Құсбегілер жарысының жеңімпаздары анықталды
Елорда іргесіндегі Софиевка ауылында өтіп жатқан белгілі құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы құсбегілер турнирі аяқталды.
Екі күнге жалғасқан жарыста 30-ға жуық бүркіт, 10-ға тарта ителгі, 5 қаршыға саятшылықтың сәнін келтірді.
Биыл 5-ші рет ұйымдастырылып отырған құсбегілер сайысы бұған дейін халықаралық дәрежеде өтіп келген болатын. Биыл пандемия салдарынан алыс-жақын көрші елдердің құсбегілері қатыса алған жоқ.
Десе де, еліміздің 11 облысынан және Алматы мен Елордадан келген бүркітшілер өзара мықтыны анықтады.
Алғашқы күні құсбегілер бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру; қаршығаны қолға шықыру, ителгіні қолға шақыру сайыстарын өткізеді.
Екінші күні бүркітті шырғаға салу, қоянға салу, қаршығаға қоян ілдіру және ителгіні қоянға салу қатарлы жарыстарда өз бақтарын сынайды.
Сонымен жарыс қорытындысы бойынша бүркіт әкелген құсбегілердің арасында жеңімпаздар:
3-орын: Ақберен Құрманғалиев «Ұшқыр» атты құсымен (Алматы облысы).
2-орын: Серікболсын Жалғасұлы «Жанқияр» атты құсымен (Жамбыл облысы)
1-орын: Ермұхан Бәйтебай «Айғақтас» атты құсымен (Алматы облысы)
Қаршыға салған құсбегілер арасында жеңімпаз атанғандар:
3-орын: Берікболсын Бабажан «Қаракөз» атты құсымен (Жамбыл облысы)
2-орын: Арман Қошқаров «Ақсеңгір» атты құсымен (Атырау облысы)
1-орын: Ерасыл Серікбекұлы «Маңғыстау» атты құсымен (Нұр-Сұлтан қаласы)
Ителгі көтерген саятшылар арасында жеңімпаз атанғандар:
3-орын: Алмас Сейітжан «Тұмар» атты құсымен (Алматы облысы)
2-орын: Таңат Оспанқұлов «Тұмар» атты құсымен (Қарағанды облысы)
1-орын: Сармат Абдулкәрімұлы «Көкжендет» атты құсымен (Атырау облысы)
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және турнир кубогымен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін турнирдің басталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.