Көгілдір әлем құпиясы немесе Алматыны гейлер ордасына неге айналдырдық?

Көгілдір әлем құпиясы немесе Алматыны гейлер ордасына неге айналдырдық?

Интернетті аша қалсаңыз, Қазақстандағы өз жынысынан безген міскіндер туралы дерекке көз сүрінеді. Гейлер мен еркекшораларға арнал­ған порталдар мен форум­дар­ға тоқтау болса ше, шіркін? Қайта орыстілді ақпа­рат көздері солардың құқы­ғын қорғап, сойылын соғып әлек. Ал Алматы әлдеқа­шан «Қазақстан гейле­рінің ордасы» аталып кетті.
Қазақтың бір кездегі бас қаласы енді гейлердің ордасына айналды. Өйткені Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан тәрізді көрші елдердің «қылықтыларының» бәрі кеңқолтық бізді келіп паналайтын көрінеді. Бір ғана Алматыда жүзден астам клуб бар. Оның қаншасы өз жынысынан безінген бейбақтарға тиесілі екенін есептеп жатқан ешкім жоқ.
Сынақтан сүрінбедік
«Мың рет естігенше, бір рет көрген артық». Гей-клубтардың тізімі мен мекен-жайларын алып, журналистік зерттеу жазу мақсатында Алматы шәр-шаһарын аралау­ға шықтық. Әуелі чехиялық Петер Бутка Қазақ­стан қызтекелері туралы айдай әлемге паш етіп, деректі фильм түсірген клубтарға бет бұрдық. Расын айту керек, бұл қымбат клубтарға кіруге біздің қалта көтермеді. Қасында «сыңарың» болмаса, есіктен сығалаудың өзі қиын екенін естіп, салымыз суға кетті. Сосын көгілдірлер клу­бы­ның ең арзанын  іздеуге кірістік. Кез кел­ген клубтың көзден таса, қараңғы­лы­ғы қоюлау жерде орын тебері бесенеден белгілі. Сейфуллин даңғылы мен Әйтеке би көшесінің қиылысындағы бұл жынойнақ та жайшылықта адам аяғы баса бермейтін түкпірде орналасыпты. Есіктің маңдайша­сында мекеме атауы жоқ, тек «бар-клуб» деген де қойған. Пост-күркеде отырған күзетшіден жөн сұрадық. «Саған керегі гей-клуб болса, қателескен жоқсың. Бірақ олар кештеу жиналады», – деді аузынан арақ исі бұрқыраған қарауыл. Ымырт үйіріле әлгі жерге қайта оралдым. Клуб кіреберіс табалдырығын аттап барып, абды­рап тұрып қалдық. Тарс жабылған сұсты есіктің ұстайтын не тұтқасы жоқ, не қоңырауы жоқ екен. Әп-сәтте есік айқара ашылып, ар жағынан көрінген күзетші «не керек?» деп иегімен ым қақты. Қапелімде «клуб жұмыс істей ме?» деген сөз аузымыз­дан әрең шықты. «Иә, тек түнгі 11.00-ден бастап ашы­ла­мыз» деп тіл қатты. Әне-міне деген­ше уақыт зыр етіп өте шықты. Алма­ты­­ның жылауық аспаны баяғы әдетіне басқан. Сорғалап аққан жауынмен жары­сып, гейлер де клуб ауласына шоғырланып жатыр. Есік алдындағы қалқаға іліккендері ілігіп, ілікпегендері малмандай су болып тұр. Тобырдың сол жақ қапталынан келіп мен де қосылдым. Өзара күбір-күбір тілдеседі, жырқ-жырқ әзілдеседі. Жаңадан келіп жатқандарын бет сүйіп, емен-жарқын қарсы алады. Барлығы бір-бірін бұрыннан жақсы білетіндіктері соқырға таяқ ұстат­қандай ұғынықты. «Қайдан адасып келген жан?» дегендей, әлдебір сынай қараған сықси көздер өңменімнен өте қадалады. Сөйтіп тұрғанда  топталып  дәлізге де ен­дік. Еңгезердей әйел жастардың ақ­ша­­сын «қағып алып», билет ұстатып жатыр. Мұнда­ғылар топ-тобымен келіп «екі адамға», «төрт адамға» деп билет алғанда мен «өзіме ғана біреу» дедім естілер-естілмес сенімсіздеу. «Осы мені кіргізер ме екен, кіргізбес пе екен?» деген күдік ой-санамды шырмап алды заматта. «Қайда келгеніңізді білесіз бе?» – деді әлгі әйел онсыз да қысыңқы көздері одан сайын сығырая тесіліп. «Әри­не» деп жауап бер­дім. Сосын клуб атауын сұрады. Мен тағы да мүдірген жоқпын. Билетімді қолыма ұстатты. Билетте «Сыртқа шығуға тыйым салынады. Айыппұл – 1000 теңге» делініп­ті. Келген қонақ­тарын қамап ұстайтын мекемені тұң­ғыш көруім – осы. Әрмен қа­рай әрі төрт­бақ, әрі тапалдау күзетші қо­йын-қонышы­мызды, қалтамызды арнайы тексеру құ­рыл­­ғысымен сүзіп шықты. Бұл сынақтан да сүрінбей өттік-ау ақыры.
Қалта қаққан қарақшылық
Айналасы ат шаптырым аумақта би алаңы жасақталыпты. Қара түнек қараң­ғы­лыққа әр жерден бір өлімсіреген сәу­лелер нәр беріп тұрғандай. Әуелі ешкім жайғаспаған бір биіктеу үстелге жайғастым. Қол-аяғы ылдым-жылдым даяшы қыз ұшып-қонып жетіп: «Сіз бұл орынға алдын ала тапсырыс беріп пе едіңіз?» – деді. «Тап­сырыс берілмесе, төменіректегі орын­дарға барыңыз. Алайда кез келген орынға жай­ғасу құны – екі мың теңге. Ішіп, жер бір­деңе алсаңыз да, алмасаңыз да, сол баға», – деп кесіп айтты. Жоғары қабат­тағы вип орын­дардың мүлде қымбаттығын айтқызбастан түйсіндім. Биге арналған алаңқайдың шығыс қапталындағы барға қарай ат ба­сын бұрдым. Барда етжеңділеу орыс қызы мен талдырмыш қазақ жігіті тұтынушыларға қызмет көрсетіп тұр. Дая­шы жігіттің дене­сіне етпен-ет болып жабыс­қан киімі, мың бұралған бишілердің өзін шаң қаптыратын нәзіктігі тіпті ерсі көрінді. Жауын астында тоңыңқырап қалған соң, бой жылытып алмақ оймен бір кесе шай сұрадым. Бір кесе шәйінің өзі екі жүз теңге екен. Осы тә­різ­ді жынойнақтың иелері азғындық жолға басымен кеткендердің есесімен аста-төк табысқа кеңеліп отыр екен-ау. Көлденең көк аттылардың көлең­келі бизнесінен әкімдіктердің аузы май­ланып отырған шы­ғар. Әйтпесе, тамырын тереңге бекітіп үл­гер­ген азғындарға әлде­қашан тыйым бо­лар ма еді.
Лесбиянканың жан сыры
Сол қапталымда сыраны суша сіміріп тұрған егделеу тартқан әйел әңгімеге тартты.
– Бұл клуб емес, «дешевка». Нағыз гей-кулбта қыз бен жігіт билемейді, тіпті лес­бияндар мен гомоларды бір жерге қоспай­ды, –деп, ортада есерсоқ әуенмен секектеп жүрген қыз бен жігітке қарап күйіп-піседі.
– Неге сондай қымбат гей-клубқа бармадыңыз?
– Қазір материалдық жағдайым көтер­мейді. Мәскеу мен Алматыда мен көрмеген клуб қалмады. Мәскеудегі ең қымбат гей-клубтарға кіру ақысы – 20 мың теңге, Ал­ма­тыдағы ең қымбат гей-клубқа кіру 10 мың теңге тұрады. Бір шыны сыра 7 мың теңгеден кем емес онда. Менің махаббат құрған адамым өте бай әйел еді. Соның ар­қасында бармаған жерге барып, көр­мегенді көрдім. Менің өмірімді ойран қылған да сол. Ол қатынның айтқанымен жүріп, айдағанына көндім. Енді бәрін тастағым келеді. Бұл – соңғы қыдыруларым. Іштей соған бекідім. Шешем мұнда жүргенімді естісе, өлтіреді.
– Шешеңіздің жасы нешеде?
– Сексеннің сеңгіріне шықты. Өзім де елу екіге толдым. Шешеме қатты борыш­тар­мын. Үш бірдей баламды бағып-қағып, адам қатарына қосты.
– Мұндай жағдайға қалай тап бо­лып жүрсіз?  
– Күйеуімнің қайғысы мені күйретіп кетті. Дертімнің дауасын ішімдіктен іздедім. Сөйтіп жүріп, бай орыс әйелдің қолжау­лығына айналдым. Бақандай жеті жыл би сабағынан дәріс берген едім. Менің биші­лігімді пайдаланды ол. Осындай кештерде ортаға шығарып, билетіп қоюшы еді. Не керек, түнгі клубтарда жалаңаш билеу де үйреншікті әдетке айналды. Сен ше? Сен мұнда не істеп жүрсің?..
– Ол – құпия, айта алмаймын. Бар­мен түнгі екілер шамасында шоу бола­ды деді. Соны күтіп жүрмін?
– Ұялмай-ақ қой, мұнда ешкім еріккен­нен келмейді, – деп бір сырымды біліп қойған­дай масаттанып күліп алды.
– Есіміңіз кім?
– Менің есімім – Галина. Ананы қара­шы, темекі шегіп билеп жүргенін. Дұрыс гей-клубтарда бүйтпейді.
(Ортада бір емес, қыз-жігіті аралас бірнеше адам темекімен билеуде екен). Мына бармен менің құрбымның ұлының «сүйіктісі». Қандай сымбатты бала қызтеке болып қор болған, а? Құрбым өз ұлына «оны қайтесің, доғар енді» десе, «шеше, мен оны сүйем» деп шыр-пыр болады. Бұл әлемде қыз жетпей қалғандай... Осы кезде бардың маңына ірі-ірі төрт азамат келді. Ішінде қарны қампиған, таз басы тақырай­ған орта жастан асқаны да бар.  Темекілерін асықпай тартып, ішімдігін саспай сіміреді. Айналасына сұсты кейіппен барлай көз салады олар.
–  Мен бұларды білемін. Жас балаларды алдап алып кетіп, білгенін істейді,– деп сыр бүкпеді Галина.
Қыздай сызылған бір жас бала келіп Галинамен құшақтасып амандасып кетті. Қызтекенің ұлты – қазақ. Ешкінің құйры­ғын­дай шолтиған бұрым да қойып алыпты. «Асик – менің шәкіртім. Билеуді оған мен үйреткенмін», – деп мақтанып қояды әйел әлгі гомосексуалисті артынан нұсқап.
Барға ең жақын үстелде «лесбиянкалар» жайғасты. Екі қыздың дене бітімі шомбал тартып, еркектеніп кетсе, енді біреуі тал­дырмаштың талдырмашы екен. Еркектік сипат ала бастаған қазақ қызына ақ шашты орыс қызы еркелеп, еміреніп барады. Жыландай иретіліп билеп, алдына бір оты­рып, арқасынан бір құшып, өліп-өшуде. Галинаның «баяғы ауруы» қозды ма, қыз­дарға қызыға қарап, аңсары ауды. Бірақ олар кәріні қатарға қосып қайтеді?..       
Жердегі тамұқ немесе жынысынан жерінгендердің жынойнағы
Уақыт зымырап өткен сайын келуші­лердің қарасы арта берді. Жігіттер мен жігіттер, қыздар мен қыздар шыр көбелек айналып билеп жүр. Арасында бір-бірін құрыштай құшақтарына алып, еріндеріне тыным бермей жүргендері қаншама? Масы да, есірткімен еліргені де жеткілікті. Бар даусымен дүңкілдеген музыка төбең­нен зілтемірмен соққылап жатқандай-ақ. Дүрс-дүрс, дүңк-дүңк... Осылай шексіз қайталана береді. Иә, мұндағы жұрт мұны елейтін емес. Қайта әуен неғұрлым қатты шыққан сайын бастарын оңды-солды жұлқып, екі иықтарын жұлып жеп барады. Жанарлары мәнсіз, нұрсыз болып көрінді. Дүние әлем-тапырық көк тұман тәрізді. Бас зеңгіп, ми айналады. Ішімдік пен темекінің мүңкіген сасық иісі қолқаны қабады. Оған тағы жерді тесіп жіберердей билеушілердің ащы тері мен адам санының көптігін қосыңыз. Ине шаншар жер жоқ қой тіпті.
Араққа тойып алып, әркімді қағып-соғып, жағасынан алып жүрген тақырбас жігіт ең ақыры күзетшімен жұдырықтасты. Мастың аты – мас, бір соққаннан қалмай-ақ қалпақтай ұшты.
 Көгілдірлер негізінен қызыл, жасыл, ақ тәрізді ашық түсті киім киінеді екен. Дене бөлшектерін де барынша көрсетіп бағады. Құлақ, мұрын, кіңдіктеріне сырға, найза­дай істік темір таққан, шаштарын ақ, қызыл, көк түске бояған, жалаңаш денеле­ріне алабажақ тату салған, қастарына та­туаж жасатқан, бет-ауыздарына бес тонна бояу жаққан еркек екені, әйел екені бей­мағ­лұм міскіндерден сүрініп жығыласыз. Қазақтың атпалдай азаматтары ұзын көй­лек киіп, ер басымен еркектермен ойнап-күліп жүргенін көріп, жаға ұстадық. Гей-клубта саны жағынан қазақтар басымдыққа ие. Әйтсе де, мұнда жалғанды жалпағынан басып жүрген, негізінен, «күн тимеген, жел үрмеген» қалалық ақсаусақтар.
Әзәзілдің ермегіне айналған қауымның көңілді басқосуын жартылай жалаңаш әншілер мен бишілер «қыздырды». Пира­ми­далық үлгіде жасалған 8-10 метр биіктіктегі сахнаға бір қыз, екі жігіт көтеріл­ді де, қамшыдай ирелендеп билей жөнел­ді. Сосын жүргізушілер жер-көкке сыйғыз­бай мақтап, әлдебір «көгілдірлерді» ортаға шақырды. Өздерін «аруға» балайтын төрт жігіт көрсе көз ұялар анайы қылықтарымен «жанкүйерлерін» баурап-ақ алды. Дауыс­тары қиқылдап-шиқылдаған, не еркек, не әйел екені түсініксіз дүбәралар «өнер көр­се­те» бастады.
Ақырғы таныстық
Түнгі 11.00-де басталған жынойнақ таңғы 05.00-де түйінделе бастады. Бұл уақытта төбелесушілердің де, мас болып орын­дықтарда ұйықтап қалушылардың  да қатары артқан. Әжетханаға қайта-қайта кіріп-шығып жүрген нашақорлар жерге домалай бастапты. Сеңдей соғылыса бастаған тобырдың ішінде жасөспірімдер де қылаң береді. Кәмелеттік жасқа толған, толмағанын тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Әркімге бір жабысып жүрген үріп ауызға салғандай қазақ қызы мастықтан мүлде есін жоғалтқаны көрініп тұр... Анадай жерде құшақ айқастырған тепсе темір үзер екі еркек «махаббаттан» басы айналып отыр. Құдай сақтасын... Орта бойлы жігіт қасыма келіп танысуды ұсынды. Қандай да бір дерек алып қалмақ болып, бірден құптадым. Ныспысы – Женя. Сырт жаққа қарай жүруімді сұрады. Ілесіп келем соңы­нан.
– Мен де жалғызбын. Сен де өзің ғана жүрсің. Сырттай бақылап жүрдім. Екеуміз кездесейік те.
– Әуелі бір-бірімізді танып алайық. Сен бұл гейлердің әлемінде жүргеніңе қанша болды?
 – Қазір 29 жастамын. Туғалы сондай­мын. Сенің барлық дегеніңе көнемін,  – дейді беті бүлк етпей. Өздеріне ғана мәлім бір қуысқа қарай бастап келеді. Әлдеқан­дай ойын жаңа ұққандай түршігіп кеттім. Кері бұрылғанымды көріп, жалынып-жал­бары­ну­ға көшті. Одан да, бір сәт солардың арасында болғаным үшін өз-өзімнен де жиір­кеніш сезімі жүрегімді айнытты. Бақ­сам, анадай жерде Женя да сүмірейіп барады екен. Бұлар неге мұндай болды? Құдайдың қаһарына ұшырады ма екен әлде?

Ахат КӨРПЕШОВ, психиатр-нарколог:
– Гомосексуализм – адам организмінің ауытқуынан пайда болатын, ежел­ден келе жатқан құбылыс. Осы мәселені зерттеп жүргендердің айтуын­ша, әлем халқының санына шаққанда, еркектердің  –1-4 пайызы, әйелдердің 1-3 пайызы – гомосексуалдар. Гомо және гетеросексуализмнің пайда болуы туралы әр кезде зерттелініп жазылған Фрейдтің психо-аналитикалық теориясы, Хуккердің теориясы сияқты көптеген теориялар бар. Жалпы алғанда, мұны жүре келе, жыныстық органдардың қалыптасуы кезінде пайда болатын психологиялық ауытқу деп түсінуге де болады. Бұған отбасын­дағы микроәлеуметтік жағдайлардың да ықпалы болады. Ата-аналарының бірі ажырасқаннан кейін, жұбайына көңілі қалып, баланы өз жынысына қарсы тәрбиелеудің нәтижесінде де гомосексуалдық ауытқулар пайда болуы мүмкін. Мұндай тәрбиені көбінесе әйелдер береді. Мысалы, күйеуінен ажырасқан әйел ұл баласын «барлық еркектер жаман» деген ұғымды санасына сіңіріп тәрбиелеген болса, онда баланың психикасы өзгереді. Еркектерге сырт беріп, барлық жағынан шешесіне ұқсағысы келеді. Қыз баланың тәрбиесі біржақты болса, ол да осыған әкеледі. Жас кезінен қарсы жыныстағыларға жеккөрінішпен қарап өскен қыз жасы келгенде гетеросексуалдық бағытқа қарай психикалық ауытқуға душар болады. Әскердегі, түрмедегі зорлық-зомбылық салдарынан осындай дертке душар болатын ер адамдар да көп.  Мұндай жағдайда ұзақ уақыт бойы дұрыс жыныстық қатынас жөнінде психотерапиялық емдеу жұмыстарын жүргізу керек.
Әбдіқаһар СЕЙІТЖАН, заңгер:
– Біздің қоғамымызда гейлердің саны еселеп артуда. Батыста бұл қалыпты жағдай саналады. Ал қазақ болмысы – басқа, батыс – басқа. Сондықтан демократия деп батыстың үрдістерін енгізе беруге болмайды ғой. Біздің мыңдаған жылдық өз тарихымыз, өз дәстүріміз бар. Қазір Батыста еркекпен еркек қосылып, еркек бала туып жатыр. Не деген сорақылық? Бұрын мұндай жағдай болса, аталарымыз бірден өлім жазасына кескен болар еді. Мемлекетіміз мұндай хайуандық әрекетті қолдамайды, бірақ тыйым да салмай отыр. Заңымыз болса, кез келген адамның жынысын өзгертуге жол ашып берді. Бұған мемлекеттік деңгейде жол бермеуіміз керек. Кезінде Кеңестік одақ  гейлерді қылмыстық жағазаға тартқан. Соны қайта қолға алуымыз керек.

Әбдуәли МӘМЕДІЛ, психолог:
– Бұл – жалпы адамзаттың болашағына қауіпті психикалық дерт. Атаулы ауру қандай жағдайда кездеседі? Әртүрлі ақпараттық алмасулар жоғары деңгейдегі қалаларда психикалық сырқаттың көптігін көреміз. Салт-дәстүр, ұлттық таным бар жер мұндай қасірет болмас еді. Жастар әлгіндей кеселдерді 1990 жылдар­дан бастап сән ретінде қабылдады. Эфирлерде де толассыз насихатталды.  Шыны керек, салт-дәстүрдің мән-мағынасы ұмытылып, оның сыртқы формасы ғана сақталып отыр. Кезінде бабаларымыз әдет-ғұрыптар арқылы ұлды Отан мен отбасын қорғайтын отағасы ретінде, қызды болашақ ана ретінде тәрбиеледі. Бүгінде биологиялық жағынан ер адам әйелдің қылығын жасап, қыздарша киінеді, боянады, тырнақ өсіреді, керісінше, қыздардың әйелге тән мейірімділік, нәзіктік қасиеттері жойылып, бойларында агрессиялық белгілер пайда болып, бірін-бірі соққыға жығып, физикалық-биологиялық ауытқушылыққа ұшырады. Ер баланы сүндетке отырғызып, атқа мінгізіп тойлаймыз. Не үшін? Ұлдың ер-азамат екендігін санасына осындай психологиялық әдіс-тәсілмен сіңіре білдік. Ел қорғаны екенін ұқтырып өсірдік. «Қызға қырық үйден тыйым» сөзінің мағынасы болашақ анаға тыйымдардың көмегімен тәрбие дәнін егу еді. Көгілдірлердің, лезбиянканың шығуы ата-бабамыз ұстанып келе жатқан асыл мұра, дәстүрдің жойылуынан деп білемін. Осылай жалғаса беретін болса, бүкіл қоғамның мұндай дертке душар болуы мүмкін.

Түйін 
Осындай рухани мешелдікке душар болған қаншама қаракөздерімізден тірідей айырылудамыз. Батыстық экспанцияның құрбанына айналған олардан ертең бала сүйіп, дұрыс ата-ана атанады деп үміттену де қиын. Күннен-күнге асқынып бара жатқан дерттің бүгін алдын алмасақ, ертең мүлде кеш боларын естен шығармаған абзал.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста