Мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді меңгергендерді ғана қабылдау керек пе?
Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бұл – жақсы бастама. Әрине, қолдаймын. Бірақ асығыстық танытуға болмайды. Қазір мектептерде қазақ тіліне айрықша көңіл бөлінуде. Демек, сол толқынның орта білім алып, жоғарғы оқу орындарында оқып, жұмысқа араласқандарынша 10-15 жылдай уақыт кетеді. Міне, сол кезде мемлекеттік тілді білмейтіндерді қызметке алмай қоюға болады. Тіл мәселесі қашаннан өзекті. Оны дамытып, мәртебесін көтеруге қазір бар жағдай жасалуда. Тіл тағдыры – Парламент қабырғасында да жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Десек те, мұндай талап қоюға әлі ерте. Өйткені мемлекеттік қызметте отырғандардың арасында қазақшаны жетік білмейтін мамандар әлі де көп. Бізге қазір мемлекеттік қызметке тек тілді білетіндерді ғана емес, сонымен қатар білімді-білікті мамандарды да тартуымыз керек. Дәл бүгінгі күні осы жағы маңыздырақ деп ойлаймын.
Жолдас Мәмбетов, филология ғылымының кандидаты, доцент:
– Әлбетте! Мемлекеттік тілді білу – әрбір адамның парызы. Әлемнің барлық дерлік елдерінде мемлекеттік тілді білуге қойылатын талап күшті. Біздің елдегі мемлекеттік қызметте отырғандар «орысша оқығанбыз. Қазақшаға шорқақпыз. Кеңес үкіметінің жүйесі ғой» деп жатады, ал қасында тұра қалсаң, қазақша жақсы түсінеді, тіпті сөйлей де алады. Ондай болса, мемлекеттік қызметке қабылдану үшін қазақша білуге міндеттеуге әбден болады. Қазірден бастап мықтап қолға алып, мемлекеттік тілді меңгеруді заң нормативтерімен міндеттемесек, «ертеңіміз» бітпейді. Өткенде тілдерді оқыту орталығында жұмыс істейтін орыстілді бір азамат былай дейді: «Мен қазақ тілін он жылда үйрендім. Қазір жақсы білемін. Онымды мақтан тұтамын, әрине. Алайда жұмыста қазақша сөйлейтін адам таба алмаймын. Егер осы үдеріс жалғаса берсе, мемлекеттік тіл орыс тілі болып кете ме деп қорқамын». Жалпы, қазір Қазақстанда қазақша білетіндер басым. Ал кейбір шенеуніктің қазақшаға емес, орысшаға жақындығы – жаман әдет. «Ауру қалса да, әдет қалмайды». Менің ойымша, халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу керек. Егер сұралғандардың негізгі бөлігі қазақтілді болса, онда «мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді меңгергендерді ғана қабылдау керек» деген заң шығаруды кейінге қалдырудың қажеті де жоқ.
Мұхит Асанбай, саяси ғылымдар кандидаты, саясаттанушы:
– Мен керек деп санаймын. Мемлекеттік деп аты айтып тұрғандай, мемлекеттік қызметкердің атына заты сай болғаны дұрыс, яғни бұл қызметте жұмыс істейтін адам қазақшаны жетік меңгерген, ұлтының жанашыр тұлғасы болуы қажет. Біз өз алдына қалыптасқан мемлекетпіз. Осы жағынан алғанда, елімізде шешуші рөл атқаратын қазақтың мүддесі бұл арада бірінші болып ескерілуі тиіс. Егер үкімет мемлекеттік тілді дамытуда мейлінше күш жұмсаса, талап қойылса, бұл проблема оңай шешілген болар еді. Өйткені мемлекеттік қызметте отырғандардың 90 пайызы – қазақтар. Олай болса, мемлекеттік тілді білмейтіндерді жұмысқа қабылдауға тыйым салуға әбден болады. Мемлекеттік тілді дамытуға бюджеттен қомақты қаржы жұмсап жатады. Одан да бір тиын бөлмей, мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді меңгергендерді ғана қабылдайық. Бұл, бірінші жағынан, қазақ тілінің дамуына, мәртебесін көтеруге айрықша ықпал етсе, екінші жағынан, мемлекеттік қызметтегілерді қазақша сөйлетер еді.