Құстардың әні өзгерді
Соңғы 40 жыл ішінде құстар бұрынғыдан баяу әрі ұзағырақ ән шырқайтын болған. Мұны АҚШ-тың батысындағы ормандарда зерттеу жүргізген Швейцарияның Лозанна университетінің орнитологтары анықтады.
Зерттеу тобының жетекшісі Элизабет Дериберидің айтуынша, 1966 жылы Калифорния орманына құстар дыбысын жазатын арнайы қондырғы орнатылған. 2000 жылы алынған таспаға талдау жасалып, толық зерттелді. Нәтижесінде әнші құстардың ондаған жылдар бұрынғыдай емес, әуезді, мұңды әрі созылтып шырқайтыны белгілі болды. Мәселен, 60-жылдардың соңындағы таспада бозторғайлар жылдам әрі қысқа шықылықтаған болса, кейінгі кезеңдерде олардың шырылы секундына бір-екі дірілге азайған. Басқа да құстардың әндету қарқыны бәсеңдеген. Элизабет Дериберидің пікірінше, бұған әнші құстардың тіршілік ету ортасының тым шулы болып бара жатқаны себеп.