу керек секілді. Ең бірінші ескерткіштің сапасы, екіншіден, оның көлемі мен мөлшері, үшіншіден, орналасатын жеріне қатты мән бермесек, жоғарыда аталған жайттар «Астана-Бәйтеректің» қадірін түсіруге белгілі дәрежеде ықпал етері сөзсіз. Ендеше, біз еліміздің басты символына дақ түсірмеудің, қадірін кетірмеудің қамын ойласақ. Астанаға аяғы жете бермейтін алыс ауылдардағы Алаш баласының «Бәйтеректі» көруге деген ынтызарлығын басып тастайтын көшірме нұсқаларына бей-жай қарамасақ. Қазақша айтқанда, «Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кері келмесе игі.