Әйелдердің жуан дауыстыны таңдауында мән бар
Қыз-келіншектер жуан дауысты ер адамдарға көбірек қызығады. Бірақ канадалық ғалымдар мұндай ерлердің тұрақсыз келетінін дәлелдеді.
The Daily Mail-дың хабарлауынша, Макмастер университетінің зерттеушісі Джиллиан О`Коннор 87 әйелді қатыстырып зерттеу жүргізген. Зерттеу барысында әйелдер ерлердің дауысына қарап олардың ұзақ та тұрақты қарым-қатынасқа бейімділігін бағалаған. Соның нәтижесінде төменгі дауысты ерлердің неке мен отбасыға адал бола бермейтіні расталды. Солай бола тұра, қыздардың көбінің жуан дауысты ерлермен танысқанды қалайтыны анықталды. Д.О`Коннордың айтуынша, әйелдер жуан дауысты еркекті азғана уақыт көңіл көтеру үшін әдейі таңдауы мүмкін. Зерттеуші эволюция барысында ерлер дауысы мен өмірлік серікті таңдау талғамының өзгеріп отырғанын айтады. Сонымен бірге адамның адалдығын дауысына қарап ажырату да табиғи механизм екен. Әйелдерге өтірік айтқанда және олармен телефонмен сөйлескенде ерлердің көбі дауысын жоғарылатуға тырысатын көрінеді.