Өмір сүру ұзақтығы жөнінен Гонконг әйелдері көш бастайды
Әйелдерінің ұзақ жасауы жөнінен Гонконг әлем бойынша алғашқы орынға шықты. Осы кезге дейін 26 жыл қатарынан бұл көшбасшылық Жапониядан ауыспай келген еді.
The Japan Times басылымының хабарлауынша, Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі 2011 жыл бойынша әлем елдері тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы туралы мәліметтерді жария еткен. Бұрын Жапония әйелдерінің өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 86,3 жас болатын. 2011 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 85,9 жасты құрады. Ал Гонконг әйелдерінің орташа өмір сүру жасы 86,7 жылға жетті. Сөйтіп, соңғы ширек ғасырда тұңғыш рет жапониялық әйелдер өмір сүру ұзақтығы жөнінен көш бастамайтын болды. Ерлердің ұзақ жасауы бойынша да Гонконг алдыңғы орынға шығып отыр. Бұл елде ерлер орташа есеппен 80,5 жас жасайды. Өмір сүру ұзақтығы жөнінен Гонконгтан кейінгі орындарда Швейцария мен Исландия халқы тұр.