Қос құрлық қосылуға таяп қалды
Африка бірте-бірте Еуропаға қосылуға жақындап келеді. Еуропалық геофизиктер миллиондаған жыл ішінде Африканың тектоникалық плитасының солтүстік жағы Еуропа құрлығы плитасына кіріге бастағанын айтып отыр.
Бұл мәселе Геология ғылымдарының еуропалық одағы конференциясында талқыланды. Утрехт университеті зерттеушілерінің сөзіне қарағанда, солтүстікке жылжыған құрлықтың Еуропаға кірігуі салдарынан Жердің мантиясына қарай ойысуы да байқалған. Сондай-ақ Еуразиялық плитаның оңтүстік жағы да Жерорта теңізі арқылы Африкаға қарай жылыстап келеді. Компьютерлік модельдеу әдісі бойынша бұл құбылыстың нәтижесінде субдукция аймағы, яғни мантияға қарай ойысқан аумақ пайда болатыны болжанып отыр. Ғалымдардың жуырдағы сейсмикалық бақылауының қорытындысы да осыған саяды. Бірақ мамандар Жерорта теңізі аумағында Тынық мұхитына қарағанда цунамиден қауіп аз дейді.