Процестік келісім – әлемдік тиімді тәжірибе
Дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатында еліміздің құқықтық саясаты да әлемдік стандарттарға негізделіп келеді. Соның бірі қылмыстық сот ісін оңтайландыруға қатысты.
Бұл ҚР Президентінің 2009 жылғы №858 Жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған. Тұжырымдаманың 2.9 тармағында «Қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделі жасалмайынша мемлекеттің қылмыстық саясаты тиімді болмақ емес» делінген. Сондай-ақ, қылмыстық іс жүргізу құқығын жетілдірудің негізгі бағыттары көрсетіліп, олардың қатарында «процессуалдық келісім институтын заңнамалық дамыту» мәселесі қамтылған болатын. Осының негізінде 2014 жылы қабылданған «ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне» аталмыш институтқа тұтастай бір тарау (63-тарау) арналып, онда процестік келісім мен оны жасасудың ерекше тәртіптері тізбеленген.
Аз-кем тоқталатын болсақ, процестік келісім онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша күдіктімен жасалады. Аталмыш келісім қылмысты есі дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыс жасағаннан кейін психикасы бұзылған адамдармен жасалмайды. 613-бапта көрсетілген кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасау шарттары бойынша, күдікті, айыпталушы оған ерікті түрде ниет білдіруі, өзіне келтірілген күдікке, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның мөлшеріне дауласпауы тиіс. Әрине, процестік келісім жасауға ең әуелі жәбірленушінің келісімі керек. Күдікті, айыпталушы процестік келісімнен бас тартуға да құқылы. Тек мұны сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін білдіруі қажет.
Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасау туралы өтінішхатты қарау тәртібі 615-бапта көрсетілген. Өтінішін күдікті, айыпталушы немесе сотталушы қылмыстық іс жүргізудің кез келген сәтінде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін мәлімдеуге құқылы. Процестік келісім прокурордың келісімі бойынша жасалуы мүмкін екендігін еске салған жөн. Процестік келісім прокурор 615-баптың 3-тармағында көзделген мәселелерді тексергеннен кейін жазбаша түрде жасалып, оған прокурор, күдікті, айыпталушы, оның қорғаушысы қол қояды. 617-бап бойынша, «кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісімге қол қойғаннан кейін прокурор күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды».
Жаңа институтты енгізудегі мақсат қылмыс жасаған адаммен келісе отырып тергеу мен сот процесін жеңілдету болып табылатынын айта кеткен жөн.
Марат НҰРБЕКОВ,
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы