Шегірткенің аталығы нағыз еркек екен
Англияның Эксетер университетінің биологтері қара шегіртке аталығының нағыз джентльмен екенін анықтады. Ғалымдардың айтуынша, ұрғашыны мәпелеуге келгенде бұл жәндіктер алдына жан салмайды.
Биологтер бірнеше қара шегірткені алып, инфрақызыл камераның және микрофонның көмегімен олардың тірлігін бақылаған. Зерттеу барысында жәндік аталығының ешқашан жалғыз өмір сүргісі келмейтіні анықталды. Оның үстіне, шегірткенің аталығы аналық жәндіктерді нағыз рыцарьларша қорғайтын болып шықты. Олар нәзік сыңарларына алдымен жол беріп, ерекше қамқорлық көрсетеді екен. Қиын жағдайда олар дұшпандарымен жалғыз күресіп, қауіп сейілмейінше, аналықты інінен шығармайды. Шегірткелердің жұп болып өмір сүруі олардың тіршілік үшін күреске төзімділігін алты есе арттыратын көрінеді. 3-4 сағат ішінде 50-58 рет шағылысатын қара шегірткелер жұбы бұл жөнінен де жәндіктер арасында рекордқа ие.