Әлемді басқаратын құпия "Комитет 300"
Соңғы жылдары жер бетіндегі мемлекеттерді бір уыста ұстап, өздерінің дегендерін істетіп, басқарып отырған құпия, бірақ өте күшті әлеуетті топтың бар екендігі жайында әр-әр жерде жиі айтыла бастады. Тіпті дискілерге арнайы жазылған әлдебір масондардың жасап жатқан әрекеттері туралы лекциялар да пайда болды. Егер оған сенетін болсақ, жер бетіндегі тәуелсіз мемлекеттерді сол елдердің президенттері емес, «Комитет 300» адамдары басқарады. Бұл 300 адамнан тұратын комитет мүшелері өздерін «әлемдегі ең таңдаулылармыз» деп, планетаның қалған тұрғындарының бәрін пайдасыз бозөкпелер деп есептейді дейді білушілер.
Сол қалған ештеңеге пайдасы жоқ бозөкпелерден бірте-бірте арылу үшін таңдаулы топ соғыс өртін тұтандырады, жаңа ауруларды ойлап тауып, әртүрлі дағдарыстарды қолдан жасайды, есірткі мен ішімдікті таратып, жезөкшелік пен порнографияны насихаттайтын көрінеді. Қысқасы, адамзатты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, бір-біріне айдап салып отырады.
Ойлап қарасаңыз, мұның бәрі ақылға қонбайтын, барып тұрған сандырақ сияқты. Солай десек те, МИ6 (SIS) арнаулы қызметінің ағылшын барлаушысы Джон Колеманның «Комитет 300. Әлемдік үкімет құпиялары» атты кітабын оқыған адам шынында да бейжай қала алмайды. vlasti.net сайтында осы кітаптан үзінді жарияланыпты. «Британ барлауының кадрлік офицер қызметін атқарып жүрген кезімде мазмұны айрықша ашық жазылған қатаң құпия құжаттармен жұмыс істеуге бірнеше рет тура келді. Сонда мен бірнеше мемлекеттің үкіметтерін қандай күштің бақылап, басқаратынын білдім. Бұның мені қатты ашуландырғаны соншалықты, осындай ұйымның бар екендігінен хабарсыз әлемге өзім білген нәрселерді жария етуім керек деп шештім. Көз алдарыңызға банк ісі, сақтандыру, көмірсутек өндіру, медикаменттер саудасы, мұнай өнеркәсібі - бәрін өз қолдарына шоғырландырып, ешқандай ұлттық шекараны мойындамайтын алпауыт топты елестетіп көріңіздерші. Ол топ тек осы топтың мүшелері алдында ғана есеп береді. Бұл «Комитет 300» әлемді бақылайтын жоғарғы ұйым, 1897 жылдан бері қарай билік жасап келеді. Оның діңін бүгіндері планетадағы ең ықпалды 300 адам құрайды» дейді отставкадағы офицер.
Колеманның айтуынша, «Комитет 300-ге» құпия ұйымдар мен әлемнің ақыл-ой орталықтары жұмыс істейді. Олардың бірқатары:
«Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес» 1921 жылдан бері АҚШ пен Батыс әлемінің ең ықпалды адамдарын (бұрынғы және қазіргі президенттер мен Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) қызметкерлеріне дейін) біріктіреді. Оны құрған америкалық банкир Морган болып табылады. АҚШ-тың федералдық резервтік жүйесін, Нью-Йорк қор биржасын және жетекші бұқаралық ақпарат құралдарын бақылайды.
«Бильдерберг клубы» (алғашқы отырысы Голландиядағы Остербек қаласында орналасқан «Бильдерберг» қонақүйінде өткендіктен осылай аталды) 1954 жылы құрылып, америкалық және еуропалық элитаның басын біріктірді.
1968 жылдан бастап «Рим клубы» «Комитет 300-дің» сыртқы саясатында негізгі бөлімшесінің біріне айналды. Ол ғалымдар, жаhанданушыларды, футурологтар мен әртүрлі ұлттың инерцационалшыларын біріктіреді. Өзінің жекеменшік агенттіктері бар, сонымен қатар ақпараттарды Интерпол, ФСБ және Моссадтан алады.
1973 жылы маңызды үшінші жүйе - «Үш тарапты комиссия» пайда болды. Оған АҚШ, Еуропа және Жапония өкілдері кіреді. Мақсаты - жаhандық жоспарлау және ресурстарды ұзақмерзімді бөлу механизмін құру.
Бұл ұйымдардың жұмысын басқаратын миллиардер Дэвид Рокфеллер.
Ал осы аталған төрт алпауыттың көмекшілері мыналар екен - «Дөңгелек үстел», «Милнер тобы», «Қасиетті Иоанн Иерусалимский ордені», «Маршалл германиялық қоры», «Чин қоры», «Фабиан қоғамы», «Венециандық Қара аристократиясы», «Монт Пелерин қоғамы», «Тозақ жалыны клубы» және масондар. «Бірақ бұлар да толық тізім емес» дейді Колеман. Оның мәліметтері бойынша, «Комитет 300-ге» Англияның королевасы, Нидерландлардың королевасы, Данияның королевасы, Еуропаның королдік отбасылары, Джордж Буш, Эдуард Картер, Хьюстон Стюарт Чемберлен, Уинстон Черчилль, Франсуа Миттеран, Жан Моне, Эрнест Оппенгеймер және оның мұрагері Гарри мүше болған. Бұлардың жартысынан көбі о дүниелік болып кеткелі қашан. Әйтсе де, олардың орнын солардың ұрпақтары, мұрагер-ізбасарлары басуда.
Колеман жаңа әлемдік тәртіпті «Комитет 300» көзқарасына сай былай деп сипаттайды:
Көсемдері туралы: Біртұтас әлемдік үкімет және біртұтас ақша жүйесі болады. Заңы - Орташа тап жойылады. Тек билік жасаушылар мен қызмет көрсетушілер ғана болады. Барлық заң әлемдік соттың әділет жүйесі аясында бекітіліп, бір ғана заң кодексі пайдаланылады. Оның орындалуын Біртұтас әлемдік үкімет полициясы бақылайды. Ал біртұтас әлемнің біріккен қарулы күштері заңдарды шекаралары жойылып кеткен бұрынғы елдердің бәріне күштеп енгізеді.
Діні - Біртұтас әлемдік үкіметтің 1920 жылдан бері қарай құпия түрде өмір сүріп келе жатқан шіркеуі түрінде бір ғана дінге рұқсат беріледі. Христиандық шіркеулердің бәріне тыйым салынады.
Бақылау - барлық адамға идентификациялық нөмір (ИН) жасалып, НАТО-ның Брюсселдегі компьютерінің қосымша файлына сол адам туралы ақпараттармен бірге енгізіледі.
Ресурстар - Жер ресурстарын пайдалануға рұқсатты тек «Комитет 300» мүшелері мен олардың қалаған адамдары ғана береді. Ауыл шаруашылығы тек солардың қолында болады, ал тағам өнімдерін өндіру қатаң түрде бақылауға алынады.
Әлеуметтік саясат - 2050 жылға қарай 4 миллиардтан астам «арамтамақ» шектеулі соғыстар, ұйымдастырылған қауіпті эпидемиялар, жедел о дүниеге аттандыратын аурулар мен ашаршылықтың арқасында жойылатын болады. Электр энергиясы, тамақ, су көлемі ең алдымен Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың ақ нәсілді тұрғындарының өмір сүруін қамтамасыз етуге жеткілікті болатындай ғана мөлшерде босатылып тұрмақ. Содан кейін ғана өзге нәсілдер олардан артылып жатса, тамақтана алады. Жалпы, планетада өмір сүруге құқылы деген 1 миллиард адамның 500 миллионын қытайлар мен жапондықтар құрауы тиіс деп есептеледі. Өйткені көптеген ғасырлар бойы билікке шексіз бағынуға дағдыланып қалған деп есептейді комитетшілер. Оқтын-оқтын тамақ, су және медициналық көмек тапшылығы қолдан жасалып, планета тұрғындарына «сендердің өмір сүрулерің алдымен комитетшілердің қалауына байланысты» дегенді салып тұру көзделеді.
Ақша - ешқандай қолма-қол ақша деген болмайды. Барлық есепшот дебеттік кәртішке арқылы жүзеге асырылады. «Комитет 300» нормалары мен ережесін бұзған кез келген адамды оның кәртішкесінің қозғалысын тоқтатып қою арқылы жазалайды.
Кітап авторы Колеманның айтуынша, Әлемдік үкімет адамдардың миын шатастырумен айналысуда. Тарихты қайта жазып, «еш мінсіз адамдар» жасап, жер бетіндегі тұрғындардың санын қысқартуға күш салуда.
«Бейімдеу» - 1922 жылы «Халықаралық іс жөніндегі корольдік институт» бұйрығы бойынша жасалған әдіс. Соның негізінде адамдардың ойы мен қылықтарына ықпал жасайтын нейролингвистикалық программалау әдісі дүниеге келді. «Бұл әдісті майор Джон Риз (британдық әскери маман) 80 000 қоян мен тұтқынға түскен солдаттарға пайдаланды. Одан кейінірек Суссек университетінде миды жуу орталығы ұйымдастырылып, елді мекен тұрғындарының миын тазартуға бет бұрды. Бұл өте құпия мекеме «Ғылыми саясатты зерттеу институты» деп аталды» дейді автор. Атақты миллиардер Рокфеллердің қоры екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін қоғамның мінсіз тарихын жасау жөніндегі жұмыстарды қаржыландырады. Сонымен қатар Рокфеллер қорының ақшасына жабық лабораторияларда пробиркада болашаққа қажетті дана адамдар мен құлақкесті құлдыққа мойынсұнатын солдаттарды өсіріп шығару жоспарлануда. Әзірше адамның генін зерттеп, сол арқылы дана адамдардың гені мен оның сапасы туралы генетикалық карта жасалады. Әлемдік үкіметтің конференцияларының бірінде әлем халқының санын реттеу бағдарламасы құпталыпты. Оның басты мақсаты - батыс өркениетіне қатысы жоқ елдерде тууды күрт қысқартуды қамтамасыз ету. Бұл бағдарлама 100-ге жуық мемлекетті қамтып, тіпті еркектер мен әйелдерді ұрықтан күшпен тазартуға дейін барады.
Әлемдік үкімет құрамы жоспарға байланысты «Бильдерберг клубы», «Үштарапты комиссия», «Рим клубы» секілді құрылымдардың құпия отырыстарында айқындалады. Біртұтас әлемдік жүйеге көшу талаптарын дайындайтындар да осылар. Сол үшін стратегиялық маңызды деген мемлекеттерде «ұлттық филиалдар» құрылуда. Перспективасы бар саясаткерлер, журналистер, интеллектуалдар мен қаржыгерлер және сарапшылардан тұратын биліктің жанама құрылымдары жасалуда. Олардың мақсаты - Әлемдік үкімет жобасы өзін ашық жариялар алдында қоғамдық пікірді қалыптастыру болып табылады.
Қысқасы, Колеманның кітабын оқып отырып, төбе шашыңыз тік тұрады. Тура бір америкалық шытырман кинолардағы жасырын лабораторияларға тап болып, ниеті қара, тек өз билігін жүргізу үшін қоғамды неше түрлі эксперименттен өткізетін, ауа мен суды ақшаға сатып, халықты қинайтын билікқұмарлардың жер астындағы құпия мекеніне кіріп кеткендей күй кешесіз. Бұл - аңыз ба, әлде ақиқат па? Иә болмаса, адамзатты үрей құшағында ұстау үшін әдейі таратылып отырған саяси ойын ба?
«Фантазия отстает от науки» деген сөз Кеңес одағы кезінде жиі айтылатын. Яғни ғылым орындалуы мүмкін емес ойларды жүзеге асыруда. Табиғи ресурстардың шектеулі екендігіне байланысты адамзаттың дамуы туралы жоспар құру ақымақтық. Ғылыми ой бір орнында тұрған жоқ, осыдан 100 жыл бұрын фантастика болып есептелетін проблемалар бүгінде ойыншық болып қалды. Энергетикалық қондырғылар арқылы бүгінде қарапайым тау жыныстарын кез келген зат пен материалға айналдыруға болады. Сондықтан жер байлығы азайып барады, оған тек алпауыттар ғана иелік етіп, планетаны басқаруы тиіс деп ойлаушылар бар деген бекершілік» дейді ғалымдар. «Лайым солай болсын» дейміз біз де.
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА
"Айқын" газет