Ең үлкен автобус күзде пайдалануға беріледі
Германияның Дрезден қаласында ұзындығы 30 метр болатын автобус шығарылды. Ол әлемдегі ең үлкен автобус саналып отыр.
Segodnya.ua порталының хабарлауынша, бірегей көлік құралын көлік жүйесі мен инфрақұрылымын дамытушы Фраунгофер институты жасап шығарған. Көліктің ені – 2,55 метр, биіктігі – 3,4 метр. «Автотрамвай» деп аталып отырған көлік бір мезгілде 256 жолаушыны тасымалдай алады. Автобустың іштен жану двигателі мен электр моторы байланыстырылған. Соның арқасында көлік батарея зарядымен сегіз шақырымдай жүре алады. Ең ұзын автобусты басқарудың қарапайым автобустардан еш айырмашылығы жоқ. Ерекше қоғамдық көлікті Дрезден тұрғындары қазан айынан бастап пайдаланады. Қазіргі мезгілде бұл көлікке Ресей қызығушылық танытып отыр.