Егеубаева әлем секс-символдарының бірі атанды
Америкалық Esquire журналы әлемнің «сексуалды атласын» жасады. Онда дүниежүзі мемлекеттері сол елдердегі ең әдемі қыз-келіншектер арқылы таныстырылған. «Сексуалды атласта» Қазақстан Республикасын таныстыру экономист әрі белгілі журналист, тележүргізуші Динара Егеубаеваға бұйырыпты.
Ерекше географиялық карта басылым редакциясының әлемдегі ең сексуалды тұлғаларға қатысты көзқарасын білдіреді. Картадан бұрын, әр елдегі көрікті тұлғалар іріктелген. Таңдау шарттарына олардың көз әдемілігінен бастап, өмірлік ұстанымдарына дейін енген. Ең әдемілер қатарында өнер жұлдыздары, сұлулық ханшайымдары, ақын-жазушылар, саясаткерлер, журналистер мен басқа да белгілі адамдар бар. Журнал ғаламшардың ең сексуалды әйелі ретінде америкалық актриса Минка Келлиді атайды. Ал Қазақстан бойынша бұл атаққа Динара Егеубаева лайық деп танылған. Бизнес пен менеджмент саласының білгірі әрі танымал тележүргізуші қазір республикалық телеарналар жарнамаларына түсіп жүр. Жер шарының «сексуалды атласында» Ресейді супермодель Наталья Водянова, Украинаны бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко, Өзбекстанды актриса Наташа Алам, Қырғызстанды жеңіл атлет Рахима Сарди, Әзірбайжанды елдің бірінші ханымы әрі ғаламның мейірімді жандарының бірі Мехрибан Әлиева таныстырады.