«Қазіргі кезде журналистика мамандығын дайындау сапасы төмен» дегенмен келісесіз бе?
Эрнест ТӨРЕХАНОВ, Алматы қаласының «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, жазушы:
– Жасыратыны жоқ, қазақтілді журналистикаға келгендердің көбісі жеңіл-желпіге қарай жүгіреді, әдебиет, мәдениет, адами қарым-қатынас секілді тақырыптарды қамтысам дейді. Талай жасты жұмысқа қабылдаған кезім болды, барлығының экономика секілді ауқымды салаға талдау жасауға, ғылыми дәлелдеме тұрғысында сараптау жағына мүлде қыры жоқ. Қалай дегенмен де, мұның барлығы ұстаздар берген білімнің, оқыту жүйесі мен әдістеменің тиімділік таныта алмауының белгісі. Шығармашылық мамандық болған соң бұл арада оқыту мен тәжірибе бірге ұштасып жатуы тиіс. Алайда төрт жыл бойына тек теория алған жас алдыңызға келгенде аспаннан аяғы салбырап түскендей болады да тұрады. Сондықтан оны басынан бастап баулып, тезден өткізуге тура келеді.
Кез келген салада шеберлік класы өткізіліп жатады. Міне, осы журналистикада жоқ. Бұл дұрыс емес. Егер әрбір жазушыға немесе бұқаралық ақпарат құралының тізгінін ұстап отырған редакторға бірінші курсқа түскен балаларды теңдей қып бөліп берсе, олар оқуын тамамдағанша мықты маман болып шығар еді.
Ғабит МҮСІРЕП, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы:
– Бұл пікірмен толықтай болмаса да келісуге болады. Өйткені соңғы кездері журналистикада байырдан келе жатқан дәстүр үзіліп қалды. Бұрын мамандық алуға болашақ студент дайын келетін. Университет табалдырығын аттағанда оның қолында «Балдырған» журналына, «Ұлан» газетіне, жергілікті басылымға шыққан жарияланымдары болатын. Осыдан-ақ жастың таңдаған мамандығына машығы бары байқалатын. Ал коммерциялық бөлім ашылғалы мұндай үрдіс жайына қалды. Абитуриенттің бұл салаға ебі бар ма, жоқ па, қазір оны саралап жатқан ешкім жоқ. Сол себепті мұнда көлденең көк аттылар келе беретін болған секілді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, маманды дайындау оқытушының білімі мен білігіне байланысты екені белгілі. Тілшінің замана үрдісіне ілесе алмай жатуын әлемдік қолданыстағы тілді білмегендігімен байланыстырар едім. Өкінішке қарай, журналистикада шет тілін оқытуға басымдық берілмейді. Бөлінетін оқу сағаты да мардымсыз. Бірақ магистратураға қабылдауда міндетті түрде шет тілінен емтихан қабылданады. Тағы да бұл арада арнайы маман иесі емес, журналистикада бөтен біреулердің жолы болып жатады. Айналып келгенде, осының барлығы болашақ журналисттің бәсекелестік қабілетіне кері әсер етіп жатады. Сондықтан маманды даярлауда осы екі мәселеге айрықша көңіл бөлінсе дер едім.
Гүлжазира ЕРТАСОВА, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы:
– Жалпы, республика бойынша 14 аймақта журналистика мамандары даярланады екен. Соның ішінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің журналистика факультетінің техникалық базасы, оқытушылар деңгейі жоғары екені белгілі. Ал бұлардан тыс өңірлерде мамандар даярлаудың сапасы, шынымен де, көңіл көншітерлік емес. Өйткені техникалық қамтылуы жағын айтпағанның өзінде мұнда оқытушы аз, барының деңгейі керемет емес. Мәселен, Түркістанда журналистика мамандығы түркология факультеті ішіне еніп кетеді, сол секілді Қостанайда ол аударама ісі аясында оқытылады. Өз алдына жеке-дара факультет болмағандықтан да ондағы білім беру сапасының деңгейі қандай екенін аңғара беруге болады. Сондықтан сапа емес, тек санды білдіретін мұндай факультеттерді жабу керек немесе оқу сапасын арттыруға басымдық берілуі тиіс.