Велобәйге Алматыны әлемге жаңа қырынан танытты

Алматыда алғаш рет халықаралық кәсіпқой велобәйге өтті. Дүниежүзінің 16 елінен 200-ге жуық шабандозды жинаған аламанда жерлесіміз Максим Иглинский жеңімпаз атанса, қандасымыз Руслан Тілеубаев үздік үштікке ілікті. Тағы бір жампозымыз Алексей Луценко «Үздік спринтер» номинациясын жеңіп алды. Енді бұл турнир оңтүстік астанамызда жыл сайын өтіп тұратын болады. Тіпті келесі жылы жарыс тек Әл-Фараби даңғылымен ғана емес, қаламыздың басқа көшелерімен өтуі әбден мүмкін. Биылғысы – тек бастамасы ғана.
Максим Иглинский, «Алматы турының» жеңімпазы:
– Жарыс біз үшін өте сәтті аяқталды. Алексей екеуміз бір-бірімізді керемет түсінісіп, дер кезінде тізгін алмасып отырдық. Бәсекелестеріміз де осал емес еді. Дегенмен бүгін ұлттық құраманың айы оңынан туды. Ал менің биылдыққа жарыстарым аяқталды. Енді демаламын.
Жарыстың жай-жапсарын пафосқа берілмей-ақ жазғымыз келеді. Бірақ тек теледидардан көріп жүрген дүбірлі доданы өз көзімізбен көріп, қаншалықты жоғары дәрежеде өткенін сезінгеннен кейін сезімге ерік бермеу қиын екен. Шынында да, тамаша жарысты да көрдік, керемет шоулардың да куәсі болдық. Бір сөзбен айтқанда, велобәйгені тамашалауға келген халық ерекше әсер алып қайтты.
Әлбетте, біздің де бұған дейін велобәйгелерді теледидардан тамашалағанымыз болмаса, ешбір жарыстардың басы-қасында жүрген емеспіз. Дегенмен «Тур де Франс», «Вуэльта» деп асыра сілтемей-ақ қояйық, ұйымдастырылуы мен тартыстылығы жағынан «Алматы туры» өзімен қосамжарлана өткен Италия жеріндегі «Ломбардия турынан» еш кем болған жоқ. Тек «Про тур» жарысы деген аты ғана жетпей тұрды.
Турнирдің бас демеушісі «Астана моторстың» да қосқан үлесін атап өткеніміз жөн. Командаларға техникалық қызмет көрсетуге арналған көліктерден бөлек, компания антидопингілік орталық пен фототілшілерге де арнап арнайы көлік бөлдіріпті. Барлығы да веложарыстарға қажетті құралдармен жабдықталған. Су жаңа.
– Бастамасы жаман болған жоқ. Өте керемет деңгейде өтті. Келер жылы, Алла бұйыртса, турнирді екі күнге созу жоспарда бар. Маршрутын да аздап өзгертіп, бұдан да қызықтырақ істеуге атсалысамыз. Өз тарапымыздан біз әрқашан «Алматы туры» велобәйгесіне қолдау көрсетуге әзірміз. Биыл су жаңа «Хюндай» маркалы 34 көлікті осы турнирге арнайы дайындадық. Келесі жылдары да серіктестігіміз жалғасатын болады. Негізі, өзім де велоспортқа қатты қызығатын болғандықтан, Еуропа жерінде өткен талай веложарыстардың куәсі болдым. Оңтүстік астанамыздағы аламан солардан кем деңгейде өткен жоқ, – деді турнирдің атымтай жомарты болған «Астана моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Енді жарыстың барысы туралы аз-кем баяндап өтейік. Шыны керек, Қазақстаннан бір емес, үш клуб қатысқанға, «біздің клубтар тізе қосып, қарсыластарына бірлесе қарсы тұрар» деп ойлағанбыз. Ойымызды Қазақстан велоспорт федерациясының бас директоры Александр Антышев бөлді.
– Ондай болуы мүмкін емес. Әр команда өз мүддесін көздейді. Оның үстіне, Халықаралық велосипедшілер қауымдастығының өкілдері бәрін бақылап отыр. Егер сондай күмәнді нәрсе тіркелер болса – онда абыройымыздың айрандай төгілгені. Бізден бөлек, Украинаның да екі командасы жарысқа қатысуда. Екеуі де мықты. Бірақ әр команданың өз мақсаты бар, бір-біріне көмектесу деген болмайды, – деп сендірді Александр Леонидович.
Сонымен, жарыс та басталып, алғашқы айналымнан кейін-ақ алға ұзағандар белгілі болды. Арасында ұлттық құрамамыздың екі мүшесі бар. Негізінен, алғы шепке жылдамдық қосып отырған – солар. Бірде тізгінді Максим Иглинский қолына алса, бірде Алексей Луценко көш бастап отырды. Сөйтіп, үшінші айналымға жеткенде ұзап кеткендер мен пелетонның арасында үш жарым минут құрап шыға келді.
– Болды, енді бұлар пелетонды жеткізбес. Иә, соңына қарай арттағылар да бәйгеге қосылуы мүмкін. Алайда алда келе жатқан шабандоздардың қарқындары тым қатты, – деді осы кезде журналистерге сұхбат беруге кіріскен Александр Винокуров.
Расымен де, солай болды. Тіпті соңғы айналымға жеткенде пелетон үшке бөлініп кетті. Бірақ Иглинский мен Луценко тізгіндерін тартқан жоқ. Ал мәреге он шақырымдай қалғанда Максим «қамшыны басты». Әріптесі Алексейге сенім артқан ол бәсекелестерін Луценконың бақылауына қалдырды да, өзі алға ұзап кетті. Дамыл таппай, мәреге қарсыластарынан жарты минут бұрын жетті. Ал екінші топ Әл-Фараби даңғылындағы туннельге жеткенде оларды пелетон да қуып жетті. Нағыз тартыс сол кезде басталып, шабандоздардың спринтерлік қасиеттерін де байқадық. Италиялық Сонни Колбрелли екінші орынды иемденсе, ұлттық құрамамыздың тағы бір мүшесі Руслан Тілеубаев үздік үштікті қорытындылады. Жарыс бойы жанталасып, барын салған Алекцей Луценко «үздік спринтер» атанды. Сондай-ақ Александр Винокуровтың Vino4-EVER командасы да жүлдесіз қалған жоқ. Нұрлан Смағұлов өз атынан клубқа «Хюндай» көлігінің кілтін табыстады.
Иә, осылайша «Алматы турының» алғашқы жарысы да аяқталды. Енді келесі жылғы турнир бір күндік емес, екі күнге созылуы мүмкін. Ал болашақта «Алматы турында» велошабандоздар бүкіл қаланы айнала жарысатын жағдайға жетеді. Бұл – біздің емес, ұйымдастырушылардың сөзі. «Бісмілләсі жасалды, енді тек жарысты жақсартудың жағын ғана ойластыратын боламыз», – деп Алматы шаһарының әкімі Ахметжан Есімов турнирді қорытындылады.
«Алматы турының» үздіктері
(155 шақырым)
1. Максим Иглинский (Қазақстан)
2. Сонни Колбрелли (Бардиани Валволе, Италия)
3. Руслан Тілеубаев (Қазақстан)
4. Бақтияр Қожатаев («Астана» құрлықтық командасы)
5.Эндрис Смирноис (Риетиму Делфин, Латвия)





