Қ. Бітібаеваның "Оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулу жолдары" атты оқу құралы.

Қ. Бітібаеваның "Оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулу жолдары" атты оқу құралы.

Құрметті ұстаздар!

КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ ССР, СССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі ұстаз, профессор Қ.О.Бітібаеваның «Оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулу жолдары» атты оқу құралының маңызы ерекше. Оқу құралы текелей оқушыларға арналып жазылған. Сондай-ақ ұстаздарға беретін ақыл-кеңесі де мол. Еңбектің құндылығы - оқушыларды ғылымға баулудың теориялық мәселелерімен қоса, практикалық жағының да жан-жақты қамтылғаны. Тұңғыш рет жазылып, ұсынылып отырған оқулық-дәптердің бағдаршамдай маңызы зор деп ойлаймыз.

Ғылым - Отаныңның ең киелі дүниесі
болуға тиіс. Өйткені ойлаудан әрі үзбей
ойлана іздеуден өзге жұртты артқа тастап,
озған халық қана берекелі ел бола алады.

Л. Пастер

 

І БӨЛІМ

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСІНЕ
БАҒЫТТАЛҒАН ОҚУЛЫҚ-ДӘПТЕР

Оқулық - оқушының өз бетімен
жұмыс жасауының құралы.

К.Д.Ушинский

... Бір ғылымнан басқаның,
Кеселі көп асқанға...

Абай.

Қашан бала ғылым-білімді махаббатпен
көксерлік болса, сонда ғана оның аты
Адам болады.

Абай

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз...

Абай

ЖАС ДОС!

Өзінің халыққа «Жолдауында» Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «...Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» - дейді. Бұл ұлағатты сөздер тікелей сендерге де арналған. Ел болашағы білімді, тәрбиелі, жан-жақты дамыған тұлға, яғни сендердің қолдарыңда. Ілім, ғылыммен қарулану үшін оқулықтарыңдағы дайын білім аздық етеді, ең бастысы, өздеріңнің ізденістерің, ғылымға ұмтылыстарың, жүйелі, мақсатты түрдегі күнделікті еңбектерің қажет. Алдарыңа ұсынылып отырған бұл дәптер сендерге бағыт, көмек беру мақсатын көздеп отыр. «Ғылым таппай мақтанба»-дейді Абай данамыз. Ал ғылымды қалай табуға болады, ғылым жолына түсудің қандай бағыттары бар, дәптер осы сұрақтар айналасын сөз етеді. Онда ғылыми ізденістің әдістері, жолдары сөз болады. Өздеріңді ғылымға, өзіңді-өзің тануға, өзіңді-өзің оқытуға, өзіңді-өзің дамытуға жетелейтін, ақыл-кеңес беретін, жол сілтейтін бұл дәптердің сендерге көмегі бар деп сенеміз.
Іске сәт, жас ізденуші, талапты дос! Шоқан бабаларыңдай ғылымның бар саласын меңгеруге асығыңдар. Абай бабаларыңдай ғылым мен білімді ең басты қазынам, байлығым деп есептеп, сол биікке жету үшін мақсатты өмір сүріңдер. Ең бастысы, ізденіңдер, іздегеніңді табуға еңбектеніңдер.

Адам баласынан адам баласы
ақыл, ғылым, ар, мінез деген
нәрселерден озады.

Абай


І Бөлім

 

1. Ғылыми-зерттеу неден туындайды, оның тақырыбын қалай таңдап алуға болады?

Сен жассың, көп нәрсеге үйренуге,
көп нәрсені ести білуге, көп нәрсені
көкейге түюге тиістісің.
Софокл

Қай ғылыми жұмыс болмасын, ол өзекті проблемалардан туындайды. Ал «проблема» ескі грек сөзі. Аудармасын «қиындық, кедергі, шешімін күтіп тұрған мәселе» деп түсіндіруге болады. Мысалы, қарапайым ғана деректер келтірейік. Жер неге сілкінеді, таулар, Ай, Күн, Жұлдыз қалай пайда болған деген т.б сұрақтар ғылымның дамуына түрткі болған. Адамдар сонау алғашқы қауымдық құрылыстың өзінде табиғаттың, жаратылыстың тылсым дүниелеріне үңілген. Әр түрлі саланы зерттейтін ғылымдардың барлығы да адам баласының «білсем», «танысам» деген ынталарынан туындаған. Жұмбақ дүниелер проблеманы туғызған, ал проблемалар бүгін өздерің білетін не бір ғылым саласының тууына, дамуына ықпал еткен.
Ғылыми ізденіс тақырыптары проблемалардан туындайды дедік. Егер айналаға, құбылыстарға, өзің оқып жүрген пәндерге үңіле қарасаң, көп проблемаларды табуға болады. Шынайы ізденіс үшін байыптылық, аңғарымпаздылық, ойлылық ерекше керек. Үстірт оқу, баға үшін оқулықтағы, немесе ұстаздарыңның айтқанын қайталап шығу ізденіске жетімсіз. Ол үшін өздеріңде зерделілік, талдай білу, саралай білу, сыни көзқараспен қарай білу дағдылары болу керек. Дағды да нағыз ойлы еңбектен туындайды. Осыны еске ұста.
Проблеманы іздеудің ең оңтайлы жолы - бір нәрсені әр түрлі жағынан көре білу; дайын тұжырымдардың өзіне де сыни көзқараспен қарау, басқа шешімін іздеу, оны табуға еңбектену болып келеді.
Өздерің білесіңдер, біздің ата-бабамыз көшпелі ел болған. Күндіз қой бағып жүріп, түнде оны күзетіп отырып, табиғаттың тылсымына үңіліп, ойға, қиялға батқан. Ғылым, білімі жоқ сахарада еш жерде жазылмаған жаңалықтар ашылып жатқан. Байқампаздық, өмір тәжірибесінің негізінде олар қай күні жаңбыр жауады, не боран соғады, биыл қыс жылы бола ма, әлде суық бола ма т.б алдын-ала болжап отырған. Шөптерге үңіліп, олардан ем-дом жасаған. Мысалы, жалбыздың дененің қызуын басатынын, кермек иісті жусанның, гүлдердің талай ауруларға ем болатынын тәжірибелірінің негізінде дәлелдеген. Қымыздың, шұбаттың өкпе ауруына таптырмайтын емдік қасиетін де, ең алдымен, көшпенділер ашқан. өздерің биологиядан оқып жүрген ген (тек) мәселесіне де ата-бабамыз ерекше көңіл бөлген. Қан тазалығын сақтауды, сөйтіп ұрпағын мықты, дені сау етіп өсіруді өмірінің мақсатына айналдырған. Жақын-туыстардың үйленуіне қатал тыйым салған. Арасы жеті атаға толмайтындарды үйлендірмеген. Әр саладағы ғылымның дамуы, оның ашып жатқан жаңалықтарының барлығында да адамдардың өмір бойы жинақтаған тәжірибесінің де жатқандығы даусыз шындық. Қазіргі дамыған, ғылыми медицина халықтық медицинаны жоққа шығармайды, керісінше, халықтың өмірлік тәжірибесін практикаға пайдаланып келеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Сөз өнері де проблемаларға толы. Әдебиеттегі проблемалар сол көркем туынды негізінде жатқан қалам иесінің көтерген ойынан, айтайын, берейін деген мақсатынан туындайды. «Әдебиет – қоғам айнасы» дейді, көркем туындыда қаламгер сол қоғамдағы басты өзекті проблемаларды көрсетуге тырысады. Мысалы, ұлы Абайдың көп өлеңі өз халқын, өзі өмір сүрген ортаны ащы сынауға негізделеді. Себебі неде? Себебі Абай өз халқының, қоғамының басындағы басты кемшіліктерді түсіне білді. Содан шығу жолын іздеді, оны сынау арқылы халқын оқу-білімге үндеді, имандылық, тазалыққа тәрбиелегісі келді. Ақын қазақ халқының артта қалу себебін жалқаулық, қараңғылықтан іздеді. Осы проблемалар Абайдың көп өлеңдерінің туу себебіне әкелді.

Сонымен, проблеманы қалай табуға болады екен, соның айналасында ойланып көрелік.
Іздену, зерттеу жұмысын проблема (жауабын тосып тұрған, немесе әлі де дұрыс шешілмеген, қарама-қайшы пікірлер) туғызады дедік. Проблеманы табу оңай емес. Ол ашық тұрмайды, «мен мұндамын» демейді. Егер сенің білім алуға деген ынтаң, оны меңгеруге деген салмақты, жүйелі еңбегің болмаса, ең бастысы, білімді саралап, талдап, зерделі оймен алмасаң, оның негізінде жатқан проблеманы да байқай алмайсың. Қарапайым ғана мысалдар келтірейік. Мысалы, міне, ертегілерді оқып жатырсың делік. Алдын-ала өзіңе мақсат қой:
- Ертегі деген не?
- Ол туралы бұрыннан не білемін? (Оны саралап, жазып қоюыңа да болады).
- Бұрынғы білгеніме не қосылды, ол қандай ұғым, біліммен толықты. «Нені білдім», «неге үйрендім» деген сұрақ айналасында ойланып жүр.
- Мұғалім түсінігі, немесе оқулықта берілген білімнен, әсіресе, өзіңді не қызықтырады?
- Неге келіспейсің?
Әдебиетті сүйетін, көп ізденіп жүретін Оралхан Айбек (қазір ШҚМУ-дың журналистика бөлімінде оқиды) 9-сыныпта оқып жүргенде мына мәселелерге келіспейтінін айтты:
- Қай халықтың ертегілерін алмайық, «мыстан кемпір» деген кейіпкер бар. Мен соны түсіне алмадым. Әлбетте, біздің халық қартайған адамдарды ерекше құрметтеген ғой. Әжелерге де ерекше сезіммен қараған. Сонда «мыстан кемпір» қайдан шыққан? Неге ол «мыстан шал» емес? «Мыстан кемпір» деген сайын әжем есіме түсіп, соны аяймын...
- «Кемпір» сөзіне талдау жасап, «кему, кеміп қалған» деген ұғымды білдеретінін түсіндім. Үлкен әжелерді «кемпір» дейді. Мен «мыстан кемпірді» былай қойып, кемпір деген сөзді қолданыстан алып тастағым келеді.
Міне, Айбектің осы пікірінен проблема туды. Оның шешімін табуға барлық оқушылар қатысты. Әр оқушы өз болжамын жобаға түсіріп, алып келді. Соңынан бүкіл ұжым шағын әдеби айтыс өткізіп, бір қорытындыға келді.

Проблеманың шешімін төмендегі модельден көруге болады.

Өздерің алып жатқан білімдеріңнің (пәндер бойынша) барлығында да үңіле қарасаңдар проблема бар. Мысалы, Қазақстан тарихы пәнінде, тарих ғылымында Исатай Тайманұлы қолбасшы болған көтеріліс Шаруалар көтерілісі ретінде қарастырылып, оқытылып келді. Ал еліміз өзінің тәуелсіздігін алып, азат елдер қатарына қосылғаннан бастап, бұл көтеріліс - Ұлт азаттық көтерілісі делініп жүр. Проблема қайда жатыр, неге ол шаруалар көтерілісі емес, ¦лт азаттық көтерілісі? өз пікірің қандай, соны дәлелдеу керек. Ол үшін оқулыққа ғана үңілмей, ғалымдардың зерттеулеріне де назар аударған жөн (әр кездегі). Алдымен, Шаруалар көтерілісінің де, ¦лт-азаттық көтерілісінің де басты белгілерін саралап алған дұрыс. Әрине, қосымша материалдар, ғалымдар еңбегін, ғылыми тұжырымдарды басшылыққа алған жөн. Осы жұмысты мына үлгіде, тұжырымды түрде ғана орындап, дәптерлеріңе жазып қойыңдар.

Ескерту: Жұмысыңның аяғына пайдаланған әдебиеттер, қосымша құжаттар, ғылыми еңбектердің тізімін жазып бер.

Ал әдебиет пәнінің әр тақырыбында проблема жатыр десек, артық емес. Оның бастысы көркем шығармалардың қайсысында болмасын, қаламгер ойы, идеялық-эстетикалық мақсаты (проблематикасы) жатады. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Көкшетау», М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмаларында қалмақ қызының бейнесі бар. өздерің білесіңдер, олардың екеуін де ақындар сұлу, ақылды, қайратты, айлалы етіп бейнелейді. Олар - өз ұлтының патриоты, өз сүйгеніне берік, адал. Тіпті, Абылай да (Көкшетауда) қалмақ қызының алдында әлсіз, ол «Батыр Баянда» қалмақ қызы Баянды да, Ноянды да қармағына түсіреді. Батыр Баянды жазылмас қайғыға душар етеді.
Проблема қайда жатыр? Неге қалмақ қызын екі ақын осылай бейнелеген? Әлде олардың бейнесінде тарихи шындық жатыр ма? Оқулықтан бұл сұрақтың шешімін кездестіре алмайсыңдар. Тіпті, ғалымдар еңбегінен де оның дәл жауабын табу қиын. Бұл жерде, ең алдымен, өз болжамың, шығармаларды қабылдау дәрежелерің, тіпті эстетикалық талғамының деңгейі де көмекке келе алады. Ең бастысы, қабілет, іскерлік дағды, аналитикалық ойлау, салыстыра білу, көркем мәтінді жете түсіну, ғалымдар еңбегіне де өзіндік көзқараспен қарау, көмекке келе алады.
ХХ ғасыр басында қазақ азаматтары, оқығандары елдегі мешеулік, қараңғылықтың басты себебі – әйел теңсіздігі, қалың мал деп ұққан. Сол кездерде ұлы М.Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Адамдық негізі-әйел» деп жар салған. Қоғамдағы осы проблема С.Көбеевтің «Қалың малын», С.Торайғыровтың «Қамар сұлуын», «Кім жазықтысын» туғызған. Бұл шығармалардың басты мәселесі әйел теңсіздігін көрсету болған.
Ұзақ жылдар бойы қазақтың жазу, сызуының қай уақытта қалыптасқаны белгісіз болды. Ал, Орхон-Енисей жазуларының табылуы, оның бүкіл түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы екені дәлелденгеннен кейін бұл проблема өз шешімін тапты.
Іздену тақырыбын мұғалім ұсына алады, ал ең маңыздысы өзіңнің талдауың. Кез-келген іс-әрекет үшін оны іске қосатын құралдар керек. Ол не? Мақсат қою, іс-әрекетті жүзеге асыру үшін жоба жасау, жоспарлау; әдіс-тәсілдерді таңдап алу, оқулық, қосымша құжаттар, энциклопедия, анықтағыштармен жұмыс. Проблемаларды шешу, зерттеу іздену жұмыстарына тікелей байланысты болып келеді. Өздеріңе жол сілтеп, ақыл-кеңес беретін келесі пікір, тұжырымдарға назар аударыңдар.

(жалғасы бар)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста