Иттің отаны – Қытай
Биологтар иттердің ең алғаш шамамен 16 мың жыл бұрын пайда болғанын анықтады. Molecular Biology and Evolution журналында жарияланған тың зерттеуге сүйенсек, иттер ең алғаш Қытайда пайда болған екен.
Батыс ғалымдары мұндай мазмұндағы болжамдарын 2002 жылы-ақ жариялаған. Бірақ иттердің ең алғаш Азия аумағында өмірге келгенін айғақтайтын дәлелдер жеткіліксіз болды. Бұл жолы зерттеушілер Азия, Еуропа мен Африканы мекендейтін иттердің 1500 тұқымына генетикалық талдау жасады. Зерттеу қасқырдың 40-тан астам тұқымын да қамтыды. Нәтижесінде Янцзы өзенінің оңтүстік алабындағы қасқырлар мен иттердің генінде осы екі жануар гендерінің араласуынан болатын гаплотоптардың көптігі белгілі болды. «Бұл иттердің арғы тегі саналатын Canis lupus қасқырының дәл осы өңірді мекендегенін көрсетеді»,– дейді биологтар. Олардың айтуынша, шамамен 16 мың жыл бұрын аңшылықтан егіншілікті негізгі кәсіп ете бастаған қытайлықтардың арқасында иттер қолға үйренген. Иттердің пайда болуына қатысты жаңа зерттеу көпшілік тарапынан жоғары бағаланып отыр.