Соғыстың сұғы тиген сұлулар тағдыры

Соғыстың сұғы тиген сұлулар тағдыры
Атлант мұхиты жағасындағы арпалыс
РУАН. Францияның солтүстік-батысында арналы Сенаның екі жағындағы биік қабақтың астын қуалап салынған қала екен. Орталық кө­шесі ұзыннан-ұзақ өзенмен жарысып отырады. Көлденең көшелер шағын әрі тым шолақ. Біз­дің бозбала шағымыз өткен Қызылкесік де­ген ауыл Боғас атты өзенді бойлап, екі жақтағы қыр­дың үстіне шыға алмай, осылай шұбалаңқы салынған еді.
Француздың бұл қаласы қайсар қыз Жанна д,Арк атымен тығыз байланысты. Реті келсе, кейін бір мақала арнармыз. Сәбең жарықтықтың жазбасынан беріде Жанна тақырыбына қа­лам қаузаған ешкімді байқамадық. Әзірге діттегеніміз басқа. Ги де Мопассанның кейіпкері. Университеттегі «Шетел әдебиеті» пәнінде «Пышка» деген новелланы оқығанда шынайы отаншылдық үлгісін көргенбіз. Жасандылықтың жиіркенішті екенін аңғарғанбыз. Новелланың мазмұны қазақтың: «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген мақалына саяды. Беріде Мопассанды қазақша жолықтырдық. Бізге ұнаған туындыны жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы аударыпты. «Пышканы» «Томпыш» деп.
Иә, пруссактар басып алған Руаннан әрі қарай бір арба болып аттанған ығай мен сығай топтағыдан жолды тосқан неміс жаулаушыға керегі – жалғыз Томпыш. Анығында оның тәні. Әйелдің өз қаласында тән саудасымен ай­налысқаны ешкімге жасырын емес. Ол сөйте тұра жаулаушының құмарын қандыруға келіспейді. Соның салдарынан ығай мен сығай бірнеше күн кідіруге мәжбүр. Қабақпен байқату, қимылмен сездіру, сөзбен алдап-арбау арқылы олар Том­пышты жатжерліктің ындынына жығып беруге әрекеттенеді.
Осы жерде біз де өз арбамыздың тізгінін тежейік. Новелланы талдау мен түсіндіру мін­детіміз емес. Айтпағымыз, соғыс атаулының сұлу­ларды сорлататыны.
Әйелдің тыныш өмірден айырылатыны, күйеулерін немесе әкелерін, тіпті бауырлары мен балаларын майданға аттандыратыны, бас­панасыз, аш-жалаңаш қалатыны өз алдына, соғыс кезінде жері жат табанына, өзі жау қолына түссе, сол жаттың қолымен етегі түрілуі кәдік. Әлемнің талай аймағында өткен түрлі соғыстың жылнамалары мен естеліктерін, тіпті соңындағы ресми соттар мен қоғамдық айыптаулардағы құжаттарды сараладық. Көбінде бұл зорлау отырықшы елдерге тән болып шықты.
Көшпелі халықтарда басқаша жағдай. Қалай екенін түсіндірмес бұрын мына оқиғаны баяндап кетелік. Көзіміз көрмеген. Еш жерден оқымадық. Тек естігеніміз. Бала кезімізде. Шалдардан.
Біз туып-өскен төрт жағын түгел тау қор­шаған ауыл Үштөбе аталды. Іргеден Боғас өзені ағады. Әлгі екі қабақ астына суды қуалай са­лынған Қызылкесік – өзен ағысындағы келесі ауыл. Біріншісі – бөлімше, екіншісі – бес бөлімшені біріктірген кеңестік шаруашылық орталығы. Үштөбеде сегізжылдық, Қызылкесікте онжылдық мектепті бітіргендіктен, екеуі де ойдан шықпайды. Үштөбенің төрт жағындағы таудың бірінің аты – Доланқара. Оған ауылдың екінші шетінде қарсы қарап тұратын тау – Желдіқара. Желдіқара қазаққа бірден ұғынықты, ал Доланқара – түсініксіз атау.
Қабанбайдың қолы Тарбағатай аймағын жүз жылдай жайлаған қалмақтан қайта азат етер шақта қара тау Долан атты батырдікі екен. Бабаларымыз ауылына жақын келіп, «соғысса тұрысатын жерін айтсын, соғыспаса атамекенді босатсын» деп жаушы жібереді. Анау да сабаз екен, «қатыным жаңа босанды, балам қырқынан шыққанша күтсін», депті. Көшпелі елдің салты ұқсас, екі жағы да баланы қырқынан шығаратын. Қырық күннен кейін іргесіне келсе, ауыл жоқ, мыңғыраған мал жоқ, жалғыз қараша үйді жықпай көшіп кетіпті. Қараша үйге он алты жасар қызын қалдырыпты.
Көшпелі елдің көшелі екені осыдан көрінбей ме? Қарсыласқа деген құрмет. Жау болса да мәрттікті сыйлау. Мыналар сөзге тоқтап қырық күн күтті. Анау соған риза болып, қызын қал­дырып кетті. Баласы аман, бауыры бүтін. Малы таланған жоқ, жанына сауға. Әттең, сөзге тұра білген, дала заңдарымен өмір сүрген Доланнан және Долан сияқты мың-мыңдаған қалмақтан ұрпақ қалмады. Оған тарих алдында біздің бабалардың кінәсі жоқ. Қайта мына қара таудың атын өзгертпей Доланқара қалпында сақтапты.
Сонымен, анталап келген батырлар. Алда­рында толықсып тұрған он алтыдағы қыз. Енді тағдыры шешілмек. «Кім аладыға?» келгенде мәселенің тоқетерін қыздың өзі айтыпты. «Менімен күресіп жеңгендерің аласыңдар». Ағалы-інілі екі атамыздың кішісі аттан түсіп алыса кетіпті дейді. Сөйтсе, қалмақ қызы алаңғасар батырды кемер белдіктен ұстап шыр үйіреді. Біздің жарықтық атамыздың, ол заманда әрине жас жігіттің қолына ілігетін дәнеңе жоқ. Қыз не қамзол кимеген, не қынай белдік буынбаған, матасының аты белгісіз судыраған жалаң көйлекшең екен дейтін шалдар.
Өкініштісі, мұнда Томпыштың ескерткіші мен басқа белгісі жоқ екен. Жанна д,Арк өрте­ліп өлтірілген жерде 20 метрлік крест тұр. «То­пырағы орта ғасырдағы қалпы» деп текше қағылыпты. Сосын қайсар қыздың құрметіне шіркеу тұрғызылған. Астында сауда орындары. Бұдан бөлек Жанна д, Арк музейі салынған. Кезінде Сәбит Мұқановтың жолжазбасынан бірер сөйлем түрінде оқығанымызды ақыры көзбен көрдік.
Бәрібір ойымыздан Томпыш шықпаған. «Неге Мопассан кейіпкерінің құрметіне ештеңе жоқ?» десек, гидіміз күледі. «Өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп тұрсыз, ол бар болғаны кейіпкер ғой».
Руанда бұған дейін өзіміз ешқайдан оқымаған бір оқиға естідік. Екінші дүниежүзілік соғыста немістер бұл аймақты тағы басып алған. Одақтастар күшімен. Қарсыласу қозғалысының қол­дауымен 1944 жылы ел қайта азат етілді. Содан Францияда бұрын ешкім естімеген науқан өтіпті. Ол жауға қызмет еткен, оның ішінде төсек ләззатын көрсеткен әйелдердің шашын тақырлап алып тастау. Жаза ма, масқаралау ма? Оны білмедік. Тек «Томпыштың шашын қайтер еді?» деген сұрақ көкейімізде кеткен.
Француз сұлуларының жаулаушы әскердің құмар құшағына түсуінің кезекті дерегін ағыл­шын тарихшысы Тойнби келтірген. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс солдаттары офицерлердің бұйрығымен, тіпті бұйрығынсыз-ақ Францияда қыз-қырқынды жаппай зорлап, майданда және тосқауылда бардель ашқанын жазыпты. Осының бәрінен түйгеніміз, мемлекеттің азаматтары, яғни армиясы мықты болмаса, әйелдердің басына қасірет орнайды.
Балтық теңізі жағасындағы бассыздық
ФЮРСТЕНБЕРГ. Германияның екі астанасы болып тұрған 1995 жылғы Жеңіс күні Бонн қаласынан Берлинге дейін автокөлікпен жүріп өткенбіз. Өзі ерекше ел. Шағын тұрмақ ірі қалалары кешкі сағат сегізден кейін жым-жырт күйге енеді. Жайшылықта осылай тым-тырыс ел 9 мамырда не әсіре жоғары, не алдамшы төмен көңіл-күй байқатпады.
Неміске тән ұқыптылықпен салынған Фюрстенберг қаласында концентрациялық қосын болған. Соғыс жылдарында мұнда әйел тұтқындарды тоғытқан. Аты – Равенсбрюк. Енді ашық аспан арасындағы мұражай, іші-сырты небір ескерткіштер. Америкалық әйел жазушы Сюзан Броунмиллердің: «Соғыстан кейін қаза тапқан солдаттарға ескерткіштер орнатып, ары қорланған, қалыпты өмір сүру қабілетінен айырылған әйелдерді ұмытып кетеді», деген сөзі мына мұражайды көрмей тұрғанда айтылғаны анық.
Равенсбрюк пен біздің бұрын Малиновка, кейін Ақмол атанған мекендегі әйелдер лагерін ойша салыстырдық. Анда Гиммлер, мұнда Берия, демек империялардың қауіпсіздігіне жауапты министрлік басшылары ашқызған. Ашылған уақыттары да сәйкес келмек: Ақмоладағы ота­нын сатқандар әйелдерінің лагері 1938 жылы, Германиядағы азап апаны 1939 жылы алғаш тұтқын қабылдаған. Андағы лагерьде тоқыма және тері-былғары өндірісі ашылған. Бұдан біздің АЛЖИР де қалыспайды. Майдан үшін киім, көрпе-жастық тіккен. Көкөніс пен ет өндірген.
Екі жақта да ескерткіш бар. Германияда сонау 1945 жылдан кейін оншақты ескерткіш пен мүсін және тақта қойылыпты. Біз АЛЖИР шындығын одан 45 жылдан кейін біліп, әупірімдеп жүріп мемориал тұрғыздық. Равенсбрюкте тұтқын әйелдерге арналған барақтар сол қалпы сақталған. Малиновкадағы барақтар саман кірпіштен салынғаны себепті сақталмапты. Өкінішті.
Айырмашылығы бұл ғана емес. Ақмоладағы ота­нын сатқандар әйелдерінің лагері бейбіт заманда құрылды. Германия алдымен Еуропаны, одан жер жүзін жаулау соғысына қарсы шыққандарды қамады. Бұл – Кеңес Одағының ұтылатын тұсы. Оның есесіне АЛЖИР міскіндері тек ауру және аштықтан өлетін. Равенсбрюкте жұмысқа қабілетсіз болғанды желкеден атса, 1943 жылдан бастап газ камерасына қамау тәсілімен қырып отырды. Өйткені, әр әйелді жекелеп атудан 150 әйелді бірден газға тұншықтыра салу «тиімді». Неміс – қайда да есептің адамы. Алғашқы газ камерасын Гиммлер келіп сынақтан өткізіпті. Осылайша, мұндағы өлім машинасы алты жылда 90 мың әйелді құрбан еткен. Бұл орайда АЛЖИР-іңіз айналайын.
Алты жылда 90 мың әйелді өлтіру Ра­венсбрюктегі жендеттердің мінез-құлқына әсер етпей қоймайды. Санадағы ауытқуды азайтып, ағзаны сергіту мақсатында мұнда арнайы нәпсі үйін ашыпты. Көзі қанталаған, жүйкесі жұқарған жендеттердің астына тек тұтқын әйелдерді жатқызған. Олардың арасында аяғы ауыр болып қалғандары болса, сорлының көзін дереу жойып, басқасын әкеліп отырған. Есерлердің нәпсісін қандыруға алты жылда алты мыңдай жас әйел керек болған.
Жаза. Осындай сұмдық қылмыстан кейін жаза болуы керек қой. Ана жақта: Равенс­брюкте қызмет еткендер одақтастар жеңісінен кейін әскери қылмыскер ретінде сотқа тартылған. 16 адам өлім жазасына кесілген. «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің», деген қазақтың сөзі дәл келді. Бас сауғалап АҚШ-қа қаш­қан бірталайы кейін ұсталды. Мына жақта: АЛЖИР үшін ешкімді соттаған жоқ. Берияға тағылған айыптың ішіне «Ақмолада отанын сатқандар әйелдерінің лагерін ұйым­дастырғаны» кірген-кірмегенін білмедік. Айып­­тау құжаты қолға түспеді, оның есесіне Берия атылған бункерді көргеніміз бар.
Жаза дейміз-ау, аласапыран замандағы оқиғалардың арасында жүйеге қызмет ете жүріп кісілік қалпын сақтағандар табылады. Ғажап. Олар жаза емес, марапатқа лайық. Бірде Ресейдің телеарнасынан АЛЖИР-ге арналған деректі фильм көргенбіз. Оның алдында қазақ режиссері Аяған Шәжімбаев деректі фильм түсірген. Сол тұста белгілі журналист-зерттеуші Армиял Тасымбеков ондаған мақала жазған. Аяғанның фильміне Армиялдың зерттеулері өзек болып еді. Енді екеуі де арамызда жоқ. Жандары пейіштің нұрында шалқысын. Хош, бұл фильмдерді еске алғандағы айтпағымыз басқа еді.
Кісілік. Әлгі ресейліктер түсірген фильмде бір қарт бар. Баринов. Қызметі АЛЖИР бастығы болғанмен, жүрегі жұмсақ, санасы тұнық екен. АЛЖИР-ге бастық болуы – мансап қуғаннан емес, керісінше төмендетілгеннен. Отызыншы жылдар ортасында Калинин облысының НКВД басқармасын басқарған. Жаппай қуғын-сүргін басталғанда, «Асыра сілтеп жатқан жоқпыз ба?» деп жоғарыға сұрау салған. Сол хаты үшін дереу төмендетілген. Қайта бағы бар екен, өзі атылып кетпей, айдаладағы Ақмоладан лагерь ашуға жіберілген. Фильмде «Мен лагерьге бастық бола жүріп осында жер аударылғандардың кінәсі бар дегенге сенбедім», дейді. АЛЖИР-де басқасы орын алса да арнайы нәпсі үйінің ашылмағаны, демек айдаудағы әйелдердің абыройы төгілмей шыққаны – Бариновтың кісілігінен.
АЛЖИР майданнан мыңдаған шақырым алыс­та жатты, ал жаудың жеріне кірген 1945 жылы Кеңес жағындағылар түгел кісілік танытты дей алмаймыз. Бір ғана құжатпен шектелейік. Соғыс кезінде алғы шептегі әскердің желкесінде тұрып, қашқан-пысқанды жазалау үшін «Смерш» Қарсы барлау бас басқармасы құрылған. Бұл атау «смерть шпионам» деген тіркесті қысқартудан шықты. 1946 жылы «Смерштің» Германия аумағындағы 109-шы Далалық басқармасының бастығы капитан Григорий Веляда «қызмет бабын асыра пайдаланған» деп тұтқындалды. Тергеу барысында оның неміс мұғалім әйелді жыныстық жұқпалы ауруы болғандықтан атқызып тастағаны және 17-18 жастағы қыздар тобын жалаңаштап, өзі бастап зорлағаны анықталды. Мемлекет қауіпсіздігі министрлігінің Айрықша кеңесі оны сегіз жылға соттап, үш орден, үш медалінен айырды. Сталин қайтыс болған соң басқалармен бірге түрмеден босатылған. Сосын КСРО Жоғарғы Кеңесіне наградаларын қайтып беру туралы арызданады. Жоғарғы Кеңес Президиумы «Г. Веляда социалистік заңдылықты өрескел бұзғаны және орден иегері деген атаққа кір келтіргені үшін» марапаттарын қайтып беру туралы арызын қанағаттандырмады. Пәлен беттік құжат «азаттық армиясының» керісінше «азап армия­сы» болып кеткенін айғақтайды.
Тынық мұхиты жағасындағы тәлкек
СЕУЛ. Себебін білмейміз, бізге әскери музейлер ұнайды. Оңтүстік Кореядағы мүлде өзгеше әсер етті. Ғимаратының үлкендігінен емес. Түркияда Ататүрік жерленген кешен де кең құлашпен салынған. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабадының» кері.
Дәл аумақ жағынан салыстырсақ, Қытайдың Сиань қаласындағы әйгілі «сары саз сарбаздары» мұражайы Сеулдегіден қомақты. Бірақ, онда тақырып біреу – атам заманда саздан жасалып, жер астына жасырылған әскер. Киімі мен қаруы, ара-тұра аты мен арбасы болғанмен, ол белгілі уақытты қамтиды. «Сары саз сарбаздары» музейінің екі ғимараты жәдігерлерге, оны түрлі технологиямен зерттегендегі нәтижелерге арналған. Айналдырып ат шаптыруға болатын орталық ғимарат тұтас армия табылған аймақты қымтап салынған. Мынадай ғимарат тұрғызу – теңдессіз инженерлік шешімдердің арқасы. Қытайлықтар оны абыроймен атқарып шыққан. Тамашалағандар фотолары арасынан АҚШ пен Ресей президенттерін таныдық. Оларға қазба жасалған орға түсуге мүмкіндік беріпті. Біз сияқты пақырлар жақындамай, жер үстінен қарайды.
Хош. Ататүрік мемориалы мен Сиань музейін талдауды доғарайық. Енді Сеулдегі музей. Ауладағы бірнеше ескерткіштің еңселісі сынтас түрінде. Соны ортасынан қақ жарған. Бір корей елінің екіге бөлінуін бейнелейді. Қарап тұрғанда өзіміз өскен Тарбағатай қойнауы еске түссін. Талдыбазар өзенінің жағасында Сынтас деген дара жартас бар. Алып жүрекке ұқсайды. Биіктігі он-он бес қабаттық үймен тең шығар. Ол да ортасынан екіге жарылып тұрған.
Бірі қолдан салынған, екіншісін табиғат өзі жасаған сынтастардың ұқсастығына таңырқап, айналаны шолдық. Келесі ескерткіште екі корей азаматы құшақтасып тұр. Бауырлар. Айырылудың ауыр екенін әрбірі түсінгендей. Баяғыда қазақ пен ноғай екі бөлінгенде балбалдан басқа ештеңе қоймайтын заман. Есесіне небір жырлар туған. Сайып келгенде сондағы жыр мен мұндағы мүсіннің ұғындырмағы ортақ – бауырдан ажырамаңдар!
Музей алдына 1950-1953 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы әскері құрамында соғысқан елдердің тулары ілінген. Қапталдағы аумақты алаңда әскери ұшақтың, тікұшақтың, танктің, зеңбіректің жеті атасы тұр. АҚШ, КСРО, Қытай, Британия, тіпті Мысыр мен Ирак сияқты елдердің техникасы. Майданның солтүстік бетінде КСРО мен Қытайдың, оңтүстік шебінде АҚШ пен Батыс Еуропаның техникасы атойлаған. Оңтүстік жағында миллиондаған кореймен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының әскері соғысты. Солтүстік жағында екі жүз мыңдай корей мен қытайдың сегіз жүз мыңнан астам әскері және Кеңес Одағының жүздеген ұшқыштары қақтығысқа қатысқан. Жанжал – социализмнің қос көсемі – Мао мен Сталиннің арандатуы. Екеуінің кесірінен оққа ұшқан барлық жауынгердің аты жазылған қаз-қатар тақталар тізбегі таусылмайды. Екі қанаттағы галереяларды толтырып тұр. Оңтүстік бөлікті қорғауда қаза тапқан шетелдік қаруластардың аты да ұмыт қалмапты.
Құрбандар аттарын сақтаған тағы бір қабырға бар. Оған үнемі гүл қойылады. Ондағылар мылтық ұстап майдандаспаған. Әрі бір түбек емес, жер-жаҺанды тұтас шарпыған алапаттың құрбандары. Бұл қабырға екінші жаһандық соғыста зорлық-зомбылықтан қаза тапқан корей әйелдеріне арналған.
Жер шарының әр аймағында өзгелерден өктем шығып, көршілерінің мазасын алған мемлекеттер болды. Скандинавия түбегін аралағанда Швецияның бірнеше ғасыр бойы іргелес Норвегия мен Данияның зәресін қашырғанын білдік. Данияда жаулаушылар кемесін аңдып отыратын қамалды аралағанбыз. Оның бір мұна­расында қас қақпай тұратын қарауыл бұғаздың екінші жағынан швед кемелерін көрсе, дереу екінші мұнараның есігін ашады. Сонда қамалған қалың кептер көкке көтеріліп, «жау шапты» деген хабарды басқа қамалдарға жеткізеді.
Германия талай уақыт Еуропадағы көрші­лерінің зәресін кетірді. Американың үндіс тайпалары арасында басқаларына өктемдік еткендері болыпты. Осындай аймақты азулы ел Шығыс Азияда да бар еді. Жапония.
Аралдағы ел құрлықтағыдан әрдайым мықты шығып отырды. Тек бастапқыда, Шыңғыс хан ұрпақтары қалың кемені жапон аралдарына қарай аттандырғанда жаулап алатыны анық еді. Тек теңіздегі сұрапыл дауылға тап болған Құбылайдың кемелері жапон аралдарына жетпек түгіл, басымен қайғы болды. Бұдан кейін жаулау бағыты керісінше өрістеді.
Әсіресе, 1930 жылдан 1945 жылға дейін Қытайдың оңтүстік-шығысы мен Корей түбегін басып алған жапон әскері екі ұлттың қыз-қыр­қынына қырғидай тиді. Соғысқан әскердің соңынан «дамылдау станциясы» еріп жүретін. Ол – түсінікті тілмен айтқанда, жезөкшелер үйі.
«Дамылдау станциясын» толтырумен қатар, жауланған екі елдің қыз-келіншектерін Жапонияға күштеп алып кеткен. Ол жақтағы «нәпсі нысандарында» қызмет қылу үшін. Көпшілігінің жасы сол кезде 16-дан аспаған. Рас, беріде Жапония үкіметі осы зорлыққа ұшыраған әйелдерден ресми кешірім сұрады. «Болары болып, бояуы сіңген соң». Екі елде қалған аз ғана кейуана соған да тәубе депті.
Жекелеген әйелдердің тарихы бұл күні әлемге әйгілі. Гиль Вон Окті 13 жасында жапон­дардың барделіне қосқан. Байғұс қызға мерез жұғады. Ақыры жатырын алғызып, жаны қалған. Жатыры жоқтықтан, ұрпағы жоқ. Ким Бок Дунді 14 жасында жапондықтар ұстап алып, «дамылдау станцияларының» біріне апарған. Жай күндері 15, демалыс күндері 50-ге жуық жауынгермен «кездестірген». Жаудан зорлық көргендердің арнайы баспанасына тұрақтаған Ли Ок Сунді 15 жасында жапон жезөкшелер үйіне кіргізген. Бұл 1942 жыл екен. Содан өзінің туған түбегіне ол бейшара 2001 жылы қайтқан. Жапон жеңілген 1945 жылдың күзінде «елге қай бетіммен қараймын» деп Қытайда қалыпты.
Қытайдың өзі бұдан зор құқайды көрген. Халық неғұрлым көп болса, мысал да соншалық жеткілікті. 1936 жылы жапондар Нанкинді басып алғанда, 80 мың әйел зорланған. Арасында бәлиғатқа толмаған қыздары, белі бүкірейген кемпірі, бұл дүниенің күнәсінен бетін аулақ салып, құдай жолына түскендері түгел бар.
Бейжіңде Жапониямен соғысқа арналған музей ашылған дейді. Арнайы көре алмадық. Жұмыс бабымен, оқу ретімен бірнеше барғанда бәрібір жол түспеді. Ол музейге күнделікті мыңдаған жастарды – оқушылар мен студенттерді арнайы әкеледі дейді. Жапондардың қарақшылық әрекеттері сақталған фотоларды көрсету үшін. Иә, екі ел бір-бірімен экономикалық қарым-қатынас жасағанымен, жүрегінде қатқан мұздары ери қоймапты. Әсіресе, Қытай жағының. Содан шығар, мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қыздарды күштеп жезөкше ету фактілерін зерттеу комиссиясы құрылған.
Хош, осы Сианьның бір тұрғыны Чжан Сянтуды 15 жасында жапондар баяғы «дамылдау станциясына» күштеп апарған. 20 күнде қаншама солдат ермек еткенінің есебінен жаңылыпты. Жалпы, 1942 жылы Қытайда осындай 280 станция жасақталған. Кілең жас қыздардан. Чжан Сянту 1995 жылы Жапония үкіметін сотқа беріпті. Өзі сияқты жас кезінде зорлық көрген 16 кемпірдің басын қосып. Олар өтемақы талап етеді. Жапон жағы бәрін соғысқа жабады. Жаулаушылар Шаньси провинциясының келесі тұрғыны Хао Юэлянды 17 жасында жезөкшелік жолға түсірген. Ол да кейін бала көтере алмаған.
Бұл провинцияда бір қамал бар. Соғыстан қираған қалпында қалдырылған. Осында үш жыл бойы жапон солдаттары сайран салған. Өздерімен бірге қытайлық 50 қызды зорлықпен ұстаған. Бұл сарайдың сырын көзі тірі, Шаньсидің Гучен қаласындағы Хао Цзюсян жақсы біледі. 15 жасында әлгі елудің бірі болып ермекке айналыпты. Айтқан естелігінен төбе шашың тік тұрады.
…Не керек, соғыстарда сұқ тиген сұлулардың сыры мұнымен таусылмас. Біз өзіміз көрген аймақтардағы ақпараттарды сараптадық. Осы дәуірде Судан, Сирия, Ирак және басқа елдерде жүріп жатқан соғыстар салдарынан ары тапталған арулардың жыры мүлде бөлек. Ол әзірге саясатшылардың тақырыбы шығар.
Қайнар ОЛЖАЙ.

etjendi.egemen.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста