Жүктілікке қарсы дәрілер талғамды өзгертеді екен
Жүктіліктен сақтайтын дәрі-дәрмектер әйелдердің ерлерге қатысты талғамын өзгертеді. 18-24 жас аралығындағы қыз-келіншектер қатысқан зерттеудің нәтижесінде контрацептивтердің ерекше бір қасиеті белгілі болды.
Мeddaily.ru порталының хабарлауынша, респондент әйелдер екі рет – гормон қолданғанға дейін және дәрі іше бастағаннан үш айдан соң тестілеуден өтті. Оларға ерлердің фотосуреттері көрсетілді, қыз-келіншектер өздеріне ұнайтын типтерді, нағыз еркекке тән кескіндерді ажыратуы тиіс болды. Зерттеудің нәтижесі мынадай: жүктіліктен сақтайтын препарат қолданғанға дейін әйелдердің дені «нағыз еркек» деуге келетін типтерді таңдаған болса, контрацептив қолданып жүрген уақытта онша сымбатты емес, нәзік келген жігіттерге басымдық бергені аңғарылды. Ғалымдар жүктілікке қарсы препараттар қыз-келіншектердің ерлерге көзқарасын өзгерткен болуы мүмкін деген қорытынды жасап отыр.