Есінеу мен мидың дамуы байланысты
Сәбидің есінеуі мен оның миының дамуы бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлыбританияның Дарем университетінің ғалымдары құрсақтағы 15 нәрестенің дамуын бақылап, осындай қорытындыға келді.
CBS News-тің хабарлауынша, мамандар сегіз қыз және жеті ұл шарананың дамуын жатырдағы кезінен бастап зерттеген. Жүктіліктің 24-інші, 28-інші және 32-нші апталарында олар төрт өлшемді сканерлеуден өткізілді. Дәрігер Надя Рейсслэндтің айтуынша, нәрестелер сағатына алты рет есінеп, ауыздарын 2,8 рет ашқан. 24-інші аптаға дейін нәрестелер ауыздарын жай ғана ашатын болған, 28-інші аптадан бастап, жиі есінеп, 36-ншы аптада есінеуді мүлдем доғарған. «Есінеу ұрықтың жетілу белгісі болуы мүмкін», – дейді Н.Рейсслэнд. Айта кетейік, бұған дейін өзге ғалымдар тобы шала туған нәрестелердің жиі есінейтінін айтқан болатын. Олардың тұжырымына қарағанда, есінеу есею процесімен байланысты.