Ақмола облысында ірі жол апатынан үш адам қаза тапты
Ақмола облысында үш көлік соқтығысқан ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 сәуір күні түскі сағат 14:10 шамасында Көкшетау – Атбасар тасжолында болған жол апаты кезінде соққының қатты болғаны соншалық, шағын автобус жарылып, жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында мерт болған.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары «Көкшетау-Атбасар» тас жолында болған кезекті жол апатына куә болған.
«Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары алдын ала болжам бойынша шамамен 13:59-да «Ваз 2110», ГАЗель» және «Фольксваген Гольф» көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын анықтады. Қатты соққы салдарынан «ГАЗель» көлігіндегі газ баллоны құрылғысы жарылып кеткен.
Жол-көлік апаты салдарынан Volkswagen көлігіндегі екі жолаушы мен жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған. Сондай-ақ, «ГАЗель» автокөлігінің жолаушысы түрлі деңгейдегі дене жарақатымен Атбасар аудандық ауруханасына жеткізілді», – делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағы «Көлік басқарушы тұлғаның жол қозғалысы ережесін бұзып адам өліміне себеп болуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Тәртіп сақшылары барлық жол қозғалысы қатысушыларын жолда өте сақ болуға шақырады.