Қазақ қалай шоқындырылды?

Қазақ қалай шоқындырылды?

Ұлт тамырына балта шапқан миссионерлер
Қазақ елінің ескі шебінен Қытай және Ресей империяларының шекарасы ресми түрде белгіленіп, картасы сызылып бекітілген соң, 1862 жылдан бастап қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыс­тандыру саясаты ашық жүре бастады. Олар әлем картасынан «Қазақстан» деген сөздің өзін мүлде өшіріп тастауға тырысты. Тіпті «қазақ» деген ежелгі атын мансұқтап, «қай­сақ», «киргиз-кайсак» деп кемсітті. Қа­зақты жер бетінен аластамаққа талай зымиян айла-шарғы жасады. Қазақ арасында христиан дінін насихаттау, қазақты дінінен, тілінен ажыратып шоқындыру мем­лекеттік саясаттың стратегиялық ба­сым­дылықтарының біріне айналды.
Отаршыл Ресей империясы қол астындағы бодандарын діни танымнан, тілінен ажыратуға әбден төселіп алған еді. Сонау XIV ғасырдың өзінде-ақ коми халқы шоқындырылды. XVІ-XVIІ ғасырларда мордвалықтарды зорлықпен шоқындыру басталды. Бұған өршелене қарсыласқан мордвалар туған жерінен босып, Заволжье, Орал, Сібірге ауды. Сонда да православие дінін қабылдауға мәжбүр болды. Мордваның терюхан деген тайпасы тіпті орыс тілін ана тілі етіп қабылдап, ақыры орыстармен сіңісіп кетті. XVІІІ ғасырда шоқындырылу кезегі чуваштарға тиді. Бұдан соң татарларға ауыз салды.
Жалпы, отарланған халықтарды біртіндеп орыстандыру, шоқындыру мақсатын патша үкіметі ерте кезден-ақ ойластырғаны 1731 жылы сенаттың Еділ халықтары үшін арнайы түрдегі «Новокрешенская контора» дегенді құрумен де айқындала түседі. Сондай-ақ 1797 жылы келешек миссионер кадрларды даярлау үшін Қазан рухани академиясының ашылуы, «орыстандыру палатасы» мен «қоныс аудару кеңесін» құру – бәрі де алысты көздеген әрі жан-жақ­ты зұлымдықпен ойластырылған зы­миян­дық шара екендігі көрінеді. Осы мақсат тұрғысынан келіп, 1869 жылы Мәс­кеуде арнайы түрде миссионерлік қоғам ұйымдастырылады. Орыстандыру саясатын тікелей осы қоғаммен ұштастыра жүр­гізу қажеттігі анықталып, бұл іспен тікелей айналысатын арнайы түрде құрылған «Обрусительная палатаға» тапсырылды.
1869 жылы әскери губернатор Г.А.Кол­паковскийдің қолдауымен Верныйда (Алматы) жетісулық православие шіркеуі ба­уыр­ластығы ұйымдасты. Қазақстан­ның сол­түстігінде орналасқан Тобол епархиясы Қызылжарда (Петропавл), Көкшетауда, Атбасарда, Қарқаралыда, Ақмолада, Омбыда өзінің діни миссияларын ашты. Шы­ғыс аймақта алғаш Семейде, Өскемен­де, кейіннен Буконка деген казак станицасында осындай діни миссиялар құрылды. Бү­кіл Батыс Қазақстан аймағы Орынбор рухани консисториясы ықпалында болды.
Міне, осы діни миссиялар жергілікті халық арасында христиан дінін уағыздап, оны шоқындыру жұмысын жүргізумен белсенді айналысты. Қазақтарды христиан дініне көшіруді, негізінен, шіркеу қызмет­керлері (священниктер) жүргізді. Бірақ бұл іске орыс шаруалары да, казактар да, отар­лық шенеуніктер де – бәрі белсенді жұмылдырылды. Сөйтіп, ХІХ ғасыр ортасынан шоқындыру саясаты қазақ жерінде жүйелі түрде жүргізіле бастады.
Бұл туралы Жүсіпбек Аймауытов: «Қа­зақ­тың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып бере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылный школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрып, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа заман, мировой судья, крестьянский начальниктер шығар­ды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырып, қыр­қыстырды», – деп ашық айтқан еді.
Отаршылар кейде мейірімділік, қам­қор­лық көрсеткен болып, жетім қалған қазақ балаларын жинап, шоқындыруды да қолға алды. Бұл жөнінде мұрағатта көп­теген материал сақталған. Мысалы, 1817 жы­лы Орал казак әскерінің казактары 17 же­тім қазақ баласын бірнеше жыл жалшы етіп ұстап, бір­тіндеп бәрін шоқын­дырған. 1839-1841 жылдар арасында қазақ­тар­дың Кене­сары бас­таған көтері­лісін басу ке­­зін­­де орыс әскер­лері талқан­далған ауыл­­дар­дан жетім балаларды топтап алып ке­тіп, отар­шыларға жал­шы­лық­қа бөліп бер­ген және біртіндеп олар­дың бәрін шоқын­дырған.
1887 жылы Көкшетау уезінің Щучинск станицасында Тобол және Сібір спархия­сының қаржысына қырғыз миссиясының мектебі ашылды, оған оқуға 10 жетім қазақ баласы алынып, олар шоқынды­рылды.
Миссионерлер шоқындыруды ойдағы­дай жүргізудің тиімді бір жолы қазақтарды орыс шаруаларымен араластырып орналастыру, оларды шаруа қауымдастығына тарту, казак сословиесіне енгізу деп қа­рады. Миссионер Макарий Битон станица­сының жанынан жаңадан ұйымдасқан Преображен селосына 50 орыс шаруасы мен 30 жаңа шоқынған қазақ отбасын орналастырды. Міне, осындай аралас селолар Қазақстанның басқа да өңірлерінде пайда бола бастады.
1886 жылдың қазанында Өскемен уезіндегі Букон казак станицасына дала генерал-губернаторы Г.А.Колпаковский келді. Ол шоқынған 12 кедей қазақпен танысып, оларды православие дініне көшу­ле­рімен құттықтады және әрқайсына 5 рубльден ақша үлестірді. Сондай-ақ олар­ға жер бөліп беру және де басқадай көмек көрсету туралы нұсқау берді («Ақиқат», 1997, №3, 47-бет).
Шоқынғандардың басым көпшілігі кедейленген, қайыршыланған қазақтар бол­ған. Бұл жайтты орыс әкімшілік орындары, православиелік миссионерлер жақсы тү­сініп, өз мүдделеріне пайдаланды. Мысалы, далалық генерал-губернаторлықтың 1889 жылғы есебінде былай деп жазылған: «Қырғыз қауымынан малы да жоқ, баспанасы да жоқ кедейленген адамдар шықты және шығып жатыр. Бұл бақытсыздар жергілікті зауыттарда және рудниктерде, көбі­несе казактарда егіншілік жұмыстарына жал­данып, тапқан жалақысына өмір сүру­де. Бұл бақыт­сыз­дардың жағдайы қай­ғылы, өйткені дала­лық аймақтарда жалақы мардымсыз. Қа­зір­дің өзінде мұндай кедейлер көп мыңдап саналады... Христос ілімін күмәнсіз қабыл­дайтын, міне, осы орта. Құдай ілімі жақсы өнім беретін топы­рақ та осы болар, бәлкім, тек жаңа шоқын­ғандар священник-мис­сио­нердің рухани қамқор­лығынан тыс қал­мауы керек. Бұл үшін осы неофиттерден (жаңа шоқынған­дардан) ерекше қо­ныстар ұйымдастырған жөн» (ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 26-бет).
Генерал-губернатор Колпаковскийдің 1887-1888 жылдарға берген есебінде: «Бұдан 20 жыл бұрын Ақмола, Семей, Жетісу облыстарындағы қазақ даласында орыс шаруаларының қоныстары жоқ деуге де болатын еді.
Қазақтардың арасына орыс шаруаларын ауылдар мен қалаларға қоныстандыру мен үшін оңайға түскен жоқ. Орыстар қа­зақ даласына өздерінің тілін, әдет-ғұрпын және православие дінін ала келді. Мен мұны қазақтарға әсер етпейді деп айта алмаймын. Қазақтардың арасына ор­ыс­тардың келуі, руларды территорияға ауыстыру және ру басшыларын қайта сайлау қазақтардың рухани болмысына, психология­сына, салт-санасына өзгерістер әкелді...
Жақында Семейге Алтайдан бір мис­сио­нер келіпті. Әрине, ол қазақ даласы үшін өте аз. Мен оған менің билігімдегі қазақ­тарды христиан дініне қабылдасақ, оларға ақшалай, заттай сыйлықтар және Букень­скийден 600 десятина жер бөліне­тінін мә­лімдедім (Букеньскийде бүтіндей шо­қын­ған қазақтар тұрған). Омбының епи­скопы миссионерлік қызметті жандандырып, қа­зақтарды христиан дінін қабыл­дау­ға ерек­ше күш салуы керек» (ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 10-бет).
1890 жылы 27 ақпанда қазіргі Ақмола облысының Щучинск станицасында миссионерлік қос құрылды. Бұл қостың негізгі мақсаты – қазақ-татар балаларына аралас мектеп ашып, біртіндеп шоқындырып, болашақ миссионер кадрларды даярлау.
Осы мақсатпен 1891 жылғы 22 шілдеде «Консисторияның» Тобыл спархиясы қазақтардың арасына өз миссиясын дамыту үшін жоспар жобасын жасады:
1. Қарқаралы, Ақмола және Атбасар­дағы үш миссионерлік қостарда қазақ балалары үшін мектептер ашу керек.
2. Онда миссионерлердің тұрақты өкіл­­­­­дері болуы керек.
3. Алғашқы уақытта миссионерлерді жергілікті священниктерден бекітіп, оларға екі жыл ішінде қазақ тілін үйренуді міндеттеу керек.
4. Уақытша миссионер мамандарды даярлайтын орын Қазан рухани академия­сы болып, миссионер боламын деген талапкерлерге үш еселенген стипендия берілуі керек» (ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 38-бет).
Дәл сол кезде орыс миссионерлері күн өткен сайын қазақ даласына тереңдей со­зыл­ған күрес жолын бастаған болатын. Жа­ңа­дан шоқындырылған қазақ өмірін ба­қы­лау жұмысы орыс миссионерлері үшін оңай­ға түспеген сияқты. Себебі түрлі қатерге толы ты­нымсыз қала өмірі оларға үнемі кері әсе­рін тигізіп отырған. Олар көбіне бұрын-соң­ды ешқашан көрмеген және туған ауылдарында тыйым салынатын карта ойындарына, араққұмарлыққа, орыс үйлеріндегі жеңіл мінезді әйелдермен еркін араласу ісіне тез араласып, үйреніп кететін болған (ҚРОММ,, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 57-бет).
1901 жылы 11 қарашада Верныйда (Ал­маты) арнайы түрде миссионерлік спар­хиалдық комитет құрылып, оған қала­ның бас көтерер чиновниктері мен әскери қызметкерлері, купецтер кірді. Олар миссионерлік үгіт-насихатты өрістетті. Мысалы, священник В.Яковлев 1902 жы­лы Верныйда басылым көрген «Из истории церковной жизни Туркестана» деген кітабында: «...Мы, русские, призваны насаждать среди всего этого населения начало истинной религиозной жизни» деп жазған. Сол тұста православие дінінің қа­сиетті кітаптарын қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттау ісі өрбіді. 1860-1917 жылдар арасында қазақ тілінде осы діннің 72 кітабы аударылып, таратылуы – жай нәрсе емес.
1910 жылы ІІІ Александр қоры мен қоныс аудару басқармасы қоры Сібір мен Түркістандағы шіркеу құрылыстары және мектептері үшін 400 000 рубль бөлсе, 1911 жылы – 525 000 рубль, ал 1913 жы­лы 110 000 рубль бөлген (Азиатская Россия. Санкт-Петербург. 1914 г. 1, с. 239).
Яғни Ресей империясының өлкені руха­ни жағынан да отарлауға қаржыны аяма­ғаны көрініп тұр. Өлкеде православие дінін жергілікті халықтар арасында таратуда, насихаттауда миссионерлік жолға қалт­қысыз берілген миссионер ғалымдар Иль­минский, Остроумов, Алекторов, Васи­льев болса, ал осылардың тікелей орындау­шысы ретінде Шестаков, Синьковский, Ели­сеев, Пантелеймонов, Вишняков, Комаровский есімдерін атаймыз. Н.И.Иль­мин­скийдің бас­шылығымен православие ді­нінің уағыз­дары татар, туваш, қазақ, бурят, тұңғыс, мордва тағы да басқа түркі халық­тарының тілдеріне аударылды.
А.Байтұрсынов миссионер атаулының өткен тарихымен жете таныс әрі олармен тікелей қызметтес болуы себепті де, олар көздеген саяси түпкі мақсаттың шоқындыру мен орыстандыруға алып келерін біліп, төңкеріс алдында-ақ:
«...Хүкіметке жағымдысы – қол астын­дағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Ресей қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық іс болмас» («Қазақ», 1914 жыл 9 ма­мыр), – деген ой қорытындысына келуінде айтарлықтай терең таным, үлкен сыр жатыр. Өйткені Ресей империясының отаршыл топтары, әсіресе миссионер ға­лым­дары бұратана халықтардың бір тілде сөйлеуі, бір дінде болуын қатты армандап, осы жолда талай саяси амал-айлаларды қолданып, дегеніне жете алмауына біздің бағымызға Қазан төңкерісі себеп болған еді.
Шоқынғандардың арасында алғаш миссионердің алдауына, қулығына бай­қамай көніп қалып, соңынан үлкен қателік жасағанын түсініп, кері мұсылман дініне қайта оралғысы келетінін айтып, өтініш жасаушылар да көп болған. Мысалы, 1914 жылғы 15 қаңтарда Абыралы болысында тұратын Матек Идин (Матвей Ефимов) және оның әйелі Несібелі (Татьяна) Семей об­лысының әскери губернаторына жол­да­ған арыздарында 1902-1903 жылғы бол­ған ашаршылық кезінде өте ауыр, төзгісіз халде болғандықтан жеңіл­тектік жасап, христиан дініне енгендерін, екі балаларын да шоқындырғанын айта келе, бірақ православие дінінің рәсімдерін ешбір орында­мағандарын, жан дүниелері мұсылман болып қала бергендерін баяндай келіп, заң жүзінде қайта мұсылман болуына рұқ­сат етуді сұрайды.
Павлодар уезінің Бастау болысындағы Сейітқазы Оразов деген қазақ шоқынған соң Василий Яковлевич Меншиков болған. Бірақ кейіннен қатты қателескенін түсініп, қайтадан мұсылман болғысы келетінін айтып арыздана келе, былай дейді:
«Қазіргі кезде қасиетті православиені қабылдағаныма қарамай, менің жан дү­нием­нің дегенмен де мұсылман болып қалғанын түсіндім. Сондықтан жоғары мәртебелі сізден 1905 жылдың 17 сәуі­ріндегі аса биік жарлықтың төрт бабына (жарлық дін бостандығы туралы болған. – Т.К.) сәйкес мені Мұхаммедтің дініне көшіру туралы бұйрық беруіңізді өтінемін... Өйткені ата-бабамның дінінен бас тарта алмайтыныма менің көзім әбден жетті».
Патша үкіметінің отарлық әкімшілік орындары, отарлық шенеуніктер, миссионерлер қазақтарды шоқындыруды өзінің саясатының басты міндеттерінің бірі деп қараса, ал орыстардың арасынан мұсыл­ман дініне көшкісі келгендерге қарсылық көрсетіп, кедергі жасады. Мұндайды тіптен күнә, масқара, қылмыс деп санады. Осылайша дінін ауыстырғысы келген орыстар қудаланып, қысымға түсті, айыпталды.
Мысалы, Павлодар уезінде тұратын орыс қызы Аграфена Боротухина Ниязов деген жігітпен қосылып, одан екі бала тап­қанын, ал өзі мұсылман дініне көшкісі келетінін айтып, 1911 жылдың желтоқса­нын­да уез бастығына, облыстық әскери гу­бер­наторға, Ішкі істер министрлігіне, си­нод­қа дейін арыз (прошение) жазады. Бірақ оның арызы аяқасты қалып, ал бұл ісі күнә және қылмыс ретінде бағаланады. 1912 жылдың қаңтарында азынап тұрған аязда уез бастығы Аграфенаның екі баласын күш­пен тартып алып кетеді, шоқын­ды­ра­ды. Сонан соң оларды Вернорецкий де­ген қайырым­дылық қоғамына тапсырады.
20 жастағы Ульяна Козыренко Ақмола әскери губернаторына жазған өзінің өті­ніш­­терінде 10 жаста ата-анасынан айырылып, қазақтардың қолында өскенін, қазақ тілінде сөйлейтінін, қазақтардың әдет-ғұрпын­да, салт-дәстүрінде тәрбие­ленгенін, мұ­сыл­ман деп есептеуді өтінетінін айтады. Бірақ дін мәселесі департаментінің 1905 жылғы 18 тамыздағы нұсқауына өті­ніш қайшы деген сылтаумен оның өтініші де орындалмайды.
Аманқарағай болысының №1 ауылында қоныстанған шаруа Роман Гаврилович Цыганов әйелімен және жеті баласымен мұсылман дініне көшуге бекінгендерін білдіріп, Торғай әскери губернаторына арыз­данады. Осы арыздың айналасында отарлау әкімшілігі орындары мұны қылмыс деп түсініп, шу көтереді. Цыгановтарды мұсыл­мандыққа үгіттегендерді тауып, соттау керек десіп, біраз әуре болады және мұндай қадамға олар, бәлкім, жағдайлары нашар болғандықтан барған шығар, сондықтан да оларға көмек көрсетіп, мұсылмандыққа өтулеріне жол бермеу керек деген тоқтамға келеді.
Орск уезінің Чубердинский поселке­сінде тұрған Ольга Попова Ақтөбе уез бастығына Теректі болысының №2 ауылын­дағы Әлмұхамет Наурызбаевпен неке қиып, мұсылман болғанын хабарлап, өті­ніш жазады. Бірақ отарлық әкімшілік орын­дары оны кінәлап, айыптап, істі шешпей қойған («Ақиқат», 1997, №3, 48-бет).
Мектеп – рухани отарлау көзі
Ресей халық ағарту министрі граф Д.А.Толстой: «... Мұсылман мектептерінде дәріс беруді бүкіл орыс халқына өшпенділік дәнін себуші діни фанаттардың қолына беріп қою біздің ең басты саяси қатеміз болар еді», – деп есептеген. Сөйтіп, 1874 жылы Халық ағарту министрлігі барлық мұсылман оқу орындарын өзіне бағындыру туралы қаулы қабылдайды.
Патша үкіметінің мұсылман мектептеріне жасаған қиянаты мұнымен шектеліп қалған жоқ. 1876 жылы бұл мектептерде орыс кластары ашылды және осының өзі аздық еткендей, кейбір орыстандырушы миссионерлер мектептер мен медреселерде бұл істі кеңінен өрістетіп, келешекте оларды жай ғана таза орыс мектебінің санатына қосамыз деген пікірде болған.
Қазақстандағы патша әкімшілігінің жұ­мысы мұсылман мектептерінде орыс кластарын ашумен шектелмейді. Патшалық Ре­сей әкімшілігі мектептерде оқитын мұ­сылмандарды орыстандыру үшін білім беру ісінің «жоғарыдағы басшылары» олар­­ға орыс тілін, орыс тарихы мен географиясын үйрету керек деп санайды. «Әлем­ге аян империялық құрылыммен танысу, одан үлгі алу, сөз жоқ, бүлдіршіндер жүре­гінде Ресейге деген құрмет сезімін тудырады, олардың басқаша ойлауы мүмкін емес», – делінген 1913 жылы Халық ағарту министр­лігіне Түркістан өлкесінің генерал-губер­наторы жазған құпия хабарламасында (Ресей Федерациясы ОММ, 5451-қор, 1-тізбе, 25-іс, 289-бет).
1870 жылы Халық ағарту министрлігінің «О мерах к образованию населявщих Россию инородцев» заңы жарияланды. Бұл заң­да, негізінен, Ильминскийдің орыстандыруды көздеген миссионерлік педагоги­калық жүйесі ендірілді. Осы заңда орыс емес халықтар үшін үш түрлі категория бел­гіленді. Бірінші категория бойынша ұлт тілдерінде сабақ өз тілінде, бірақ міндетті түрде орыс алфавитімен оқыту талап етілді. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин ашқан мек­тептер осы категорияның ішіне кірді. Екін­шісіндегі сабақ таза орыс тілінде жүр­гізіліп, тек сабақ үстінде түсінбеген жерін ана тілінде айтуға рұқсат етілді. Ал үшінші категория бойынша сабақ та орыс тілінде жүріп, ана тілінде сөйлеуге рұқсат етілмеді.
Патша үкіметі орыс емес халықтар үшін мектептер ашқанда, оларды сауаттандырып, ғылым-білімге тарту үшін емес, кері­сінше, өздерінің күнделікті саяси-әлеу­мет­тік мұқтажына қызмет етер төменгі дәре­желі қызметкерлер даярлау мақса­тымен ашып отырған. Бірақ осы іспеттес шет ай­мақтарда ашылған мектеп атаулының бәрі де миссионерлік мақсатты мықтап ұста­ға­нын өте құпия деген белгі соғылған («Қазақ әдебиеті», 1990 жыл 2 ақпан).
ХІХ ғасырдың соңына дейінгі Қазақстан мен Орталық Азия халқының 90 пайызға жуығы мұсылман дінін ұстанған болса, Ресей империясының отарлау саясатынан кейін діни жағдай өзгере бастады. Өлкедегі діни ахуалды зерттеген орыс ғалымдары: «В Средней Азии число мусульман с 6.966.654 человек во время первой всеобщей переписи поднялось к началу 1911 года до 8.223.982 чел., невзирая на столь значительный абсолютный прирост, по отношению ко всему населению Средней Азии число мусульман с 90,3% упало до 79,6%. Наиболее сильно процент мусульманского населения понизился вследствии прилива русских переселенцев в Тургайской области и Степном генерал-губернаторстве, а именно: в Тургайской с 91,7 % до 65,9%, в Акмолинской с 64,3% до 38,1% и в Семипалатинской с 89,8% до 80%. Ровным образом число магометан заметно понизились в Семиречинской области с 90,1% до 83,3%», – деп жазады. (Азиатская Россия. С.Петербург, 1914, т. 1, с. 237).
Бодандық зардаптары
Патшалық Ресей кезіндегі жағдай Кеңес өкіметі тұсында өзгерер деген үміт те ақталмады. Кеңес өкіметі кезінде ислам дінімен күресу атеизмнің ең маңызды міндеттерінің біріне айналды. Олар ислам діні мен оның ғұламаларын жалған идеология мен отарлау саясатын жүргізуге бөгет болатын басты кедергі деп білді.
1924 жылы барлық мешіттер мен медреселер жабылды. Қолдан ұйымдасты­рыл­ған жалған жаламен ислам қайрат­кер­лері, дін ғұламалары абақтыларға қамал­ды, жер аударылды. Бас сауғалаған кейбіреулер шетелдерге кетуге мәжбүр бол­ды. Жүздеген жылдар бойы жиналған қол­жаз­балар мен діни кітаптар өртелді, суға тасталды, көмілді.
Елді осындай рухани аштық жайлаған кезде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Кеңес өкіметі амалсыз өзге діндер секілді мұсылмандарға да аз да болса діни бос­тандық беруге мәжбүр болды. Бірақ бұл әрекетін халықтар достығы ұранымен ұсақ ұлттарды алдаусыратып, оларды орыстандыру мен мәңгүрттендіру саясатын толассыз жүзеге асырып жатты. Бұл сая­саттың айғақты нәтижесі 194 ұлт пен ұлыс­тың алпыс жылдан астам уақыт ішінде 93-інің жұтылып кетуінде жатыр. Кейбір мүл­де мәңгүрттенген бозөкпелер төлқұжа­тына «советтік ұлт» деп жазуға ұрынды.
Қазақстанда қазіргі уақытта 4551 діни бірлестік әрекет етеді, 2851-і – исламдық, 306-сы – православтық, 1283-і – протес­тант­тық, 118-і – католиктік, 25-і – иудейлік және 4-еуі – буддистік. Арнайы зерттеу де­ректері бойынша, қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы қандай да бір дінді ұс­танады екен. Бұл ретте исламды қазақ­стандықтардың 64 пайызы ұстанса, хрис­тиан дінін ұстанатындар 29 пайызды құ­райды, ал қала тұрғындары­ның 6 пайызы өздерін атеист санайды. Өзін мұсылман­мын деп танитындардың басым бөлігі – қа­зақтар (94%). Орыс халқы христиан ді­нін ұстанады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста