Бірінші дүниежүзілік соғыстың шығыны толық өтелді
Германия Бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша репарацияларды төлеуді аяқтады. Соғыстың 70 млн евро болатын соңғы материалдық өтемақысы өткен жексенбіде төленді.
BBC News-тің хабарлауынша, репарацияны толығымен өтеу Германия мемлекеті бірігуінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша, Версаль бейбіт келісімі қабылданып, соның нәтижесінде 100 мың тонна алтынға пара-пар 269 млрд алтын марка көлемінде репарация белгіленген еді. Алайда кейін бұл сома қысқартылды, Гитлер билікке келгеннен кейін ол мүлдем төленбей қалды. 1953 жылы келісім қайта күшіне еніп, репарация екі бөліктен тұратын Германияның бірігуінен соң толық өтелетін болып шешілді. Айта кетейік, репарация соғыс шарпыған елдерге төленеді. Алайда 1992 жылы Ресей ақшадан бас тартып, оның орнына КСРО-дағы барлық германиялық меншікті иеленетін болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың репарациясы – тарихи зерттеуді қажет ететін тақырып. Көптеген ғалымдардың пікірінше, Екінші дүниежүзілік соғыстың тууына себеп болған жайттың бірі – осы. Материалдық өтемақының тым жоғары болуы неміс жетекшілерінің наразылығын туғызып, бейбіт келісімді бұзуға итермелеген.