Он бес жылда 35 мың асық

Он бес жылда 35 мың асық

Қазіргі балалардың көпшілігі асық атып, ләңгі теуіп, жалаң аяқ көше шаңын аспандатып жүгірмейді. Байқасақ, құлақта құлаққап, қолдарына тақтайдай телефон ұстаған көзілдірікті балалардың қатары артып бара жатқан сияқты. Көзілдірік тағуы - сол баяғы компьютерге телміргеннің әсері де. Асық ату демекші, өңірде осы ұлттық ойынды дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр екен?
Асық - ұлтымыз үшін аса қасиетті ұғым. Қазақтар бір-біріне «Асығың алшысынан түссін» деп ізгі тілектерін білдіріп жататындығы да - соның бір белгісі. Ертеде қазақтың ұлы да, қызы да қызығушылықпен асық ойнаған. Асық ату баланы ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, қырағылыққа тәрбиелейді. Ойын барысында бала үнемі қимыл-қозғалыс үстінде жүретіндіктен, қан айналымы да жақсарады екен.
Медициналық тұрғыдан да пайдасы көп
- Қимыл-қозғалыстың аздығынан сколиоз сынды аурулар пайда болады. Асық ойнаған баланың тек екі қолы ғана емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, омыртқасы, барлық бұлшық еттері жұмыс істейді. Медициналық тұрғыдан алып қарағанда пайдасы өте көп бұл спорттың. Менің ойымша, ақша шашып фитнес орталықтарына, иогаға барғанша, таза ауада аулада асық атқан әлдеқайда артық, - дейді травматолог дәрігер Белес Байжанов.
Бірақ ұлттық спорттың бұл түрімен балалар қаншалықты айналысады? Кезінде асық ату қызығымен күн батырған ағаларымыз не дейді?
Алмат ӘДІЛБЕК, Глубокое ауданы, О. Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің 5 сынып оқушысы:
–Асық ойнауды ағаларымнан естігенім болмаса, өзім бірде-бір рет ойнап көрмеппін. Бірақ олардың әңгімесінен осы ойын туралы естігенде, іштей қызығушылығым оянады. Асық ату менің ойымша қызықты. Егер осы ойынға қатысты арнайы үйірме ашылса міндетті түрде қатысар едім.
Әскерхан БАҚЫТ, Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылының тұрғыны:
– Екі-үш жасымыздан асық ойнап өстік. Асық ойынының бірнеше түрін білемін. Қазір көбі компьютер ойындарына әуестеніп кетті. Менде асық ойынын дамыту үшін мектептерден асық ату үйірмесін ашсам деген ой бар. Ойым жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Балаларым да асық жинап, асық ату спортымен айналысады.

Астарлы мақал нені меңзейді?
«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып құйрық жеген озар». Осы мақал нені меңзейді екен?! Асық – ұлттық ойын, баға жетпес құндылығымыз. Доп қуғандар тозатын болса, атағы жер жарған футболшылар неге тозып кетпейді? Асық ату федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанұлының пайымдауынша, бұл - астарлы мақал. Қазақты мал бағуға үгіттеу. Жарайды, әңгіме ұлттық ойын – асық ату жөнінде.
– Асық ату спортын патенттеп, спорт агенттігі арқылы ережесін бекіттік. Енді осы ұлттық спортымызды бірігіп дамытуымыз керек. Астана қаласында асық атудан бес жыл бойы чемпионаттар өткіздік. Қазір барлық жерде асық ойнау спорты қолға алынып жатыр. Сегіз облыстан филиалдар ашуды жоспарлап отырмыз. Оған қажетті құжаттарды әзірлеп қойдық. Сонымен қатар, биылғы 24-25 мамырда асық атудан республикалық турнир өтеді. 1 орынға - 2000 доллар, 2 орынға – 200 мың теңге, 3 орынға - 100 мың теңге тігілді. Ойын 16 жасқа дейінгілер және 16 жастан асқандар арасында ұйымдастырылуда, - дейді Жомарт Сабыржанұлы.
100 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр
Тарбағатай ауданының тумасы Болат Тағабай 15 жыл бойы 35 мың асық жинап, «Interrecord» халықаралық рекордтар тіркеу агенттігі сертификатының иегері атанды. Сертификатты республикалық «Асық ату» федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанұлы табыстаған еді. Рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Болат Тағабай облысымызда ұлттық асық ату спортын дамыту үшін аянбай атсалысып жүр.
- Менің ойымша, асық жинап, 15-20 жылда бір шығатын рекордтар кітабына кіру ешкімнің ойына да келмейтін шығар. Сізге асық жинауға не түрткі болды?
- Асық ату қанымызға сіңгендіктен, осы ұлттық ойынымызға әр қазақ жанашырлық танытса деймін. Менің асық жинап жүргеніме біраз жыл болды. Ырғызбай атаның басында құрбандыққа көп қой сойылады. Сол қойлардың асықтарын дорбаға жинап жүрдім. Кейін қарасам көбейіп келеді. Содан акция, турнир өткізіп жинайтын болдым. Ауылдық жерде кейбір балалар асықты 20-30 теңгеден сатады. Кейбіреуі өздері келіп өткізеді. Бұны бірақ, ақшаға құмарлық деп түсінбеуіміз керек. Асық жинаушы балалардың арасында 1 мың асыққа жеткізгендер де бар. Кейіннен асықтарыма арнап қазақы нақышта сандық жасадым. Қазір асықтар сонда сақтаулы.
- «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне дейін асықтарыңыздың санын 100 мыңға жеткіземін депсіз...
- Иә, 100 мыңға жетсе, ерекше болады. Дайындықты бастап кеттім. Көпшілік таңғалатындай етіп шығаруға тырысамын. Көрмеге әзірлігім әзірше құпия болсын. Уақыты келгенде, көре жатарсыздар.
- Өңірімізде асық ату ұлттық ойынын дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
- Көкпар, қазақша күрес белгілі бір деңгейге жетті деуге болады. Енді асық спортын да қазақ болып өз дәрежесіне көтеруіміз керек. Ол үшін мектептің бағдарламасына кіргізіп, дәстүрлі түрде мектеп аралық, аудандық, облыстық жарыстар ұйымдастыруымыз қажет. Облысымызда Асық ату федерациясының филиалы ашылғаннан кейін әр ауданмен жұмыс істейтін боламыз. Федерация атынан Шығыста да турнир өткізуді жоспарлап қойдық.
- Өңірімізде асық атуда мергендік танытып жүрген балалар бар ма?
- Осыған дейін Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында 36 мектеп оқушысының қатысуымен «Алтын сақа» ойыны өтті. Мұнда ағайынды Шыңғыс, Азамат Ерболатовтар мергендік, ептілік танытып алға шықты. Енді солар Астанада өтетін республикалық «Алтын сақа» турниріне қатысады. Асық ату спортына демеушілік көрсетіп жүргендер - Алматыдағы Абылайхан спорт кешенінің бас директоры Жомарт Сәдуақасов, Тарбағатай аудандық білім бөлімі қызметкерлері және асық жинауға көмектесіп жүрген Жандос Оразғалиев.
- Жасырып-жабары жоқ, күні-түні компьютердің алдында уақыттарын өткізетін балалар бар ғой...
- Бала кезімізде біз таңның атысынан күннің батысына дейін асық ойнайтынбыз. Қазір де ойнайтын балалар баршылық. Ал комьютерден бас алмайтын бала ертең қалай адам болады? Неше түрлі ауруларға шалдығады. Сондайдың алдын алу үшін спортпен шұғылдансын. Асық - ересек адамдар үшін де қызықты ойын. Ұлттық ойынның бұл түрі баланы мергендікке, шыдамдылыққа, жылдамдыққа баулиды. Ешқандай қаржылық-материалдық дүниені қажет етпейтін асық ату ойынын ойнайық.
Тақырыпқа тұздық
35 000 асықта
17 500 қойдың асығы бар
Бұл - 35 отар қойдың асығы.
Керек дерек
Асықтың түрлері:
Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады.
Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық еркек қойдан (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады.
Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар.
Шүкейт – жас малдың асығы.
Қойлық – қойдың асығы.
Ешкімек – ешкінің асығы.
Құлжа – құлжаның асығы.
Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық.
Топай – сиырдың асығы.
Жабай – ірі асық.
Қолқар – арқардың асығы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста