Махаббаттың генетикалық формуласы ашылды
Адамның махаббат сезімін 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеген антрополог Хелен Фишер тағы бір жаңалық ашты. Оның мәлімдеуінше, адамдар арасындағы ынтызарлық сезімнің дамуы ағзадағы гормондар деңгейіне байланысты.
Фишер адам атаулыны бойларындағы гормон деңгейіне қарай төрт түрлі типке бөліп отыр: зерттеушілер, құрылысшылар, жетекшілер және келіссөзшілер. Ғалымның айтуынша, егер адамның бойында дофамин гормоны доминантты рөл атқарса, ол «зерттеуші» типіне жатады. Ол өмір бойы өзгелермен қарым-қатынасын саралаумен болады. Кез келген нәрсеге ұзақ бас қатырумен бірге, бір жаңалыққа ұмтылғыш келеді. Мұндай адамдар кейде өмірлік серігін жалықтырып жіберуі мүмкін. Ал егер адамның бойында серотонин гормоны басым болса, ол сабырлы, әрі сенімді келеді. Фишер мұндай адамдардың отбасын жақсы құра білетінін айтады. Тестостеронның жоғары деңгейі адамды «жетекшілікке» итермелейді. Махаббатта жолы бола бермейтіндер де – осылар. Өйткені кеудемсоқтықты көтере білетіндер аз. Бойында эстроген гормоны көп адамдар, негізінен – шығармашылық өкілдері. Бұлар сүйген адамдарымен өзара пайдалы түсіністікке ұмтылады. Сөйтіп, жарасымдылықты сақтай алады.