Бір мезгілде 20 мыңнан астам жұп неке қиды
Оңтүстік Кореяда бір мезгілде 20 мыңнан астам жұп некелесті. Бұл – «Бірігу шіркеуі» діни ұйымының негізін қалаушы Мун Сон Меннің 90 жылдық мерейтойына арналған шара.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, неке қидырған жұптардың дені бұрын бір-бірімен таныс болмаған. Құжаттарындағы мәліметтер бойынша оларды шіркеу қызметкерлері жарастырыпты. «Бірігу шіркеуі» ілімін ұстанатын жастар бұған дән риза. Өйткені осы діни ағым бойынша бір-бірін көрмей-білмей шаңырақ құру – ғаламда бейбітшілік орнатудың басты жолы. Мун Сон Меннің құрметіне арналған мұндай шара Кореямен көршілес өзге елдерде де өтті. Жаппай некелесу салтанатына үн қосқандар Ресейден де табылды. Айта кетейік, «Бірігу шіркеуі» діни ағымы будданың христиандықпен ұштасатын саласы саналады. Әлемнің көптеген елдері оны секталық бірлестік деп те таниды.