Шымкентте тағы бір автобус апаты болды
Шымкентте тағы бір жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. №103 бағыттағы қоғамдық көлік Бәйтереков көшесі бойындағы бағанаға соғылған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 13 маусым күні күндізгі уақытта Халыққа қызмет көрсету орталығы маңында болған.
«Отырар» телеарнасындағы «Шұғыл шақырылым» бағдарламасының тілшісі оқиға орнынан табылып, апатқа ұшыраған автобус жүргізушісімен тілдесті. Ер адамның айтуынша, ол бағанаға әдейі соқтығысқан. Әйтпесе мұның соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін еді. Себебі көліктің тежегіші істен шыққан екен.
Жол апаты кезінде автобус ішінде жүргізушіден бөлек жолаушылар да болған. Абырой болғанда олар зардап шеккен жоқ.
«Осындай қадам жасауыма тура келді. Жолдан шығып, бағанаға қарай рөлді бұрдым. Траекторияны есептеп, соған соғылдым. Әйтпесе басқа көліктерге соғылып, үлкен жол апаты болуы мүмкін еді»,-деді автобус жүргізушісі.
Еске салсақ, 8 сәуір күні Шымкентте жүргізуші басқаруынсыз болған №21 бағыттағы жолаушылар автобусы өздігінен жүріп кетіп, 6 адамды қағып кеткен болатын. Оның бесеуі көз жұмды. Оқиға бүгін автобус апатқа ұшыраған Бәйтереков көшесі мен Назарбеков көшесінің қиылысында болған. Жантүршігерлік жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлердің ресми мәліметі бойынша, жүргізуші автобусты жол бойында қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткен. Оқиға болған күні автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.