Семіздер тыныс алғанда метан мен сутегі көп бөлінеді
Адамның ішек микробтары бөлетін газ оның семіздік ауруының көрсеткіші болуы мүмкін. Сондықтан америкалық дәрігерлер мұны анықтау үшін адамның тыныс алуын тексеруді ұсынады.
Бұл туралы Live Science басылымына сілтеме жасаған Мeddaily.ru порталы хабарлады. АҚШ-тың Седарс Синай медициналық орталығының дәрігері Рачи Матур бастаған ғылыми топ адамның семіздік ауруын Methanobrevibacter smithii микробынан білуге болатынын айтады. Бұл микроағза өзге бактериялар бөлетін сутегімен қоректенеді. Осы микробтың әрекетінен адам ағзасы ас калориясын түгел сіңіріп алатын болады, яғни ферментация күшейеді. Ғалымдар 792 адам қатысқан зерттеудің нәтижесінде аталған микробтың бар-жоғын адамның тыныс алуынан аңғаруға болатынына көз жеткізді. Дене салмағының индексі жоғары, майлы ұлпасы көп адамдар тыныс алғанда метан мен сутегі концентрациясы көп бөлінеді екен.