Балалық шақтағы депрессия өмір бойы сақталады
Балалық шақтағы жағымсыз эмоцияның барлығы есейген сайын адам жүрегіндегі ақауларды көбейте береді. Балаңыз жеті жасқа дейін депрессияға ұшырап үлгерсе, кейін жүрегі ауыратындардың қатарынан табылуы әбден мүмкін.
meddaily.ru
Мeddaily.ru сайтының хабарлауынша, шетелдік мамандар балалық шақтағы күйзелістің өмір бойы адам денсаулығына кері әсер ететінін анықтаған. Зерттеушілердің сөзіне сенсек, жеті жасқа жеткенше баланың басынан өткен жағымсыз жайттар мен сезім күйзелістері жүрек ауруларына шалдықтырады. Және жүрек ақаулары ондаған жылдар өткеннен кейін ғана біліне бастайды екен. Зерттеудің жетекшісі, доктор Эллисон Эпплтонның айтуынша, зерттеу жұмыстарына 40 жастан асқан 377 адам қатыстырылған. Олар жеті жылдың ішінде көптеген сынақтардан өткен. Сынақ нәтижелері балалық шақтағы күйзелістің салдары әйелдердің жүрек ауруларын – 31%, ал ер адамдарда 17%-ға асқындырғанын анықтап берген. Осылайша, соңғы 10 жылда әйелдердің жүрек талмасы 3,2 – 4,2 %-ға, ер адамдардыкі 7,3 – 8,5 %-ға өскен. Сондықтан психолог мамандар балалардың ерте кезден күйзеліске ұшырауына жол бермеу керек деп отыр. Себебі адам баласының мінез-құлқы мен сана-сезімі жеті жасқа дейін қалыптасып, өмір бойы сол қалпын сақтайтын болады.