Велоспорт федерациясының тізгінін Қалетаев ұстады
«Самұрық қазына» ҰӘҚ-ның атқарушы директоры Дархан Қалетаев Қазақстан велоспорт федерациясының президенті болып сайланды, деп хабарлайды «Алаш айнасы» интернет-порталы ҚР велоспорт федерациясына сілтеме жасап.
Мұндай шешім кеше, Астанада өткен ҚР велоспорт федерациясының жиыны барысында қабылданды. Ал, федерациясының бірінші вице-президенті қызметіне кәсіпкер Райымбек Баталов тағайындалды.
Велоспорт федерациясының вице-президент қызметін Лондон олимпиадасының чемпионы, «Астана» командасының менеджері Александр Винокуров, Ресей атынан Атланта олимпиадасында алтын алған Зульфия Забирова және осыған дейін велоспорт федерациясында бас хатшы болған Аманбек Кульчиков атқарады.
Айта кетейік, Қазақстан велоспорт федерациясын бұған дейін басқарған Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов негізгі жұмысының қауырт болуына байланысты аталған федерация басшылығынан өткен аптада өз еркімен қызметінен кеткен еді.