Рухты оятар ән қайда?
«Адамның жаны булығар еді ызадан, Қайғы мен мұңды қуып шықпасақ біз одан»...
...Кірлеген көңіл айнасын шайып, жанардан жас арқылы сыртқа шығарар бір құдірет болса, ол – поэзия, ол – ән. Әннің құдіреті сонда – өзінің дүниеге келген дәуірі мен сол тұстағы бүкіл елдің көңіл күйін, мұңы мен шерін жүрегіңе жеткізіп, тыңдаушыны сол заманның ортасына күмп еткізеді. «Қара таудың басынан көш келеді-ай...» деп басталғаннан-ақ «Ақтабан шұбырындының» қасіретін тартқан қазақ екенімізді сезіндіретін «Елім-айды» егілмей, сай-сүйегің сырқырамай тыңдау мүмкін емес. Осы секілді Тәуелсіздік түндігінің ашылуына түрткі болған Желтоқсанның да жан сыздатар жарасын жеткізетін әндер жадыңызда болар?..
Бір-ақ түнде ұлығымызды тағынан тайдырып, ұлтымызды бағынан айырғысы келген үстемшіл саясатқа қарсы халықтың ашу ызасы тұнып тұрған ән – «Қара бауыр қасқалдақ». «Иесіз қалған ұяның» «қаңғып келген шүрегейді» місе тұтпай, «қасқалдағын» жоқтаған зарлы әні сол кезде әр қазақтың әнұранына айналғандай еді. «Үш әріптің» күн-түн жұмыс істеп тұрған шағында бұл ән жайлы Колбиннің құлағына жетпеді деу күлкілі болар. Олай болса, «өлең авторы Есенғали Раушанов қалай қудалаудан аман қалды?» деген заңды сұрақтың туары сөзсіз. Ақынды құтқарған тапқырлығы болса керек. «Бұл өлең не жайлы?» – деген Бірінші хатшының сұрағына ол: «Арал проблемасы», – деп жауап берген көрінеді.
Ал дәл 16 желтоқсанда алаңға шыққан жастардың аузында қандай ән жүрді? Түкірігің жерге түсіп үлгермей мұзға айналатын аязда кеуделерге от берген Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстанымы» болса, сондай-ақ оқиға ортасында жүргендердің айтуынша:
Қара түнек серпiлдi, серпiлдi,
Ұйқысынан ел тұрды, ел тұрды!
Атқа мiн, қазақ, атқа мiн,
– деген тәрізді тағы бір ән әуелепті.
Желтоқсан тек Алматының алаңында ғана болды десек, қателесеміз. Сол тұста елдің барлық өңірлерінде өрімдей жастар толқыды. Тіпті жүрек толқынысын ән қылып төгіп, өлең қып өргендер бар. Мәселен, қазіргі күні Желтоқсанның ұранындай болып кеткен «Желтоқсан желі» әннің авторы Әбиірбек Тінәлиевтің айтуынша, Алматының қақ ортасындағы алаңдағы қанды қырғын болған үш күннің екінші күні, яғни 1986 жылдың 17 желтоқсанында жазылыпты. «Ол кезде мен Жамбылда тұратын едім. Бізді Алматыға жібермеді, сол себепті біз қапалы күйде үйімізде отырдық, сол үшін әлдекімдерге ренжідік... Сол кезде туған ән еді – бұл. Ақын Әбдірахман Асылбеков ағамызды тауып алып, әлгі әнге сөз жазғыздық», – деп еске алады автор.
Отан жайлы шырқағанда жүрегіңді жұлып алардай әндер де көп болды, олар керемет дәріптелді де. Солардың бәрі дерлік мемлекеттік тапсырыспен жазылса да, әлі күнге – ел аузында. Ал қазір қарап тұрсақ, адамдар үшін патриотизм оншалықты қымбат құндылық болмай бара жатқандай. Біз мұны елге, жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті білдіретін әндердің аз шырқалуына қарап айтып отырмыз. Әнұранды қоспағанда, «Әлия», «Атамекен» секілді әндерді саусақпен санап беруге болатындай. Осы орайда «біздің сазгерлер неге осы тақырыпта белсенділік танытпайды?» деген сұрақ туындады. Кейінгі кездері «Ақ шағала», «Қазақстан – елім менің» секілді марш екпінді әндері Қарулы Күштеріміздің аузында жүрген композитор Қайрат Жүнісовке хабарласқан едік.
Қайрат Жүнісов, сазгер:
– Қазір біздің кеудедегі рухымыз асқақ шыңынан көріне алмай тұр-ау шамасы, себебі патриоттық тақырыптағы әнге деген орындаушының да, тыңдаушының да қызығушылығын онша аңғармай жүрмін. Сондықтан «тыңдаусыз қалған сөз – жетім» дегендей, шығарушының да ондай туынды тудыруға ықыласы болмасы сөзсіз. Әншіні асырап отырған халық болған соң, сол көпшілік қауым нені қалайды, соны орындауға мәжбүр. Той әндерінің дәурені жүріп тұрғаны да – сол халықтың сұранысынан туған іс. Қалай дегенмен де, бұлай қамсыз отыра беруге болмайды, бәлкім, байқаулар ұйымдастыру керек пе, әйтеуір, бойдағы отаншылдық сезімнің ұйықтап кетпеуін қадағалау керек қой.
Бүгінде Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының – ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов еліміздің мәдениет министрі болған тұсында патриоттық әндер байқауын өткізуді қолға алып, «Бесік жырынан бастап, балабақша, мектеп, үйлену тойы, әскерге шығарып салу кеші, сарбаздар қатарында, ең аяғы дастарқан басындағы әндерден біз өз ұлттығымыздың бастауын көруге тиіспіз», – деген болатын.
Түйін:
Ендеше, солай етуге бізге не кедергі? Әлде әлемді жайлаған эгоцентризм мен космополитизмнің әсері ме? Егер сенде Отан болмаса, ел-жұрт болмаса, ондай өмірдің не құны бар? Сондықтан еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін, ең алдымен, басты құндылық ел, егемендік болса керек-ті. Әйтпесе Отанға деген махаббаты жоқ жүректен не пайда? Азаттыққа ұмтылған шақта денеміздің сол жақ тұсынан дүр сілкінген рухты қайта қалғытып алмауды неге ойламаймыз?